ҚР Президенті жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия төрағасының орынбасары Елена Тарасенко Қостанайға жұмыс сапарымен келді.
Басқосу барысында өңірдегі әйелдердің қоғамдық-саяси белсенділігін арттыру, гендерлік теңдік, отбасылық құндылықтарды сақтау және әйелдердің кадрлық резервін қалыптастыру мәселелері талқыланды.



Елена Тарасенко өңірде әйелдердің қоғамдық және саяси өмірге қатысу белсенділігінің артқанын атап өтті.

– Егер 2007 жылы белсенді қатысушылардың 56 пайызын әйелдер құраса, 2021 жылы бұл көрсеткіш 44 пайызға жетті. Бүгінде облыстағы ауылдық округтердің 27 әкімі – әйел, бұл шамамен 15 пайыз. Әйелдердің көшбасшылыққа деген қызығушылығы зор, бірақ кадрлық резервті дамыту жұмысы жүйелі жалғасуы тиіс, – деді ол.
Гүлмира Қапенова өз сөзінде отбасылық саясатты күшейту, зорлық-зомбылықтың алдын алу және әйелдерді әлеуметтік қорғау бағытындағы бастамалармен бөлісті.

– Бүгінде әр ауданда отбасын қолдау орталықтары ашылып, психологтар мен заңгерлер әйелдерге көмек көрсетіп жатыр. Бұл отбасылық татулық пен әлеуметтік тұрақтылықтың басты кепілі, – деді ол.
Кездесуде Владимир ауылдық округінің әкімі Әлия Жүнісова өз тәжірибесімен бөлісіп, әйелдердің саяси көшбасшылығы мектебі өмірін түбегейлі өзгерткенін айтты.

– 2012 жылы саяси көшбасшылық мектебінде білім алдым. Кейін мәслихат депутаты болдым, ал бүгінде ауыл әкімі болып еңбек етемін. Бұл әйелдің мүмкіндігін дәлелдеген мектеп, – деді ол.
«Аманат» партиясының әйелдер қанаты жетекшісі Гүлсара Жаманқұлова партиялық жобалар мен өңірде жүзеге асып жатқан маңызды әлеуметтік бастамалар туралы баяндады. Оның айтуынша, 2024 жылдан бері қанат сегіз негізгі бағытта жұмыс істеп келеді.

– Әйелдердің саяси көшбасшылығын дамыту мақсатында «Таңшолпан» жобасы жүзеге асуда. 100 әйел білім алып, олардың арасынан жаңа көшбасшылар қалыптасты. Сонымен бірге «Ғалым кәсіпкер», «Отбасылық марафон» және инклюзивті жобалар әйелдердің белсенділігін арттырып, қоғамдағы рөлін нығайтуға бағытталған, – деді ол.
Кездесу барысында әйелдердің құқықтарын қорғау және тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу тақырыбы да қозғалды. Осы орайда облыстық «Қостанай таңы» газетінің бас редакторы-Бас директоры Кенжеш Оразғалиқызы сот отырыстары алдында зорлық-зомбылық құрбандары мен агрессорлардың бір ғимаратта қатар отыру жағдайлары жиі кездесетінін айтып, бұл жайттың әйелдерге психологиялық қысым тудыру қаупін атап өтті.

– Сот процесі басталғанға дейін кей әйелдер өз агрессорларымен бір ғимаратта бірнеше сағат қатар отырады. Мұндай жағдайда оларға психологиялық тұрғыда ауыр тиеді. Сондықтан сотқа дейінгі кезеңде әйелдерді агрессорлардан уақытша оқшаулау тетігін қарастырған жөн, – деді ол.
Бұл ұсынысқа ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия төрағасының орынбасары Елена Тарасенко жауап берді.

– Иә, бұл өте өзекті мәселе. Біз нақты сот залдарындағы немесе қабылдау кезіндегі жағдайды толық біле бермейміз, бірақ мұндай мысалдар бар екені рас. Бұл бағытта ұлттық комиссия аясында талқылау жүргізіп, тиісті ұсыныстар енгіземіз. Қазір еліміздің әр ауданында отбасын қолдау орталықтары құрылып, онда психологтар, заңгерлер мен кеңесшілер көмек көрсетеді. Сонымен қатар, елімізде дағдарыс орталықтары жұмыс істейді – олардың бір бөлігі мемлекеттік бюджет есебінен, бір бөлігі жеке бастамамен ашылған. Негізгі мақсат – әйелдерге құқықтық, психологиялық және моральдық қолдау көрсету, – деді ол.
Кездесуді қорытындылаған Елена Тарасенко әйелдердің өзара қолдауы мен ынтымағы ел болашағы үшін маңызды екенін ерекше атап өтті.

– Әйел – отбасының өзегі, қоғамның тірегі. Гендерлік теңдік – жай ұран емес, ол отбасынан басталатын өмірлік қағида болуы тиіс. Әйелдер бір-бірін қолдап, бірлікте болса, қоғам да дамиды, – деді ол.
Кездесу соңында қатысушылар өзара пікір алмасып, өңірде әйелдердің саяси және әлеуметтік белсенділігін арттыру жөнінде бірқатар ұсыныстар айтты.
Шұға ҚОҢҚАБАЙ
Суреттерді түсірген – Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ
