Қостанайда республикалық форум өтіп жатыр

Қостанайда республикалық форум өтіп жатыр

Қазақстан халқы Ассамблеясының ұйымдастырып отырған форумы «Ұлы даланың ұлтаралық тілі» деп аталады. Оған ҚР Парламенті Сенатының депутаты Генадий Шиповских, Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесі төрағасының орынбасары, синхронды аударма саласының негізін қалаушы, тіл жанашыры Камал Әлпейісова қатысуда. Бұл қатарда еліміздің түкпір-түкпірінен келген делегаттар да бар.

Ауқымды жиынның пленарлық отырысында Қостанай облысы әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов сөз сөйлеп, астықты аймақта этносаралық келісімді нығайту және мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту мақсатында жүргізіліп жатқан жұмыстарға шолу жасады.

«Бүгінде Қостанай облысында елуден аса этнос өкілдерінен құралған 800 мыңнан астам адам бейбітшілік пен ынтымақта өмір сүріп жатыр. Облысымызда 19 этно-мәдени бірлестік жұмыс істейді. Олардың жанында тоғыз жексенбілік мектеп ашылған. Түрік, еврей, башқұрт, корей, неміс, татар, армиян және әзербайжан тілдері оқытылады. Сонымен қатар мемлекеттік тілді үйретуге бағытталған «Мәміле: ситуативті қазақ тілі» клубы  табысты жұмыс істеуде. Өңірде барлық этностардың тілдерін, мәдениетін, салт-дәстүрін сақтап, дамытуға жан-жақты жағдай жасалған. Алайда қазақ тілін үйрену өмірлік қажеттілік ретінде қабылдануы тиіс. «Ұлы даланың ұлтаралық тілі» республикалық форумының Қостанай облысында өтуі біз үшін үлкен мәртебе. Мемлекеттік тілдің аясын кеңейту, этносаралық келісімді нығайту жолындағы ортақ ой алаңына сәттілік тілеймін. Бірлігіміз – бекем, тіліміз – тұғырлы болсын», – деді Қостанай облысы әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов.

blank

Бұдан соң Сенат депутаты Генадий Шиповских сөз алып, Ассамблеяның қоғамдық жобаларына тоқталды.

blank

«Қазақстан халқы Ассамблеясының жанынан құрылған он үш арнайы қоғамдық жоба бар. Соның ішінде ең мықтысы – «Мемлекеттік тіл — этносаралық қатынас тілі» жобасы. Себебі, мемлекеттік тіл – барлық салаға қатысты», – деді депутат Генадий Шиповских.

blank

Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесі төрағасының орынбасары, ҚР жазушылар одағының мүшесі, филология ғылымының кандидаты, синхронды аударма саласының негізін қалаушы, тіл жанашыры Камал Әлпейісова жерлестеріне ерекше толқыныспен сөз арнады.

blank

«Солтүстік өңірдің қазақтары қазақша нәшар сөйлейді деген стереотип бар. Қазақта стереотип дегенді – жауыр болған сөз дейді. Мәселе өңірде емес, мәселе – отбасында. Мен Арқалық деген қалада туып өскенмін. Құрылыс қызған сонау шақта Арқалықта 80 %  басқа ұлт өкілдері тұрды. 20 % ғана қазақ болдық. Көп – қорқытады, терең – батырады. Мен сыртқа шыққан кезде солардың тілінде сөйледім. Соны байқаған әкем бір күні балаларын жинап алып: «Далада қай тілде сөйлесеңдер де сөйлеңдер, бірақ табалдырықтан аттадыңдар ма қазақша сөйлеңдер» деді. Біздің заманымызда әкенің сөзі заң болатын.  Әке – балаға сыншы, әке – алыстан ойлайды, әке – тереңді көреді. Сөйтіп бәріміз үйде тек қана қазақша сөйледік», – деді тіл жанашыры Камал Әлпейісова.

blank

Бұдан соң өзге де қатысушылар сөз алып, белсенділер марапатталды.

blank blank blank blank blank

Түстен кейін «Мемлекеттік тілді меңгерудің үздік тәжірибесі» деген атпен шеберлік сабақтары өтеді. Форум жұмысы кешке дейін жалғаспақ.

Мақаланың толық мәтінін газетімізден алдағы санынан оқи аласызда.

 

Қымбат ДОСЖАНОВА

Суреттерді түсірген Айдана МАРАТ