Кеншілер қаласында алдағы жылдары екі мыңнан астам жұмыс орны ашылады

Кеншілер қаласында алдағы жылдары екі мыңнан астам жұмыс орны ашылады

Бұл жөнінде Рудный қаласының әкімі Виктор Ионенко тұрғындармен облыс басшысының кездесуінде баяндады. Қала әкімі атап өткендей, биыл ыстық брикеттелген темір шығаратын зауыттың құрылысы басталып, инвестициялық белсенділік қайта жанданады.

 «Құрылыс саласында да оң серпін байқалады. Бүгінде 33,5 млрд теңгенің құрылыс жұмыстары атқарылып, қырық мыңға жуық шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Қалада 2025-2028 жылдарға арналған жиырма сегіз инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Жалпы құны 801,5 млрд теңге, нәтижесінде екі мыңнан астам жаңа жұмыс орыны ашылады. Биылдың өзінде ол алты жоба іске қосылып, үш жүзге тарта адам жұмыспен қамтылды», – деді Рудный қаласының әкімі Виктор Ионенко.

Халықтың басым бөлігіне жұмыс ұсынғандар қатарында бетон шығару өндірісі, тұрмыстық қалдықтарды сұрыптау кешені, логистикалық орталық, «RudMart» сауда үйі, «Citrus» балалар орталығы мен фитнес-орталықтар бар.

blank

Жаңа оқу жылында 1200 орындық жаңа мектеп пайдалануға берілді. Қазақ тілінде оқытатын 11 жаңа сынып ашылып, екі жүзден аса бала мемлекеттік тілде білім алып жатыр.

«Биыл «Іңкәрім» атты жаңа балабақша ашылып, жеті қазақ тілді топ жұмысын бастады. Балабақшалардағы қазақ тіліндегі топтардың үлесі 15,8%-дан 31%-ға, мектептерде – 29,2%-дан 35,6%-ға өсті. Екі жаңа спорттық-сауықтыру кешені салынды, 60-тан астам спорт түрі дамып келеді. Жергілікті спортшылар республикалық және халықаралық жарыстарда жеті алтын, төрт күміс, екі қола медаль иеленді. Көздегеніміз Рудныйды өмір сүруге қолайлы, заманауи, қауіпсіз және инвестицияға тартымды қалаға айналдыру. Әрбір тұрғынның ұсынысы мен пікірі біз үшін маңызды. Біз барлық бастамаларды халықпен бірге жүзеге асырамыз. Алдымызда әлі шешуді қажет ететін міндеттер көп. Бірақ біз бұл жұмыстарды кезең-кезеңімен орындаймыз», – деп түйіндеді қала әкімі Виктор Ионенко.

Сералы МЫРЗАБАЙ

Суреттерді түсірген – Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ