Бүгін Қостанайда облыстық ҚХА жанындағы Ақсақалдар кеңесі мен Аналар кеңесінің рухани және отбасылық құндылықтарды нығайтуға бағытталған форумдары өтті.
Кездесулерде қос кеңестің бір жылда атқарған жұмысы қорытындыланды. Аймаққа қарасты аудандар мен қалалардан делегациялар келді. Өңірдің маңдайалды ақсақалдары, данагөй, батагөй қариялар, ардагерлер қатысты.

Форумның ресми бөлімінде облыстық Қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Қайрат Қазез алғаш болып сөз алып, жылы лебізін білдірді.

«Бүгін қазақ халқы үшін ерекше күн. 1885 жылы 25-қарашада ұлт көсемі, алаштың арда азаматы Міржақып Дулатұлы бабамыз дүниеге келді. Осындай ерекше мәнге ие күні басқосып, маңызды тақырыпта форум өтіп жатқаны қуантарлық жағдай. Биыл шілде айында біз елордаға барғанбыз. Сол кезде қостанайлық Ақсақалдар кеңесінің жұмысы республика деңгейінде өте жақсы бағаға ие болды. Игі нәтиже сіздердің ақыл-кеңестеріңіз бен бірлескен еңбектің жемісі», – деді Қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Қайрат Қазез.
Қостанайдағы облыстық Ақсақалдар кеңесі 2022 жылы ел Президентінің Ұлттық құрылтайдағы тікелей тапсырмасы негізінде ҚХА жанындағы консультативтік орган ретінде құрылған.
Кеңес облыстың 16 аудан, 4 қаласында және 21 ауылдық округінде жұмыс істеуде. Облыстық ардагерлер ұйымының мүшелері, белсенді, беделді азаматтар ақсақалдар кеңесінің қызметін жандандыруға жұмыла үлес қосуда. Кеңес мүшелері жыл бойы жүзден аса кездесулер ұйымдастырған.
«Адал азамат – ұлт келбеті» жобасы аясында түрлі басқосулар, көшпелі кездесулер, шеберлік сабақтары және жастармен еркін форматта сұхбаттар өткізген. Соның бір сыпырасын газетімізде жаздық та.

«Ұлтымыздың құндылықтарын жеткіншектерге түсіндіру мақсатында жас буынға жөн сілтеп, өмірлік тәжірибе, ақыл-кеңестеріңізбен бөлісіп отырғандарыңыз өте орынды. Алтын уақыттарыңызды бөліп, қоғамдық жұмысқа араласып жүргендеріңізге алғыс айтамын. Мінекей, бір жыл көлемінде сіздер мен біздер аудан, қала, ауылдарда жүйелі жұмыс атқардық», – деді Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Қалқаман Жақып.
«Ардагерлер ұйымы» РҚБ Қостанай облыстық кеңесінің төрағасы Батырбек Ахметов өз сөзінде аймақтағы ақсақалдардың мақсаты бір – ел бірлігін нығайту, жастардың тәрбиесін жолға қойып, қарттардың өнегелі өмірі дәріптеу екенін баса айтты.

Осылайша «Ардагерлер ұйымы» РҚБ Қостанай облыстық филиалы мен облыстық ҚХА жанындағы Ардагерлер кеңесі бірлескен жұмысты одан әрі жетілдіру, отбасылық тәрбиені нығайту, әке рөлін арттыру мақсатында меморандумға қол қойды.

«Облысымызда 140 мыңдай зейнеткер бар. Соның 106 мыңы ардагерлер ұйымының есебінде тұр. Ол кісілердің тұрмыс-тіршілігіне қарайласып, азғантай болса да көмек беру мақсатында жанашырлық жасасақ деген ниетіміз бар. Бұл ой Атырау облысында бастау алып, қазір бағдарлама ретінде жүзеге асып жатыр. Біздің өңір де үн қосады деп сенемін. Былтырдан бері «Аналар кеңесі», «Әжелер алқасы» құрылды. Бұл бағыт бойынша да жақсы жұмыс істеп жатқан аудандар бар», – деді «Ардагерлер ұйымы» РҚБ Қостанай облыстық кеңесінің төрағасы Батырбек Ахметов.
Қазақстанның Құрметті журналисі, қарымды қаламгер Жанұзақ Аязбеков аға буын мен жас толқын арасындағы байланыстың қаншалықты берік орнағаны туралы орынды мәселе көтерді.

«Аға ұрпақтың иығына түсіп отырған ауыртпалық өте үлкен. Айталық, бізде, қоғамда бір мәселе бар. Ол – ұрпақтар сабақтастығы. Жастар бізді тыңдай ма? Жастарға біздің тәжірибеміз қаншалықты керек? Олар бізді тыңдауға ықыласты ма? Осы тұрғыда бізге ашық әңгімелескен дұрыс па деймін келешекте. Жастармен байланыс болған кезінде осы сабақтастық шамалы үзіліп қалған секілді. Біз тек қана ресми кездесу өткізумен шектелеміз. Оның бәрі сөз жүзінде болғанымен жүрекке жетпей жатса, ең қиыны сол. Қазір ұлттық құндылықтар алмасты. Ұлттық дәстүрлеріміздің бәрі басқаша реңк беріп жатыр. Жастар соны қаншалықты алып кетті? Ұлттық дәстүрді бойына сіңіріп жатыр ма, жоқ па? Кешегі аға ұрпақты жақсы дағдыларын бойына сіңірді ме? », – деді Жанұзақ Аязбек.
Форум туралы толық ақпаратты газетіміздің алдағы санынан оқи аласыздар.
Қымбат ДОСЖАНОВА
