Қостанайда «AMANAT» партиясы облыстық филиалының Әйелдер қанаты мен Партияның Саяси менеджмент академиясы бірлесіп жүзеге асырып жатқан «Таңшолпан» жобасының екінші кезеңі өтті.
Жоба әйелдердің қоғамдық-саяси өмірге белсенді қатысуын арттыруға, көшбасшылық қабілеттерін дамытуға және гендерлік теңдікті нығайтуға бағытталған. Оқыту бағдарламасына облыстың әртүрлі аудандарынан келген 100-ге жуық әйел қатысты.
Іс-шараға ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия төрағасының орынбасары, «AMANAT» партиясының Әйелдер қанатының гендерлік саясат жөніндегі сарапшысы Елена Тарасенко, Қостанай облысы әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов, «AMANAT» партиясы Қостанай облыстық филиалының төрағасы Алмат Досмұхамедов және Әйелдер қанатының төрайымы Гүлсара Жаманқұлова қатысты.

Бүгінде Қостанай облысындағы мемлекеттік қызметшілердің 58%-тен астамы нәзік жандылар. Қостанай облысы әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов бұл – біздің өңіріміздегі әйелдердің қоғамдық-саяси өмірдегі орнының айқын дәлелі екенін айтады. Бүгінде бес әйел облыстық басқармаларды басқарып отыр, жеті әйел қалалар мен аудандар әкімдерінің орынбасары қызметін атқарады, ал 35-і ауылдық округтердің әкімі болып жұмыс істейді.

«Өңірімізде отбасы мен әйелдер мәселелерін қолдау бойынша тиімді институттар жұмыс істейді. Жергілікті жерлерде 20 жұмыс тобы мен комиссия отбасы институтын нығайтуға, әйелдер құқықтарын қорғауға және демографиялық өсуге қолайлы жағдай жасауға бағытталған жұмыстарды жүргізеді. Сондай-ақ, қоғамдық ұйымдардың белсенділігін ерекше атап өткім келеді. Әйелдер саяси көшбасшылығы клубтары, Әйелдер күші Альянсы, Іскер әйелдер қауымдастығы және «Атамекен» палатасы жанындағы Іскер әйелдер кеңесі сияқты бірлестіктер табысты жұмыс атқаруда. Бұл ұйымдар әйелдер кәсіпкерлігін дамытуға, әлеуметтік белсенділікті арттыруға, бизнестегі, саясаттағы және қоғамдық саладағы бастамаларды қолдауға септігін тигізеді. Қол жеткізілген табыстарға қарамастан, гендерлік теңдікті нығайту және отбасыларды қолдау жұмыстары жалғасады», – деді облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов.
ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия төрағасының орынбасары, «AMANAT» партиясының Әйелдер қанатының гендерлік саясат жөніндегі сарапшысы Елена Тарасенко кездесудің маңыздылығына тоқталды.

«Мұндай басқосулар, әрқашан маңызды және қажетті. Әйелдерді даярлау бағдарламасының маңызы зор. Сіздер Ұлттық комиссияның тікелей қатысуымен бастау алған және «Amanat» партиясында жұмыс істейтін «Тамирис» бағдарламасы туралы білесіздер. Ал Қостанай облысында бұл бағдарлама «Таңшолпан» деп аталады. Әйелдердің саяси бәсекеге, сайлауларға қатысуға, атқарушы билік органдарында жұмыс істеуге қаншалықты дайын болатыны өте маңызды. Біз бұл жұмысты қолданыстағы Отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасы аясында жүзеге асырамыз. Тұжырымдама әйелдерді шешім қабылдау деңгейіне көтеру үшін индикаторларды қарастырады. Бүгінде біздің сайлау заңнамамыз және саяси партиялар әйелдерге, жастарға және мүмкіндігі шектеулі жандарға 30 пайыздан кем емес квота беруді міндеттейді. Қазақстанда заңнамалық база толығымен бар. Біріккен Ұлттар Ұйымы да Қазақстанның осы бағыттағы ілгерілеуін атап өтеді. Президент жанындағы консультативтік-кеңесші орган ретіндегі Ұлттық комиссия өз қызметін 30 жылға жуық жалғастырып келеді. Бүгінде біз сіздерге айтып өткен Отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасын іске асыру бойынша іс-шаралар жоспары әзірленуде. Басты бағыттардың бірі – әйелдерді саяси науқандарға қатысуға дайындау. Сонымен қатар, Үкімет деңгейінде гендерлік саясатты дамытуға ерлер мен әйелдердің қатысуын арттыру бойынша жоспар қабылданды. Біздің басты назарымыз – заңнамалық тұрғыда барлық мүмкіндіктерді қамтамасыз ету. Мүмкіндіктер бар, ендігі белсенділік пен білім алу тек баршамызға байланысты», – дейді Елена Тарасенко.
Кездесуде өңірдегі белсенді әйелдердің жетістіктері атап өтіліп, партияның «Белсенді қызмет үшін» төсбелгісі мен Құрмет грамоталары табысталды. Марапат иелерінің қатарында мұғалімдер, білім беру, денсаулық сақтау және әлеуметтік сала өкілдері бар.
««AMANAT» партиясының Әйелдер қанаты небәрі бір жыл ішінде өз тиімділігін дәлелдеді. Қостанай облысында бүгінде 31 ауылдық округті әйел әкімдер басқарып отыр, олардың барлығы партия мүшелері. Бұл – әйелдердің елдің стратегиялық дамуына үлес қосып отырғанының айқын дәлелі», – деді Гүлсара Жаманқұлова.
Сондай-ақ іс-шара барысында «AMANAT» партиясының Қостанай облыстық филиалының төрағасы Алмат Досмұхамедов ерекше оқиғаны атап өтті. Ол 21 қазан күні Тобыл қаласында өрт кезінде адамдардың өмірін аман сақтап қалғаны үшін, көрсеткен ерлігі мен қайсарлығы, жоғары адамгершілік қасиеті мен азаматтық жауапкершілігі үшін Тахир Берікұлы Бисембинге шын жүректен алғыс білдірді. «Таңшолпан» жобасы – әйелдердің жаңа буынын қалыптастыруға бағытталған маңызды бастама. Бұл платформа көшбасшылық дағдыларды дамыту, саяси сауаттылықты арттыру және қоғамдық белсенділікті күшейту үшін тренингтер мен тәжірибелік сабақтар өткізеді.

Күннің екінші жартысында қатысушылар секциялық сабақтарға бөлініп, отбасылық және гендерлік саясат, коммуникация мен көшбасшылық дағдылар тақырыптарында тренингтерге қатысты.
Сералы МЫРЗАБАЙ
Суреттерді түсірген – Айдана МАРАТ
