Шомылу маусымы биыл қалай аяқталды? Фото: yandex.kz

Шомылу маусымы биыл қалай аяқталды?

Қостанай қаласының төтенше жағдайлар басқармасы биылғы жазда жүргізген рейд қорытындысында ересектердің қадағалауынсыз өзенге түсуге барған балаларды анықтапты. Дәл осындай 700 оқиға ресми түрде тіркелген.

Балалардың қауіпсіздігіне салғырттық танытқан ата-аналармен сөйлесіп, бұл жағдай туралы білім беру ұйымдарына хабарланыпты. Тиісті орган сақтандыру жұмыстарын тұрақты жүргізгеніне қарамастан шомылу маусымы кезінде үш адамның суға кеткені өзекті өртейді. Оқыс оқиғаның үшеуі де ресми рұқсат етілген жағажайда болған. Қайғылы жағдай адамдардың мас күйінде суға түсуі салдарынан туындапты.

Қала бойынша төрт рұқсат етілген қауіпсіз шомылатын жер бар. Олар «Мишутка», «Мохито», «Ақ шаңырақ» демалыс базалары мен орталық жағажай аумағында. Соған қарамастан тұрғындар рұқсат етілмеген жерлерге барып, суға түсуге әуес.

Қалалық төтенше жағдайлар басқармасы жергілікті әкімдікпен бірлесе 25 ескертпе және тыйым салу белгілерін орнатты.

Қ.Мұратбекқызы