Мұнда құны 225,7 млн теңгені құрайтын заманауи жабық хоккей корты салынып жатыр. Корттың жалпы аумағы – 2,2 мың шаршы метр. Бір ауысымда 30 адамға дейін қабылдай алады.
Нысан хоккей мен шорт-тректі дамытуға арналған. Тұрғындар үшін коньки тебу ұйымдастырылады.

Жаз мезгілінде мұнда түрлі ойын спорт түрлерінен секциялар мен жарыстар өткізуге болады.

Осылайша, корт жыл бойы үздіксіз жұмыс істеп, тұрғындардың бос уақытын тиімді өткізуге үлкен мүмкіндік береді.
Жаңа спорт нысанына облыс әкімі Құмар Ақсақалов арнайы барып, спортшылармен кездесті. Әкім аталмыш корттың маңызын атап өтіп, бұл нысан Қарабалық тұрғындары үшін спортқа деген қызығушылықты арттыратын тартылыс орталығына айналатынына сенім білдірді.

«Мемлекет басшысы бұқаралық спортты дамыту мен салауатты өмір салтын насихаттауға ерекше мән беріп келеді. Осы бағытта Қостанай облысында ауқымды жұмыстар қолға алынды. Соңғы екі жылда өңірде 24 спорт нысаны бой көтерді. Оның ішінде 13 дене шынықтыру-сауықтыру кешені, жабық ат манежі, 4 жабық хоккей корты, күрес залы және спорт интернаты бар», – деді әкім.

Спортшылар жаңа спорт киімдерін алып, алғыстарын білдірді.
Айбек ЖҮЗБАЙ
Суреттерді түсірген Бердіболат Көркембаев
