Науырзым ауданында төрт бірдей жоба іске қосылады

Науырзым ауданында төрт бірдей жоба іске қосылады

Ол туралы аудан әкімі Мәди Ихтиляпов өңірлік коммуникация алаңында өткен баспасөз мәслихатында айтты.

«Биыл ауданда жаңа инвестициялық жобаларды тарту перспективасы сақталды. Өнеркәсіп және ауыл шаруашылығы саласында жалпы сомасы 1 млрд 20 млн теңгеге 18 жұмыс орнын құра отырып, 4 жобаны іске асырғалы отырмыз», – деп атап өтті Мәди Өмірзақұлы.

Оның бірі Қараменді ауылында етті бағытындағы ірі қара өсіретін шаруашылықты ашу жоспары. Жобаны «KAZ AGRO product m« ЖШС қолға алып отыр.

Шаруашылық жүз  бас ірі қараға есептелген. Жобаның құны  110 млн теңгені құрайды. Онда екі тұрақты жұмыс орны құрылатын болады.

«Қазіргі уақытта кәсіпорында 883 гектар жайылым бар, қосымша 2 500 гектар бөлінді, жер учаскесі ресімделуде. Шаруашылық жұмысшылар үшін база мен тұрғын үй салуды және аумақты қоршауды жоспарлап отыр. Бүгінде мал басын алып, ауыл шаруашылығы техникасын сатып алуға қамданып жатыр», – дейді аудан әкімі.

Аудандағы «Сары Бұлақ 2050» ЖШС бордақылау алаңын бес мың бас ірі қараға дейін кеңейтуді жоспарлап отыр. Жобаның құны 550 млн теңге. Оның 300 млн теңгесі өз қаражаты есебінен жүргізіледі.

«Бұл шаруашылықтың негізі осыдан екі жыл бұрын қаланған. Қазіргі уақытта кәсіпорында 1501 гектар жайылым бар. Төр мал базасы мен екі  жем-шөп қоймасы жұмыс істеп тұр. Мал дәрігері үшін үй-жайы мен әкімшілік ғимараты қарастырылған. Шаруашылық алдағы уақытта тағы екі база мен жем цехын салуды жоспарлап отыр. Қазіргі уақытта ауданы 6,4 мың гектар жер беру конкурсына қатысу үшін өтінім берді. Жобалау—сметалық құжаттаманы әзірлеу  жұмыстары жүргізілуде», – деді ол туралы әкім.  

Сол Қараменді ауылынан тағы бір ет бағытындағы ірі қара малын өсіру шаруашылығы ашылғалы тұр. Жобаны «БМ-Group» ЖШС бастап кетті. 250 бас ірі қара өсіруге бағытталған шаруашылықта екі жұмыс орыны пайда болады. Жобаның құны 110 млн теңге. Толық өз қаражаты есебінен құрылатын болады.

Тағы бір айта кетерлігі, науырзымдықтар өсімдік майын өндіретін цех салуды жоспарлап отыр. Өндіріс орнының өнімділігі жылына 10 тоннаны құрайды деп күтілуде. Буревестник ауылында басталғалы жатқан шаруаны «Кошкодан» шаруа қожалығы жүзеге асырмақ. Жүзеге асқан күнде төр тұрақты жұмыс орны құрылады.  Жобаның құны өз қаражаты есебінен 250 млн теңгеге жуықтайды.

Айтолқын АЙҚАДАМОВА