Облыс әкімі Құмар Ақсақалов әуелі аудан орталығындағы «Лаванда» дүкенінің және ИП «Андреев Ю.Ю.» агроөнеркәсіп кәсіпорнының жұмысымен танысты.
Бұл шаруашылық егін және мал шаруашылығымен айналысып, өз өнімдерін өңдеп, «Федоровские колбасы» брендімен сатады. Кәсіпорын жылына 76,8 тонна шошқа еті, 10,2 тонна сиыр еті, сондай-ақ ет өнімдерінің 25 тоннаға жуық түрлерін өндіреді.
Кейін Құмар Ақсақалов Кравцова көшесіндегі екі пәтерлі тұрғын үйді қарап шықты. Мұнда әлеуметтік осал топтағы азаматтарға арналған тұрғын үйлер сатып алу жобасы іске асырылуда. 2025 жылы барлығы 77 пәтер сатып алу жоспарланып, бұл мақсатқа 1,4 млрд теңге бөлінді.

Одан соң өңір басшысы «Безбабный В.И.» шаруа қожалығына барып, оның қызметімен танысты. Кәсіпорын майлы дақылдарды өңдеп, «Федоровский дар» маркасымен күнбағыс майын өндіреді. Жылдық қуаты – 4500 тонна. Кәсіпорын аумағында облыс әкімі ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерімен кездесіп, пікір алмасты.

Келесі нысан – көпфункциялы жабық спорт алаңы болды. Бұл нысан «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында салынған. Құрылыстың жалпы құны 396 млн теңгеден асты. Спорт кешені 2025 жылдың 20 маусымында пайдалануға берілген.
Жұмыс сапарының соңында облыс әкімі Федоров аудандық Мәдениет үйінде тұрғындармен кездесу өткізді. Кездесу барысында Новошумное ауылындағы су құбырын іске қосу рәсімі Zoom-конференция арқылы өтті.
Жобаның жалпы құны 1,37 млрд теңгені құрады. Құрылыс жұмыстарын «АиФ» ЖШС атқарды. Ауылда 290 үйдің 170-і (58,6%) орталық су жүйесіне қосылған, жұмыс әрі қарай жалғасуда.
Кездесудің екінші бөлігінде облыс әкімі тұрғындардың сұрақтарына жауап беріп, ауданның әлеуметтік дамуын одан әрі жақсартуға бағытталған міндеттерді атап өтті.



Айбек ЖҮЗБАЙ
Суреттерді түсірген – Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ
