Қарасу ауданының әкімдігі тазалық акциясын қатаң бақылауға алды

Қарасу ауданының әкімдігі тазалық акциясын қатаң бақылауға алды

Былтыр Мемлекет басшысының тапсырмасымен ел бойынша «Таза Қазақстан» жобасы бастау алды. Оған ауыл мен қаланың әрбір азаматы қатысып, акция ауқымы кеңейді. Бүгінде жалпыұлттық бастамаға күллі ел болып жұмыла кірістік.

Экологиялық акцияны табысты іске асырып жатқан өлкенің бірі – Қарасу ауданы. Қазір ауданға қарасты барлық ауылдарда сенбіліктер тұрақты түрде ұйымдастырылуда. Тазалық жұмыстарына мемлекеттік мекемелер мен бюджеттік ұйымдар, коммуналдық қызметтер жұмылдырылуда. Ортақ іске қарапайым тұрғындар да білек сыбана кіріскен. Әркім өз үйінің ауласын тазалап, табалдырықтан бастап төрге дейінгі жердің тәртібін сақтауды әдетке айналдыруда.

Акцияның бос сөз емес, нақты іске айналғанын, жалпыұлттық деңгейге көтерілгенін осы бір көрініске қарап-ақ бағамдай беруге болар. Жуырда өткен жиында Қарасу ауданының әкімі Қайрат Оспанов тазалықтың мәні мен мағынасы жайында ой-пікірін ортаға салды.

– Мемлекет басшысы 2024 жылдың 8-сәуірінде «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық бағдарламасын іске асыру жөніндегі бағдарламаны бекітті. Оның мақсаты-экологиялық мәдениетті қалыптастыру, «адал адам-адал еңбек-адал табыс» патриотизм құндылықтарын дәріптеу, сондай-ақ қоршаған ортаға ұқыпты қарау. Маңызды іске бейжай қарамайтын ауыл тұрғындарын акцияны қолдауға шақырамын. Тұрғындар өз аулаларындағы қоқыстарды тазалап, жер учаскелерін, үйлерін, қоршаулары мен аумақтарын 5 метр қашықтықта қоршауы тиіс. Ал кәсіпкерлер өздеріне бекітілген аумақты таза ұстағандары жөн, – деген еді Қайрат Темірханұлы.

Табиғатты қорғау идеясы баршамызды біріктіріп отыр. Ел болып кіріскен іс бүгінде үлкен қозғалысқа айналды. Осы орайда жастардың, еріктілердің еңбегін естен шығармағанымыз дұрыс. Президент биылғы сәуір айында Астанада өткен «Таза Қазақстан» фестивалінде жас толқынның белсенділігін ерекше атап өткен еді.

Қымбат Досжанова

Қарасу ауданы