20 жастағы бойжеткен «Қостанай аруы» атанды

20 жастағы бойжеткен «Қостанай аруы» атанды

Қостанайда өткен дәстүрлі қалалық арулар байқауы биыл да жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Кастингке жетпістен астам бойжеткен  өтінім жіберген. Олардың арасынан үздік жеті ару іріктеліп, финалдық сынға жолдама алды. «Қостанай аруы – 2025» байқауының жеңімпазы болып 20 жастағы Зарина Бәкір атанды. Оған 1 миллион теңгенің сертификаты табысталды.

Зарина – Ыбырай Алтынсарин мамандандырылған мектеп-гимназиясы интернатының түлегі, қазіргі таңда А.Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университеттің 4-курс студенті. Науырзым ауданы, Асанқайғы ауылының тумасы. Мамандығы «Екі шет тілі». Заманауи, білімді, мәдениетті бойжеткен байқау кезеңдерінде өз дарыны мен парасатын айқын көрсете білді.

blank

Бір айға созылған дайындық барысында қатысушылар үш түрлі бағытта фотосессия өткізді. Ұлттық нақыштағы киімде қазақ қыздарының болмысын бейнеледі. Л.Толстой атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында білім мен мәдениеттің символы ретінде көрінді.  Қаладағы Allur зауытында заманауи іскер әйелдің бейнесін сомдады.

blank blank

Екінші кезеңде арулар жәрмеңке ұйымдастырып, қазақ және шығыс тағамдарын әзірледі. Өз қолымен пісірген тағамдарын қайырымдылық жәрмеңкесінде сатып, жиналған барлық қаражатты тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккен, бес баласымен дағдарыс орталығында тұрып жатқан Зухра Мухортоваға көмек ретінде берілді. Оның екі баласы ерекше күтімді қажет етеді.

Үшінші кезең шығармашылық бағытта өтті. Қатысушылар өз өнерлерін жабық көрсетілім форматында таныстырды.

Финалдық кеш бірнеше бөлімнен тұрды. Арулар қазақтың ұлттық киімдерімен және этностильдегі топтық дефиледе сахнаға шықты. Содан кейін интеллектуалдық сұрақтарға жауап беріп, өз ой-өрісін, тапқырлығын көрсетті.

«Өте қуаныштымын. Біз бір ай бойы дайындалдық. Жеңімпаз атанған сәтте қуаныштан көзіме жас келді. Бір ай бойғы еңбек пен уақытымыздың, күшіміздің ақталғанына риза болдым.  Бұл мәртебені жыл бойы лайықты алып жүремін деген ойдамын», – дейді Зарина Бәкір.

Осы сында сабырлылығы мен сенімділігін сақтай білген Зарина өзгелерден оқ бойы озық шықты. Байқауда екінші орынды иеленіп, 700 мың теңгенің сертификатына ие болған Томирис Қайырбекова. Ал үшінші орынды нәзіктігімен және өзіндік стилімен ерекшеленген Сымбат Сандыбаева жеңіп алды.

Қатысқан арулар номинация иегері атанды.  Сымбат Сандыбаева «Білімді ару» атанды. Зерек те зиятты бойжеткен байқаудың білім мен парасат сындарында ерекше көзге түсті.– Дарина Майлыбаева «Көркем ару» атағын иеленді. Нәзік те әсем болмысты Дарина сахнада өз бейнесін ерекше сенімділікпен көрсете білді. Дильяра Төлеуова «Шебер ару» атанып, шеберлігін паш етті. Талғамы биік ару номинациясына Мөлдір Битенова лайықты деп танылды. Заманауи сән мен классикалық стильді үйлестіре білген полицей арудың әр образы арқылы нәзік талғам иесі екенін дәлелдеді. Байқауы жеңімпазы Зарина Бәкір «Инабатты ару» атағын қоса иеленді. Зарина байқау бойы инабаттылық пен қарапайымдылықтың үлгісін көрсетті. Өнерлі ару Томирис Қайырбекова өз дарынын жарқын қырынан танытты. Дарынды ару Күмісай Марат байқауда ерекше қабілетімен танылды. Инстаграм аруы атанған Мөлдір Битенова әлеуметтік желі арқылы өзінің мәдениетті, позитивті бейнесін көрсете білді.

Байқау барысында арулар тек сұлулықтарын ғана емес, ақыл-парасатын, жауапкершілігін және қоғамдық белсенділігін де көрсетті.

«Сұлу да келбетті қыздар өте көп. Бірақ біз ең алдымен олардың ішкі жан дүниесіне, ақылына, тәлім-тәрбиесіне, білімділігіне назар аудардық. Өйткені адамның шынайы сұлулығы – оның рухани байлығында», – деді қазылар алқасының төрағасы Олжас Дүйсекев.

Байқаудың жоғары деңгейде өтуіне аймақтың ірі кәсіпорындары мен шығармашылық қауымдастықтар қолдау көрсетті. Жобаның сенімді серіктесі – «Allur» зауыты. Сұлулық әлеміне сән қосқан «Диамор» үйлену және ұлттық киімдер салоны, Салон красоты Анжелы Шукюровой, визажист Жұлдызай Ибраева, фотограф Абай Абдиманов, фотостудия «Renaissance» және «Naomi» гүл студиясы байқаудың ажарын айшықтады. Дәм мен қуаныш сыйлаған «ProСуши» қызметі қатысушылар мен қонақтарға ерекше көңіл күй сыйлады.

Шұға ҚОҢҚАБАЙ

Суреттер «Қостанай аруының» әлеуметтік парақшасынан алынған