Соңғы жылдары қалада Мемлекет басшысының салауатты өмір салтын қалыптастыруға және қазақстандықтарды бұқаралық спортқа тартуға көп көңіл бөлуін есеріп, спорттық инфрақұрылымды дамытуға көп күш жұмсалып келеді.
Бұл жолғы спорт нысандары Арқалық арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында пайдалануға берілді.
Спорттық инфрақұрылымды дамыту, жастарға жайлы орта қалыптастыру және орталықтың қызмет алушыларының бос уақытын тиімді өткізу үшін «Aspan Energo» ЖШС өз қаражаты есебінен құны 20 миллион теңге болатын шағын футбол алаңы мен жаттығу жасауға арналған тренажерларды орнатып берді.
Нысандардың салтанатты ашылуында қала әкімі Әмірхан Асанов құттықтау сөз сөйлеп, инвесторға Алғыс хат табыстады.

Келесі кезекте аталмыш серіктестіктің жоба жетекшісі Ли Руй Чанг сөз алып, құттықтау лебізін білдірді. Айтыс ақтаңгері Айбек Қалиев қалада атқарылып жатқан игілікті істерге ел атынан ризашылығын білдірді.
Орталықтың қызмет алушысы Ұлан Болатұлы да шынайы алғысын жеткізді. Орталық директоры Бағлан Әшімова ыстық ықыласымен бөлісіп, қонақтарға қызмет алушылардың қолымен жасалған ескерткіш сыйлықтарды тарту етті.


Керме қию құрметі Қостанай облысының мүгедектігі бар адамдар арасындағы Спорт фестивалінің корнхол ойынының жеңімпазы Анастасия Недоцукова мен асық ату ойынының жеңімпазы Александр Алиевке берілді.

Көңілді саз ырғағының аясында ұлттық дәстүрімізге сай шашу шашылып, алаң иелеріне ала доптар тарту етілді. Орталықтың қызметін 150 адам алады.
Мұрат Жүнісұлы
Суреттерді түсірген – автор
Арқалық қаласы
