Ұзынкөл ауданына қарасты Ершов ауылдық округі аудандық «Үлгілі ауыл» байқауында жеңіске жетіп, арнайы грант ұтып алды. Бұл байқау Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігінің бастамасымен және «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы шеңберінде өтті.
Бастаманың негізгі мақсаты – ауылдық елді мекендердің әлеуметтік, инфрақұрылымдық және экологиялық дамуын ынталандыру, тұрғындардың азаматтық белсенділігін арттыру, сондай-ақ экологиялық мәдениетті қалыптастыру. Осы талаптар тұрғысынан жоғары нәтиже көрсеткен Ершов ауылы үздік деп танылып, аудан әкімдігі тарапынан берілетін арнайы грантқа ие болды. Бұл қаржы ауылда әлеуметтік маңызы бар жобаларды жүзеге асыруға бағытталмақ. Атап айтқанда, балалар және спорт алаңдарын салу, көгалдандыру, абаттандыру, жол жөндеу сынды бастамалар қолға алынбақ.

Қазіргі таңда бұл елді мекенде 844 тұрғын өмір сүреді. Соңғы жылдары Ершов ауылының келбеті айтарлықтай өзгеріп, халықтың тұрмыс сапасы едәуір жақсарған. Инфрақұрылым жүйелі түрде дамып, қоғамдық орындар жаңғыртылып, экологиялық бастамалар белсенді іске асырылып келеді. Жергілікті тұрғындардың бірлігі мен белсенділігі бұл жетістікке жол ашқан басты факторлардың бірі болып отыр.
Ауылдың дамуына ерекше үлес қосып жүрген азаматтардың бірі – «Ершовское-2» ЖШС директоры Сәбит Ағайдаров. Оның демеушілігімен соңғы жылдары ауылда бірқатар ірі жобалар жүзеге асты. Жаңадан мәдениет үйі, фельдшерлік-акушерлік пункт, балалар ойын алаңы, футбол алаңы, демалыс саябағы және сырғанақ салынды.

Сонымен қатар, заманауи талаптарға сай 12 тұрғын үй бой көтеріп, толыққанды инженерлік инфрақұрылыммен қамтылды. Ауыл ішіне ауызсу жүйесі тартылып, кәріз құбыры орнатылып, жылыту жүйесі іске қосылды. Аулалар көгалдандырылып, абаттандырылды.
Ауылдың игілігі үшін жан аямай еңбек етіп жүрген өзге де азаматтар аз емес. Олардың қатарында ауыл шаруашылығы құрылымдарының жетекшілері Ахметхан Иржанов пен Геннадий Горбатенков секілді елжанды кәсіпкерлер бар. Олар да ауылдың көркеюіне, әлеуметтік мәселелердің шешілуіне тұрақты түрде үлестерін қосып келеді.
Ершов ауылдық округінің әкімі Қанат Нұрмағамбетовтің айтуынша, ауылдағы оң өзгерістер мен жаңа жобалардың көпшілігі жергілікті меценаттардың қолдауымен жүзеге асуда.
– Мұндай бірлескен жұмыс шын мәнінде үлгі боларлық іс. Ершов ауылында атқарылып жатқан тірліктер тек құрылыс немесе абаттандыру ғана емес, туған жерге деген шынайы жанашырлықтың, азаматтық ұстанымның және патриотизмнің нақты көрінісі, – дейді ауыл әкімі.
Ал, Ұзынкөл ауданы әкімінің аппараты басшысы Нұрсұлтан Әбілқайыров Ершов ауылының белсенділігін ерекше атап өтті.
– Бұл байқауға ауданымыздағы ауылдық округтердің жартысынан көбі қатысуға ниет білдірді. Мұндай бастамалар тұрғындардың өз үйлеріне, аулаларына, көшелеріне деген сүйіспеншілігін арттырып, тазалық пен тәртіпке жауапкершілікпен қарауға ынталандырады. Байқаудың басты мақсаты – ауылдық аумақтарды дамыту, экологиялық мәдениетті қалыптастыру және халықтың өмір сүру сапасын арттыру. Ершов ауылы осы талаптардың барлығына сай келіп, лайықты түрде жеңіске жетті, – деді ол.
Шұға Қоңқабай
Ұзынкөл ауданы
