Жастар сарайына жиналған жанкүйерлердің қуанышын бір сөзбен айтып жеткізу қиын еді. Команданың жидесіне оранған жастар, араға жыл салып оралған алтын кубокты айналшықтап жүр. Жапа тармағай суретке түсіп, баз біреулері клубтың логатипімен жүздерін бояп алған. Әсіресе, бүгін Антоннан бақытты жан жоқ шығар. Сүйікті футбол командасы екі бірдей табысы үшін марапатталғалы тұр.

Ол қостанайлық «Тобылға» он екі жасынан бері жанкүйер.

«Қазір біздің команда үшін айтулы сәт. Қазақстан кубогі мен ел чемпионатында үшінші орынды әперіп отыр. Жанкүйерлер секторында жүргеніме биыл он алты жыл болған екен. Содан бері қызығын да, шыжығын да көріп жатырмыз. Нағыз жанкүйер қандай жағдай болмасын, командамен бірге болуы керек», – дейді Антон Вранчан.
Бұл жетістікке команда облыс басшылығының қолдауымен жеткені шындық. Олай болмаған жағдайды ұжым үшін алға қойған мақсатқа ұмтылу қиынға соғар еді. Соның дәлелі ретінде облыс әкімі Құмар Ақсақалов клубтың қуанышына ортақтасып, төбе көрсетті.

Жанкүйер қауыммен бірге отырып, лэд экраннан жүгірген ойыншылардың сезон бойын гол соққан жарқын сәттерін тамашалады.

«Біз бүгін сіздермен бірге облысмыздың мақтанышы болып отырған сүйікті клубымыздың жетістігін ұлықтауға жиналып отырмыз. Алдымызда жүгіріп өткен жарқын бейне қойылымдар арқылы жігіттердің жаз бойы төккен термен ләззат сыйлаған тұсына қайта оралғандай күй кешеміз. «Тобыл» сезон басында келіскен уәделерін толық орындады. Ел кубогі мен қола жүлдегер атанды. Еуро кубок додасына қайта оралып жатырмыз. Жеңістер әлі алда деп үміттенеміз», – деді Құмар Ақсақалов.
Өңірдегі спорт саласында жасалып жатқан инфрақұрылымның дамуына тоқталды. Команданың бас бапкері Нұрбол Жұмасқалиевтің еңбегін ерекше атап өтті.


«Нұрбол Жәрдемұлы, біздің құрметті азаматымыз. Былтыр сөйлескен кезімізде Нұрболға: «ең үлкен мотивация – «Тобыл» аренада ілулі тұрған сіздің суретіңіз. Команда мүшелері осыған қарап, жақсы ойын көрсету керек», – дедім. Тоғызыншы номер Нұрбол Жұмасқалиевтің атына алынған номер. Сондықтан Нұрболға алғыс айтуымыз керек», – деді облыс әкімі.
Команданың өркендеп, жанкүйерлерін қуанту үшін жеңіске жетуіне күн сайын еңбек етіп жүрген жандардың еңбегі атап өтілді.

Клубтың спорт директоры Әлішер Апсалямовтан бастап, медиа офицері Қасқырбай Қойшымановқа дейін облыс әкімінің алғыс хаттары табыс етілді.

Олардың арасында бас бапкердің көмекшілері Данияр Мұқанов, Олег Недашковскийлер де бар. Аталған екеуінің кезінде Нұрбол Жұмасқалиевпен командада доп тепкенін білеміз. Осыдан аттай алты жыл бұрын ғана карерасын ерте аяқтаған төрттіктің бірі – Ермек Нұрғалиевтің есімі футбол сүйер жанкүйерге жақсы таныс.

Алғашқы футбол әліппесін ару қала Арқалықтан бастаған Ермек «Тобылда» 2015-2017 жылдары жасындай жарқылдаған. Келер жылы команданың үзіліс жасап, көптен күткен жүлдесін алып беруге жағдай жасап футболмен қош айтысқан. Бүгінде бапкерлік жолға түсіп, ел болашағы балғындарды жаттықтырып жүр.
«Биыл «Тобыл» жақсы өнер көрсетті. Шағын бюджетпен жақсы нәтижеге жетіп отыр. Еңбектің тоқсан пайызы бапкердің еңбегі деп түсінемін. Келер жылы Еуро додада одан да биік межелерден күтеміз»,– дейді Ермек Нұрғалиев.
Қазақстан футбол федерациясының операциялық директоры Александр Кеплин команда мүшелеріне қол жүлдені табыс етті.

«Құрметті қостанайлық жанкүйер қауым, сіздерді «Тобыл» командасының Қазақстан чемпионатының қола жүлдегері, Қазақстан кубогінің жеңімпазы ретінде құттықтауға рұқсат етіңіздер. Бұл нәтиже жыл бойғы команданың маңдай тері, ауызбіршілгнінің арқасында келіп отыр. Келер жылы үлкен додалар күтіп тұр. Араға жыл салып команда Еуро додаға қайта оралып отыр. Бүкіл ел болып сіздерге жанкүйер боламыз. Өткен бір жылдары топтық кезеңге жетуге сәл қалған еді. Алдағы жылы «Тобыл» сол бір қадамды жасайды деген үміттемін», – деді Александр Кеплин.
Облыс әкімі Құмар Ақсақалов пен команда капитаны Роман Асранкуловқа Қазақстан кубогын ұсынды. Команда бас бапкері мен ойыншылары жанкүйерлер мен демеушілерге алғысын айтты.
Айбек ЖҮЗБАЙ
Суреттерді түсірген Бердіболат Көркембаев
