ТЖД баспасөз қызметінің хабарлауынша, Жангелдин ауданында жоғалған ол екі күн бұрын мал іздеймін деп мотоциклмен шығып, белгісіз бағытқа кетіп қалған. Байланыстың болмауы іздестіру жұмыстарын айтарлықтай қиындатқанға ұқсайды.
«Іздестіру жұмыстарына ТЖМ құтқарушылары мен күштері жұмылдырылды. Бұдан бөлек, жергілікті атқарушы органдар, полиция қызметкерлері және ауыл тұрғындары да қатысты. Іздеу-құтқару тобының жедел және үйлесімді әрекеттерінің арқасында азамат аман-есен табылды», – деп хабарлайды ТЖД баспасөз қызметі.
ТЖМ-нің қызметкерлері азаматты Жангелдин ауданы Шилі ауылынан 35 шақырым қашықтықтағы Ақжар елді мекенінің маңындағы ашық даладан тапқан.
«Азаматтын денсаулығына қауіп жоқ, медициналық көмекті қажет етпейді. Шалғай аймақтарға шыққанда, жақындарыңызға өз бағытыңызды және болжалды қайту уақытыңызды міндетті түрде хабарлаңыз. Бұл сіздің өміріңізді сақтап қалуға көмектеседі», – деп ескертеді ТЖМ.
