Жұмыла көтерген жүк жеңіл

Жұмыла көтерген жүк жеңіл

Арқалық қаласының әкімі Әмірхан Біркенұлы Асанов «Қостанай таңы» газетінің директор-бас редакторы Кенжеш Оразғалиқызын қабылдады.

Әкім шаһардың бүгінгі дамуы мен болашақ бағыттары туралы кеңінен ақпарат берді.

«Біздің басты мақсат – қала тұрғындарының өмір сапасын жақсартып, Арқалықтың әлеуетін жаңа деңгейге көтеру. Облыстық «Қостанай таңы» газеті қаланың әлеуметтік-экономикалық тынысын, өзекті мәселелері мен жетістіктерін үздіксіз жариялап келе жатыр. Басылым өңір өміріндегі маңызды оқиғаларға дер кезінде үн қосып, билік пен халық арасындағы ақпараттық көпір рөлін атқара береді деп сенімін», – деді Әмірхан Асанов.

Газеттің бас редакторы журналистердің жедел әрі шынайы материалы оқырман сенімін нығайта беретінін айтты.

«Арқалықтағы оң өзгерістерді, әсіресе, инфрақұрылым, кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы салаларындағы жаңалықтарды халыққа уақытыдк жеткізу – біздің басты міндетіміз. Әкімдікпен ашық диалог форматында жұмыс істеу ақпараттың дәл әрі түсінікті болуына мүмкіндік береді. Қаланың даму қарқынын көрсету арқылы біз тұрғындардың үміті мен сенімін нығайтуды көздейміз», – деді Кенжеш Оразғалиқызы.

Әмірхан Біркенұлы да ақпараттық қолдаудың маңызын атап өтті.

«Қаланың дамуы жолындағы жұмыстарды халыққа жеткізуде журналистердің еңбегі зор. Бірлесе атқарған қызмет қашанда нәтижелі», – деген лебізін білдірді.

Газеттің басты мақсаты – өңір тұрғындарының үніне айналу, ел ішіндегі мәселелер мен ұсыныстарды осылайша билікке жеткізуге дәнекер болу.

«Газет – халық пен билік арасындағы алтын көпір. Біз үшін әр оқырманның пікірі маңызды. Егер сіздің көкейіңізде жүрген сауал, мәселе немесе ұсыныс болса, бізге жазудан тартынбаңыз. Газетіміздің көрсетілген WhatsApp нөміріне +7 771 213 7202 жолдай аласыз. Біз міндетті түрде назарға аламыз», – деп бұл жөнінде «Қостанай таңы» газетінің директор–бас редакторы Кенжеш Оразғалиқызы өңірлік іссапарлары барысында айтып келеді.

Бұл бастама – жергілікті журналистиканың қоғаммен тікелей байланысын нығайтып, өзекті мәселелерді уақтылы көтеруге мүмкіндік бермек.