Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар вице-министрі М. Ошурбаев Каспий теңізінің теңіз ортасын қорғау жөніндегі негіздемелік конвенциясы Уақытша хатшылығының үйлестірушісі Махир Алиевпен кездесті.
Кездесу барысында Тегеран конвенциясы мен оған хаттамаларды іске асыру, сондай-ақ Каспий теңізі экожүйесін қорғау саласындағы өңірлік ынтымақтастық мәселелерінің кең ауқымын талқылады.
Тегеран конвенциясының Тұрақты хатшылығын құру және орналастыру мәселесіне ерекше назар аударылды. Тегеран конвенциясы хатшылығының институционалдандыру мәселелері жөніндегі Арнайы жұмыс тобының қызметін жандандыру қажеттілігімен келісті.
Сонымен қатар, тараптар теңіз ортасын қорғауға, экожүйелерді қалпына келтіруге, ластануға қарсы күреске және жағалаудағы аумақтарда орнықты инфрақұрылымды дамытуға бағытталған бірқатар жобаларды іске асыру мәселелері бойынша пікір алмасты.
Кездесу барысында қазақстандық тарап Тегеран конвенциясының Уақытша хатшылығынан Каспий теңізінің су ресурстарын сақтау жөніндегі мемлекетаралық бағдарламаны әзірлеу мәселесін талқылау үшін бес Каспий маңы елдерінің қатысуымен кездесу ұйымдастыруға жәрдесуді сұрады.
Каспий теңізі деңгейінің ауытқуы бойынша 2025-2035 жылдарға арналған іс-қимыл жоспарын қабылдау мәселесі де маңызды тақырыптардың бірі болды. Бұл жоспар Каспий өңірі елдерінің бірлескен бейімделу шараларын әзірлеуге бағытталған.
Қазақ Каспий теңізінің ғылыми-зерттеу институтының қызметі туралы ақпарат бере отырып, вице-министр М. Ошурбаев Тегеран конвенциясы аясындағы ғылыми және сараптамалық ынтымақтастықты нығайтудың маңыздылығын атап өтті және қазақстандық тараптың 2026 жылы мамырда Баку қаласында жоспарлнанған «Каспий теңізі деңгейінің өзгеруі: себептері, модельдеу және бейімделу стратегиялары» атты ғылыми конференцияға белсенді қатысуға ниетті екенін растады.
Бұдан бөлек, тараптар Өңірлік экологиялық саммит аясында Каспий мәселелеріне арналған жеке іс-шара өткізуді қарастыруға уағдаласты.
Кездесу соңында тараптар өзара ынтымақтастықтың одан әрі нәтижелі дамуына сенім білдірді.
Айта кету керек, Тегеран конвенциясының Уақытша хатшылығының қызметін Біріккен Ұлттар Ұйымының Қоршаған орта жөніндегі бағдарламасының Женева қаласындағы Еуропалық кеңсесі атқарады.
