Орал қаласында Қазақстан мен Ресей мемлекеттері арасындағы XXI өңіраралық ынтымақтастық форумы өз жұмысын бастады. Екі күндік жиынға екі елдің мемлекеттік органдарының өкілдері, кәсіпкерлер, сарапшылар, жастар ұйымдарының көшбасшылары мен қоғам қайраткерлері, Астана, Алматы, Шымкент қалалары мен барлық өңірлердің әкімдері қатысып жатыр.
Қазақстан мен Ресей арасындағы өңіраралық ынтымақтастық форумы – екі ел арасындағы тату көршілік пен өзара сенімнің нақты көрінісі. Форумның басты мақсаты – өңірлер арасындағы әлеуметтік, экономикалық, мәдени және гуманитарлық байланыстарды тереңдету, сондай-ақ жастардың, кәсіпкерлердің және азаматтық қоғам өкілдерінің белсенді өзара іс-қимылын дамыту.

Айта кетейік, биыл бұл форум жиырма бірінші рет ұйымдастырылуда. Сонымен қатар, Қазақстан-Ресей іскерлік кеңесіне 10 жыл толып отыр.
Форумда облыс әкімдерінің арасында Құмар Ақсақаловқа сөз берілді. Өңірдің индустриялық даму қарқыны мен инвестициялық жобалар туралы баяндама жасап, экономикалық жетістіктерімен бөлісті. Құмар Іргебайұлының айтуынша, Қостанай облысы бүгінде Қазақстанның қарқынды дамып келе жатқан өңірлерінің бірі саналады. Өткен жылы облыс экономикасының өсімі 8,3 пайызды құраса, биылғы жылы 7 пайыздан астам өсім күтілуде. Соңғы 10 жылда өңірдің еңбек өнімділігі 4 еседен астамға артқан.

«Бұл жетістіктер – тікелей инвестициялар мен жаңа өндірістердің нәтижесі. Соңғы үш жыл ішінде облысқа 3,8 млрд АҚШ доллары көлемінде инвестиция тартылды, оның 1,5 млрд доллары – тікелей шетелдік инвестициялардың үлесі», – деп атап өтті облыс әкімі.
Қостанайда ашылған және іске қосылуға дайын бірнеше ірі кәсіпорын аймақтың өнеркәсіптік әлеуетін жаңа деңгейге көтеруде. Мәселен, былтыр іске қосылған «KamLitKZ» зауыты жүк көліктеріне арналған қозғалтқыш блоктары мен бас бөлшектерін шығарады. Биыл $300,1 млн инвестиция көлеміндегі жүк көліктеріне арналған жетекші көпірлер шығаратын жаңа зауыт іске қосылады. Сондай-ақ, әлемге әйгілі Kia компаниясының толық циклді автозауыты жұмысын бастап, 1500 жаңа жұмыс орнын ашты. Барлық өндіріс орындары заманауи жоғары технологиялық жабдықтармен қамтылған, роботтандырылған және цифрлық басқару жүйелері енгізілген.
«Құрметті, Қасым-Жомарт Кемелұлы, сіздің тапсырмаңызға сәйкес, еліміздің географиялық жағдайын ескере отырып, жылына 400 мың контейнер немесе 11 млн тоннадан астам жүк өңдеуге қауқарлы көліктік-логистикалық кешеннің құрылысы жүріп жатыр. Бұл нысан Қазақстандағы Ақтау теңіз порты мен Алтынкөл құрғақ портынан кейінгі үшінші халықаралық «құрғақ порт» болмақ. Оның іске қосылуы жүк тасымалы көлемін тағы 20 пайызға арттыруға мүмкіндік береді», – деді Құмар Ақсақалов.
Өңірде кен өндіру және өңдеу, ауыл шаруашылығы, сүт және астықты терең өңдеу салаларында жалпы 5,2 млрд АҚШ долларына 76 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Құмар Ақсақаловтың айтуынша, бүгінде жаңа өндірістерде жұмыс істейтіндердің 55–70 пайызы – 35 жасқа дейінгі жастар. Бұл – болашақтың тенденциясы.
«Қазіргі заманғы зауыттарда тек токарьлар мен дәнекерлеушілер ғана емес, жоғары технологиялық кешендердің операторлары, бағдарламашылар мен робототехника мамандары еңбек етеді. ХХІ ғасырдың еңбек адамы – ақылды, сауатты және шығармашылық тұлға. Оның еңбегі – бұл Отанға қызмет ету, ұлттық мақтаныш пен қоғамның тірегі», – деді облыс әкімі.
Жастарды жұмысшы мамандығын таңдауға ынталандыру мақсатында өңірде «Қостанай жастары» бағдарламасы іске қосылған. Бағдарлама аясында жас мамандарға жеке тұрғын үй сатып алу үшін 6 пайыздық жеңілдікті ипотека беріледі.
Облыстың жоғары оқу орындарында әлемнің жетекші университеттерімен бірлескен қос дипломды білім беру бағдарламалары ашылды. Басым бағыттар – ақпараттық технологиялар, машина жасау, металлургия, энергетика және құрылыс салалары.
Оралда өтіп жатқан форум екі ел арасындағы достық пен өзара сенімнің нығаюына, жаңа буын мамандарын даярлауға, аймақтық экономикалық серіктестікті тереңдетуге бағытталған маңызды алаңға айналды.
Форумның басты идеясы – жастар мен инновацияның, технология мен еңбектің бірлігінде. Қазақтың «Жас келсе – іске!» деген нақылы бүгінде жаңа мәнге ие болып отыр: жастар – болашақтың қозғаушы күші, ал еңбек адамы – елдің ең басты капиталы.

Облыс әкімнің баспасөз қызметі
