Халық сөзі – үлкен жауапкершілік. Оны аудандағы депутаттар қалай сезініп жүр? Немесе жұртшылықтың оларға айтары не?
Мәслихат депутаттары ауыл тұрғындарымен кездесті. Олар сапарын ұлт ұстазы А.Байтұрсынұлының туған жерінен бастауды жөн санап, ондағы жұртшылықтың талап-тілегін тыңдады. Ауыл халқын толғандырып отырған ең өзекті мәселе – жол.
– Аудан орталығынан шалғай орналасқандықтан, жол қатынасы жолаушыны да, жүргізушіні де қысы-жазы шаршатып жібереді. Ахмет атамыздың 150 жылдығында бастау алған жолдың құрылысы тоқтап қалды. Енді қайтып жалғасын таба ма, таппай ма? Ұялы байланыс пен интернет желісінің де сапасы төмен. Жаңа Қазақстанның жаңа сайланған депутаттарына айтпаған ұсынысты кімге айтамыз, – дейді Ахмет ауылының тұрғыны, қарт ұстаз Әбдісалық Жақсымбеков.
Қарасу бөгетін қалыпқа келтіру қажет болып тұр. Көктем айында тасыған су ұзақ тұрмайды. Кері кетіп жатыр. Жайылым мен шабындық мәселесі өз алдына. Ақсақал осы мәселелерді де тілге тиек етті.
Мұндағы жастар кәсіп ашуға ынталы. Бірақ, бәрінің қайтарымсыз несиеге қолы жетіп жатқан жоқ. Аудан орталығына екі-үш рет барған Болат Молдағалиев налып, көңілі қалып оралды. Себебі, жауапты мекемелердің мамандары мардымды түсінік бермеген. Депутаттармен бірге барған жұмыспен қамту орталығының маманы Марғұлан Бақытжанұлы мемлекет тарапынан берілетін қайтарымсыз несиелердің заңдылығын егжей-тегжейлі түсіндіріп берді.
Ал, көршілес Ақкөл ауылын толғандырып отырған түйткіл – жол мен шабындық. Биыл су мол түскенімен, қуаңшылық болуы тиіс деп алаңдайды. Халық қалаулылары айтылған ұсыныс-пікірлерді атқарушы билік өкілдеріне жеткіземіз деп сендірді. Депутаттардың кезекті сапары Қалам-Қарасу ауылдық округінде жалғасты. Бұл жердегі тұрғындардың да алаңы күнкөрісіне, түлігінің қамына қатысты.
«Дамыған заманда көштен қалғымыз келмейді. Қазір малды бұрынғыдай атпен емес, техникамен бағатын болдық. Ауылдағы екі үйдің бірінде мотоцикл бар. Өрісте жүрген малымызды барып қарайық десек, учаскелік полиция өкілдері айыппұл салады. Құжатсыз жүруге болмайды. Сіздер бізге құжат жасауға көмектесе аласыздар ма?», – дейді ауыл тұрғыны Асқарбек Жұмабекұлы.
Бұл сұраққа жергілікті полиция бөлімі басшысының әкімшілік құқық бұзушылық жөніндегі орынбасары Ермек Оразбаев нақты жауап берді. Оның айтуынша, мұндағы мотоциклдерге ешқандай құжат рәсімделмейді. Себебі, қытай елінен арнайы қорапқа салынып, қосалқы бөлшектер ретінде келеді екен. Сондықтан заң аясында қажетті құжаттар жасалмайтынын кесіп айтты. Айтпақшы, ауылдың мейірбикесі Жазира Оңдасынқызы үй-үйге қысқы су құбырын тартып беру жөніндегі ұсынысын жеткізді. Бұл енді алдағы уақыт еншісінде. Ауылдағы халық саны 250 адамнан аспайды. Жауапты мамандардың сөзіне сүйенсек, ауыз су 500-ге жуық халқы бар елді мекендердегі үйлерге ғана тартылады. Үкіметтің де қойған талабы – бюджет қаржысын үнемдеп жұмсау.
Ақшығанақ ауылдық округі мен Шеген ауылының тұрғындары талап-тілектерін байыппен жеткізді. Оның барлығы хаттамаға толтырылып, атқарушы органдарға жолданатын болады.
«Орынды ұсыныстардың уақытылы орындалуына күш жұмсауға әзірміз. Бұдан 8 жыл бұрын ауыл жұрты ұялы байланыс торабы, интернет желісін тарту, таза ауызсу мәселелерін көп қозғайтын. Бүгінде оның бәрі бірте-бірте шешіліп қалды. Енді жол қатынасы мен жайылым жер мәселесі шешімін тапса игі», – дейді аудандық мәслихаттың төрағасы Анар Ержігітова.
Ауылдарда мал ұрлығы мен жоғалу фактісі де жиі кездесіп тұрады. Рас, кезекпен мал бағуды ұмытқан елді мекендер бар. Өрістен малы жоғалса, полиция бөліміне шағымданады. Түлігі табылмаса, «қызметтерін дұрыс атқармады» деп шенділерге кінә тағады. Малдың амандығын тілесек, алдымен ауызбіршілік танытып, кезек ұйымдастырған абзал. Бұл ретте малды кезекпен бағуды Сужарған ауылынан үйренуге болады.
Байбатыр НИЯЗБЕКҰЛЫ.
Жанкелдин ауданы.