Оқырмандар көшін оқушылар бастап тұр. Олардың саны – 30 703. Бұл облыстағы жас буынның кітап оқуға деген қызығушылығының жоғары екенін көрсетеді.
Әсіресе, Қостанай қаласының шәкірттері белсенді. Қала мектептерінен 6418 оқушы жобаға қатысуға ниет білдіріп отыр. Рудныйдан – 4788, Әулиекөлден – 3112, Қостанай ауданынан – 2501, Жітіқарадан 2195 оқушы тіркелген. Алдыңғы қатардағы үздік бестік осылар. Қалған қала мен аудан оқушылары да қатысып жатыр.
Қостанай облысы бойынша «Оқитын әулет» бағытында 10 122 отбасы тіркелген. Бұл салада да орыс тіліндегі лига (6 889 өтінім) басымдыққа ие. Отбасылардың кітап оқуға деген ынтасы — ұрпақтар сабақтастығының айқын көрінісі. Рудный қаласынан 902 отбасы, Жітіқара ауданынан 829 отбасы, Меңдіқара ауданынан 541 отбасы бар. Өкінішке қарай, кейбір ауданда 1 отбасы ғана тізімге қосылған.
Ал «Оқитын педагог» бағытындағы тіркеу қорытындыларына сәйкес, білім беру саласы қызметкерлерінің жобаға деген қызығушылығы жоғары екені байқалады.
Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, жалпы “Оқитын ұлт” жобасының “Оқитын педагог” бағыты бойынша 11 047 мұғалім тіркелді. Бұл – өте жоғары көрсеткіш, яғни облыстағы ұстаздар қауымының кәсіби дамуға деген ұмтылысы қарқынды. Тіл бөлінісінде орыс лигасына тіркелген мұғалімдердің саны басым (7 107 адам). Қазақ лигасына барлығы 3940 мұғалім тіркелген. Тіркеу Гугл-сауалнама арқылы онлайн жүргізілгенін айта кету керек.
Тіркеу белсенділігі ең жоғары болған бес аудан-қала:
- Қостанай қаласы – 1082 қатысушы
- Рудный қаласы – 796 қатысушы
- Әулиекөл ауданы – 610 қатысушы
- Жітіқара ауданы – 537 қатысушы
- Арқалық қаласы – 608 қатысушы тіркелді.
Белсенділігі ең төмен болған аудандар :
— Жангелдин ауданы (143)
— Қамысты ауданы (108)
— Науырзым ауданы (137)
Жобаға қатардағы мұғалімдер ғана емес, білім беру ұйымдарының басшылары да белсене қатысып жатыр:
-Директорлар – 434 адам;
—Директор орынбасарлары – 277;
— Қалғандары – колледж, мектеп және балабақша мұғалімдері (10336).
«Кітап оқитын колледж» бағыты бойынша 2028 шәкірт тіркелген. Жобаға басшылық құрамның белсенді қатысуы «Оқитын ұлт» бастамасының маңыздылығын және облыстың білім беру жүйесінде жетекшілердің үлгі көрсетуге дайын екенін анық көрсетеді. Пайызға шақсақ, қазақ тілділер – 23,8, орыс лигасының үлесі – 76,2 пайыз.
«Ал «Оқитын мемлекеттік қызметші » бағытында 300 адам қатысуы керек. Осы жобаға барлық аудан және мемлекеттік мекеме қызметшілері қатысуға ниетті. Әсіресе Федоров ауданын ерекше атап өткіміз келеді. Ауданның 12 ауылдық округ әкімі және 18 бөлім басшысы тіркелген. Рудный қаласынан 15 бөлім басшысы, Қарабалық ауданынан 9 ауыл әкімі, Амангелді ауданынан 5, Қарасудан 3 ауыл әкімі кітап оқуға бел буып отыр. Басқарма басшыларының орынбасарлары мен қала әкімінің орынбасары секілді лауазымды тұлғалар да рухани құндылықтан нәр алуға ниет білдірді», – делінеді ұйымдастырушылар хабарламасында.
«Кітап оқитын студент» бағытында өңірдің алты ЖОО атсалысқалы отыр. Барлығы 1008 студент қатарға қосылды. Оның 812-сі – А.Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университетінің студенті. 32 студент Рудный индустриялық университетінен, тағы 32 студент Ш.Қабылбаев атындағы Қостанай Академиясынан, 60 сутдент Арқалық педагогикалық университетінен және 40 студент Челябі мемлекеттік университеті Қостанай филиалынан қатысып жатыр.
«Әр бағыт бойынша оқылатын 15 кітаптың тізімімен қатысушылар танысты. Ақпан айының ортасында аудандық, қалалық кезең өткізіледі. Наурыз айының басында облыстық кезең ұйымдастырылып, жеңімпаздар анықталады. Әр бағыттың жеңімпазына 1 миллион теңге, екінші орынға 600 мың теңге, үшінші орынға 400 мың теңге ақшалай сыйлық беріледі», – деп отыр ұйымдастырушылар.
Айта кетейік, «Кітап оқитын ұлт» пилоттық жобасы Қостанай, Қарағанды облыстарында және Шымкент қаласында өтіп жатыр.
