2024 жылы «Ауыл» партиясының бастамасымен және С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінің қолдауымен Астанада ЖОО және колледж студенттері арасында алғашқы рет «Ауыл ойындары» ұйымдастырылған еді. Биыл бұл игі бастама жалғасын тауып, дәстүрлі спорттық жарысқа айналды.

2025 жылы еліміздің барлық өңірлерінде жеті спорт түрі бойынша аймақтық турнирлер өтіп, асық ату, ләңгі тебу, тоғызқұмалақ, қазақша күрес, арқан тарту, садақ ату, футзал сынды ұлттық және танымал спорт түрлері студенттер арасында кеңінен насихатталды. Аймақтық кезеңдердің жеңімпаздары республикалық финалда бақ сынау мүмкіндігіне ие болды.

Турнирдің негізгі мақсаты – оқу орындары арасындағы ынтымақтастықты арттыру, жастар арасында салауатты өмір салтын кеңінен насихаттау, ауылдық жерлерде ұлттық спорт түрлерін дамытуға үлес қосу және жастарды ұлттық құндылықтарға баулу болып табылады. Биылғы додаға еліміздің 64 жоғары оқу орны мен колледждерінен 500-ден астам студент қатысып, өз шеберліктерін көрсетті.

Осы ауқымды жобада Қостанай өңірінің намысын абыроймен қорғаған жеңімпаз мерген қызымыз – Атамбозова Кенже. Ол Көкшетауда өткен «Ауыл ойындары-2025» облыстық кезеңінде мергендік бойынша бірінші орынды жеңіп алып, республикалық финалға жолдамаға ие болды.

Астана төрінде өткен финалдық кезеңде Кенже өз кәсіби шеберлігін танытып, қарсыластарының бәрінен оза шауып, қыздар арасында 1-ші орынды иеленді. Бұл – Қостанай өңірі үшін зор жетістік, жас спортшының еңбегі мен талантының айқын дәлелі.

Жас мергеннің жеңісі – тек жеке табыс емес, сонымен бірге өңір жастарының ұлттық спортқа деген қызығушылығы мен әлеуетінің жоғары екенін көрсетеді.

«Ауыл» партиясының Қостанай өңірлік филиалы Кенженің жеңісімен шын жүректен құттықтап, болашақта да биік белестерді бағындыруына тілектестік білдіреді.

