“Жарқын жаз” жобасы басталды

“Жарқын жаз” жобасы басталды

Қостанайда 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні қарсаңында “Жарқын жаз” жобасы басталды. Бұл жоба Қазақстан халқы облыстық Ассамблеясының бастамасымен биыл екінші рет ұйымдастырылып отыр.

Жаңа жоба былтыр алғаш рет өткен еді. Балалардың көңілінен шыққан соң биыл тағы да жалғасын тауып отыр. Алдағы күндері қаланың сегіз жерінде, яғни, әртүрлі шағын аудандарда “Жарқын жаз” жобасының көңілді қойылымы кішкентай көрермендердің назарына ұсынылмақ.

– Балалардың бос уақытын мәнді де мағыналы өткізуге үлес қосу үшін жобаны қолға алдық. Қазіргі балалар шетелдік мультсериалдардың кейіпкерлерін жақсы біледі. Ал өзіміздің Алдар көсені дұрыс танымайды. Сондықтан, қазақ ауыз әдебиеті мен ертегілерінің кейіпкерлерін балғындар арасында насихаттағымыз келеді. Осындай идеологияны ұстанып, жас буынның санасына ұлттық құндылықтарымызды сіңірсек жақсы емес пе, – деді “Қоғамдық келісім” мемлекеттік мекемесінің басшысы Наталья Рамазанова.

Жобаның бірінші іс-шарасы қаланың орталық алаңында, ашық аспан астында өтті. Оған этномәдени бірлестіктер мүшелерінің балалары, мектеп оқушылары мен балабақша тәрбиеленушілері қатысты. Балалар арасында алуан түрлі байқаулар, жарыстар ұйымдастырылды. Өнерпаздар ән айтып, күй тартты. Кеш соңында қатысушыларға тәтті сыйлықтар таратылды. Әсіресе, неміс этномәдени бірлестігі ұсынған екі жүз дана балмұздақты балалар таласа-тармаса бөлісіп алды.

Қымбат ДОСЖАНОВА

Суреттерді түсірген Бибіт НҰРМҰХАНОВ

Жаңалықтармен бөлісу