Майлиндік спортшы әлем чемпионатынан олжалы оралды

Майлиндік спортшы әлем чемпионатынан олжалы оралды

Бейімбет Майлин ауданының қоржынына елеулі жүлде түсті. Шебер спортшы Аян Өтетілеуов Абу-Даби қаласында (БАӘ) джиу-джитсудан өткен әлем чемпионатында өңір намысын абыроймен қорғады. Дүниежүзілік додада күміс медаль жеңіп алды.

Джиу-джитсудың хас шеберлері әлемнің түкпір-түкпірінен жиналған. Бұл – бәсекелестік деңгейі аса жоғары болды деген сөз. Соған қарамастан, Аян іріктеу кезеңдерінен мүдірмей өтіп, әбжілдігін, төзімділігін, қайсар мінезін танытты. Мамандар оның әр жекпе-жегін турнирдегі ең көрнекті белдесу деп бағалады.

Финалда ол қазіргі әлем чемпионымен бозкілем бөлісті. Оңайлықпен дес бермей тіресіп, шиеленісті сәттерде ғана есе жіберді. Осылайша, екінші тұғырдан көрініп, күмістен алқа тағынды. Аян бұл нәтижені жеке бастың жеңісі ғана емес, жанынан табылған барлық қамқор жанның ортақ олжасы екенін айтады.

            «Әр күнгі жаттығу, әр ақыл-кеңес, отбасымның, достарымның, жерлестерімнің қолдауы — бәрі менің әлемдік деңгейге шығуыма ықпал етті. Әсіресе “Варваринское” АҚ басшылығына шын жүректен алғыс айтамын. Олардың сенімі, көмегі және маған артқан үміті үлкен рөл атқарды. Әлем чемпионатына қатысуым осы қолдаусыз мүмкін болмас еді. Бұл медаль — әрқайсыңыздың еңбегіңіздің нәтижесі. Бұл күміс — бәріміздің ортақ жеңісіміз. Маңдай тердің өтеуі», — дейді спортшы.

Айта кетейік, спортшының өзі де сөз еткендей, әлемдік бәсекеге қатысуына «Варваринское» АҚ қомақты қолдау көрсеткен. Компания сапардың барлық шығынын — ұшақ билеті мен тұрғынжай қаражатынан бастап, тіркеу мен қажетті жарналарға дейін  толықтай өз мойнына алған. Бұл қолдау-демеу Аянның бар ықыласын еш алаңсыз дайындық пен жарысқа бөлуге жол ашты.blank

Аянның жеңісі — тұтас аудан үшін үлкен мақтаныш. Оның табысы жас буынға шабыт сыйлап, күреске деген қызығушылықты арттыра түсері сөзсіз. Бұл жетістік Майлин ауданында да әлемдік белесті бағындыратын нағыз чемпиондар өсіп келе жатқанын дәлелдейді.

Ж.Балғынбекұлы