Сарыкөл-СҚО бағытындағы жол учаскесі ресми түрде ашылды

Сарыкөл-СҚО бағытындағы жол учаскесі ресми түрде ашылды

Сарыкөл ауылынан Солтүстік Қазақстан облысының шекарасына дейінгі ұзындығы 27,1 шақырым болатын жол учаскесінде жөндеу жұмыстары аяқталып, бүгін ресми түрде ашылды.

Аталған нысанға облыс әкімі Құмар Ақсақалов арнайы барып, жұмыстың нәтижесімен танысты.

blank

Бұл учаске – республикалық маңызы бар Алматы-Екатеринбург бағытындағы жолдың Сарыкөл ауданын басып өтетін тұсы. Сарыкөлден СҚО шекарасына дейінгі 27,1 км жол учаскесі биыл орташа жөндеуден өтті. Қырық жылдан астам уақыт жөнделмеген жер осы уақытқа дейін көлік қозғалысын қиындатып келді. Игі іс былтыр басталған еді.

blank

2024 жылы жоба жартылай қаржыландырылып, соған сәйкес 3 шақырымының ғана үстіңгі жабындысы жаңарған болатын. Ал биыл жұмыс толық аяқталып, 27,1 км жол көпшіліктің қолданысына беріліп отыр.

«Орташа жөндеуге 2,6 млрд теңге жұмсалды. Жұмысты ВАН» ЖШС атқарды. Орташа жөндеу аясында асфальт бетон жабындысы ауыстырылып, жол жиектері нығайтылып, автокөлік павильоны орнатылды, жол белгілері мен таңбалары, қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында шу жолақтары қойылды. Бәрі кестеге сәйкес жүргізілді. Кешігу болмады. Мерзіміне сәйкес және сапалы атқарылып, бүгін ресми түрде жолды ашып отырмыз», –деді «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Қостанай облыстық филиалы директорының орынбасары Асхат Сағымбаев.

Қостанай облысы бойынша жалпы ұзындығы 380 км жол орташа жөнделіп, жоспарлы жұмыстар аяқталуға таяды. «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Қостанай облыстық филиалының мамандары өңірде барлық бағыттар бойынша жолдың сапасы жақсы деп бағалап отыр.

«9 айдың қорытындысы бойынша көлік саласында өсім 36 %-тен асты. Өсім неден болады? Әрине, ең бірінші себеп – жолдың сапасы. Биыл жол жөндеуге 103 млрд теңге қарастырылған. Бұл қаражат былтырғымен салыстырсақ 40 %-ке артық. Мысал ретінде айтатын болсақ, Ұзынкөл-Троебрат жолының 70 шақырымы отыз жылдан аса жөнделмеген. Салдарынан тұрғындар біраз қиналды. Биыл жол толығымен жөнделуде. Екінші мысал, Бестөбе ауылынан Ақтөбе облысының шекарасына дейін баратын жолдың 60 шақырымы биыл жөнделді. Үшінші мысал, Арқалықтан Ұлытау облысына дейінгі 80 км жол жөнделді. Ол жерде де бұрын тек қана грейдер болған. Енді Жітіқара-Милютенко бағытындағы, Орынборға шығатын жолдың біраз бөлігін биыл жөндедік. Келесі жылға 37 км қалып отыр. Алдағы жылы оны толығымен аяқтаймыз. Орынборға қатынайтын көліктер келесі жылы осы бағытты толық пайдалана алады», – деді облыс әкімі Құмар Ақсақалов.

Қымбат ДОСЖАНОВА