Ауыл тұрғындары да қолындағы тұрмыс қалдығын үйіндіге беталды лақтыра салмайтын болған. Көп қабатты тұрғын үйлердің жанында сұрыптап тастауға арнаулы жәшіктер пайда бола бастады. Қазірдің өзінде аудан орталығынан айына 2,5 тоннаға жуық қоқыс-қалдық шығарылады.
Алдағы уақытта олардың санын әкімдік тарап көбейтуді жоспарлап отыр. Аудандық «Жылу» коммуналдық кәсіпорынының директоры Марат Танылов Қарабалық ауданына жұмыс сапарымен барған облыс әкімі Құмар Ақсақаловқа арнаулы қоқыс полигоны жеке кәсіпкерден қайтарып алынғанын баяндады. Ол аумақ үш гектар жерді алып жатыр.

«Қазір қоқыс төгетін жер толық дайын болды деп айтуға болады. Қажетті тасып тиейтін техникалар сатып алынды. Полигонның жан-жағы қоршалып, бір бөлігіне жылы гараждар салынды. Ол жерге қоқысты сұрыптап төгу белілі бір кәсіпкердің құзырына бекітілді. Бұл азаматтар әзірге пластик өнімдерін тасмалдаумен айналысады. Темір контейнерлерді жөнелту біздің мекеменің құзырында», – дейді Марат Танылов.
Облыс басшысы коммуналдық қызметтің бағасын екі жаққа да тиімді реттеуді тапсырды.

«Сіздердің бұл істеріңіз басқа аудандарға тамаша үлгі болып отыр. Баға жағын осы бастан ойлану керек. Коммуналдық қызмет құнын төмендету үшін мемлекеттен арнайы субсидия қарастырылған», – деді облыс басшысы.
Айбек ЖҮЗБАЙ
Суреттерді түсірген – Бердіболат Көтркембаев
