Бүгінде облыс бойынша 11 771 шаруашылық субъектісі тіркелген, оның ішінде 1 718 – жоғары, 812 – орташа және 9 241 – төмен тәуекел дәрежесіне жатады. Мемлекеттік өрт бақылауы аясында тек 2,6% кәсіпкерлік нысан тексерумен қамтылған.
Министрліктің жаңа регуляторлық саясатына және шағын, микробизнеске жарияланған мораторийге сәйкес, өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша негізгі жауапкершілік объекті басшыларына жүктеліп отыр.
«2015 жылдан бері кәсіпкерлерге өрт қауіпсіздігі бойынша келісім алу талабы алынып тасталды. Кәсіпкерлер арасында түсіндіру жұмыстарын күшейту мақсатында өңірлік «Атамекен» палатасымен бірлесіп 87 дөңгелек үстел өтіп, 612 кәсіпкер қамтылды. Жыл басынан бері кәсіпкерлік нысандарында 41 өрт тіркелді. Өрттердің негізгі себептері – электр жабдықтарын дұрыс қолданбау және отпен абайсыз әрекет», – дейді облыстық Төтенше жағдайлар департаменті бастығының міндетін атқарушы, полковник Назарали Селимов.
Өрттің алдын алу мақсатында ақпараттық-түсіндіру жұмыстары белсенді жүргізілуде. Департамент барлық кәсіпкерлерге өрт қауіпсіздігі ережелерін қатаң сақтау қажеттігін ескертеді. Бұл – адам өмірі мен бизнесті қорғаудың басты кепілі.
Айтолқын АЙҚАДАМОВА
