Мемлекет басшысы кәсіби мерекеге орай мұғалімдерді құттықтап, білім саласында аянбай еңбек етіп жүрген ұстаздар қауымына зор алғысын білдірді. Жоғары марапат иелерінің қатарында – Қостанай жоғары политехникалық колледжінің директоры, педагогика ғылымдарының кандидаты Құсайын Қаткенов бар.
Ол «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» құрметті атағына ие болды. Құсайын Амангелдіұлы білім саласында 38 жыл бойы еңбек етіп келеді, оның 33 жылдан астамы басшылық қызметпен байланысты.
Білікті басшы мен тәжірибелі педагог ретінде ол облыстық және республикалық деңгейдегі түрлі марапаттарға ие болған. Атап айтқанда, ҚР Білім және ғылым министрлігінің Құрмет грамотасымен, «Қазақстан Республикасының Білім беру ісінің үздігі», «Білім беру ісінің құрметті қызметкері», «Ы. Алтынсарин» төсбелгілерімен және бірқатар алғыс хаттармен марапатталған. Біз Құсайын Амангелдіұлымен осы марапат, білім беру саласындағы реформалар және ұстаздық ұстаным жайлы әңгімелестік.
– Құсайын Амангелдіұлы, алдымен жоғары мемлекеттік марапат – «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» атағын иеленуіңізбен құттықтаймыз! Бұл марапат сіз үшін нені білдіреді?
– Рақмет. Мен үшін ғана емес, бүкіл ұжымым үшін үлкен қуаныш. Бұл марапат еліміздің білім беру саласындағы ұзақ жылғы еңбектің, табандылықтың және адал қызметтің жемісі. Мұндай деңгейдегі марапатқа жету, үлкен толқу мен мақтаныш тудырды. Мен 38 жыл бойы осы салада еңбек етіп келемін. Оның ішінде 33 жылдан астам уақытты колледждер мен білім ұйымдарын басқаруға арнадым. Бұл жол оңай болған жоқ. Бірақ мен үнемі бір қағиданы ұстанып келемін – ұстаздық тек білім беру емес, адамды қалыптастыру, қоғамға қызмет ету. «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» атағы үлкен жауапкершілік. Бұл менің ғана еңбегім емес, менімен бірге аянбай еңбек етіп келе жатқан ұстаздар қауымының ортақ жетістігі деп білемін.
– Сіздің басқаруыңыздағы Қостанай жоғары политехникалық колледжі бүгінде республикадағы алдыңғы қатарлы оқу орындарының бірі. Колледж қандай жетістіктерге жетті?
– Соңғы жылдары колледжде көптеген стратегиялық жұмыстар атқарылды. Ең бастысы – біз заманауи білім беру жүйесіне көшуге бағытталған нақты қадамдар жасадық.
Мысалы, «Жас маман» жобасы аясында біз 7 оқу зертханасы, 2 өндірістік шеберхана және 1 оқу кабинетіне заманауи құрал-жабдықтар орнаттық. Бұл құралдар әлемдік жетекші брендтерге тиесілі. Жоба аясында Финляндияның Soprano Group компаниясымен серіктестік орнатып, олардың оқу бағдарламаларын енгіздік.
2024 жылы колледжіміз халықаралық аккредиттеуден сәтті өтіп, 07210300 – нан пісіру, макарон және кондитер өндірісі мамандығы бойынша халықаралық деңгейде лицензия алды. Біздің студенттерге тек қазақстандық емес, шетелдік стандарттарға сай білім алуға мүмкіндік береді деген сөз.
Сонымен қатар колледж дуальды оқыту жүйесін белсенді түрде дамытып жатыр. Қазір біз өңірдегі 13 ірі кәсіпорынмен бірлесіп жұмыс істейміз. 2022 жылы «Баян Сұлу» АҚ және «ЭПК Forfait» ЖШС секілді ірі өндіріс орындарымен қамқоршылық туралы меморандумға қол қойдық.
Біздің білім алушылар WorldSkills Kazakhstan чемпионаттарында 2019 жылдан бері тұрақты түрде алтын, күміс, қола медальдар мен медальондарға ие болып келеді. 2020-2024 жылдар аралығында колледжіміз «ҚР колледждерінің Топ-100 студенті» байқауында үш бірдей студенттің жетістігімен ерекшеленді. Сонымен қатар, 2019 және 2025 жылдары «Қостанай облысының техникалық және кәсіптік білім берудің үздік ұйымы» атандық, ал республика көлемінде рейтингте бірінші орынға шықтық.
– Ұстаз ретінде сіздің негізгі өмірлік ұстанымыңыз қандай? Қандай мұғалімді нағыз ұстаз деп есептейсіз?
– Менің басты ұстанымым, ұстаз – тек білім көзі ғана емес, тәрбиеші, үлгі боларлық тұлға, жол көрсетуші. Ұстаз – ең алдымен адамды жақсы көруі керек. Мен әрдайым «Оқушының жүрегіне ең сенімді жол – шынайы махаббат. Баланы жақсы көретін адам ғана нағыз ұстаз бола алады» деп айтып жүремін. Біздің қоғамда ұстаздың рөлі ерекше. Ол ел ертеңін қалыптастыратын тұлға. Сондықтан ұстаз рухани-адамгершілік қасеттерге бай, кәсіби этиканы ұстанатын, білім беруде жаңашыл болуы керек. Мен басқаратын колледжде осындай ұстаздар бар. Мысалы, 2022-2023 оқу жылында Ж.Контробаева мен Е.Төлегеновке «Үздік педагог» атағы берілді, ал Е.Риженко «Ы.Алтынсарин» төсбелгісімен марапатталды. Биыл оқу жылында ұстаздар күні қарсаңында Ж.Сағандықова, Г.Мақанова «Ы.Алтынсарин» төсбелгілерімен марапатталды. Ұжымдағы кәсіби деңгейдің жоғары екенін көрсетеді.
Бізде оқытушылардың шығармашылық әлеуетін дамытуға ерекше көңіл бөлінеді. Олардың кәсіби дамуына мүмкіндік жасап, республикалық тренингтер мен курстарға қатысуға жағдай туғызамыз. Қазіргі таңда колледждің төрт педагогы «Talap» штаттан тыс жаттықтырушылары ретінде жұмыс істеп, басқа өңірлердің мұғалімдерін оқытып жүр.
– Сұқбатыңызға рақмет, Құсайын Амангелдіұлы! Ұстаздық жолыңыз бен колледждегі жұмысыңыз өзгелерге үлгі боларлық екені сөзсіз. Алдағы еңбегіңізге сәттілік тілейміз!
Шұға ҚОҢҚАБАЙ
