Аманкелдінің шалғай ауылында ұрпақ сабақтастығы жалғасқан ұстаздар әулеті тұрады

Аманкелдінің шалғай ауылында ұрпақ сабақтастығы жалғасқан ұстаздар әулеті тұрады

Аманкелді ауданы Қарасу ауылында өніп-өскен Өтегеновтар отбасын жерлестері «ұстаздар әулеті» деп атайды. Өйткені бұл әулеттің ұл-қызы, келіндері қадірлі мамандықты меңгеріп, білім беру саласында жемісті еңбек етіп жүр.

Шаңырақтың жанашыры, отанасы Боранкүл Өтегенова жуырда Қостанай қаласында өткен «Еңбек жолы» байқауының жүлдегері атанды. Боранкүл апай Қарасу ауылындағы Жасбуын жалпы білім беретін мектебінен сауат ашып, одан кейін сол жерде 40 жыл ұстаздық етіп, биыл зейнеткерлікке шықты. Әкесі Мырзабек Қаненұлы да өз заманында мұғалім болыпты.

«Менің әкем мықты математик еді. Ауыл мектебінде 40 жыл абыроймен еңбек етіп, сол жерден зейнеткерлікке шықты. Соңынан ерген ұрпағына мұғалім мамандығының құдіретін ұғындырып өтті деуге болады. Ол кісі биыл 95 жасына қараған шағында дүниеден озды. Әкеміздің артынан біз де, балалары ұстаздық жолға түстік. Бауырларым, апа-сіңілдерім, жеңгелерім, келіндерім, ұлым бәрі оқу-ағарту саласында қызмет етіп келе жатыр. Зейнеткерлікке шыққандары да бар», – деді Боранкүл апай.

Кейіпкеріміз 1985 жылы сол кездегі Арқалық педучилищесін тәмамдаған. Одан кейін жаңа заман білімін игеріп, біліктілігін шыңдау үшін Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық мемлекеттік педагогикалық институтында оқыпты. Алғашқы еңбек жолын туған ауылындағы өзі сауат ашқан Жасбуын мектебінен бастаған. Жас маманның бұғанасы ерте қатайып, қадамын нық басуына әкесі Мырзабек ақсақал мен сол кездегі майталман маман Сейтжан Бадаев деген кісі тәлімгер болыпты.

blankЕсімдері аталған екі азамат қазір өмірден өтіп кеткен. Боранкүл апай көпті көрген білікті ұстаздардың ақыл-кеңесімен, бағыттауымен оқушының жүрегінен орын ала білді. Балаларға үйрете жүріп өзі де үйренді. Мектеп деген қайнаған тіршіліктің ордасы емес пе. Таңертең кіріп, кешке, қас қарая бірақ шығасыз. Кейіпкеріміз де сол тірліктің соңында жүріп аттай қырық жылдың қалай зу ете өте шыққанын аңғармай қалса керек.

«Біз әкемізге қарап бой түзеген сияқтымыз. Үйдегілердің бәрі мұғалімдік жолға түстік. Апам Айжамал математика пәнінің мұғалімі. Одан кейінгі мен, бастауыш сынып мұғалімі. Сіңілім Алмагүл де математика пәнінен сабақ берген. Қазір денсаулығына байланысты басқа жұмысқа ауысып отыр. Одан кейін Гүлвира, Ақтөбе қаласында тұрады. Қазіргі уақытқа дейін математика пәнінен сабақ беріп келе жатыр. Жеңгем Орынбасар ұзақ жыл бастауыш сынып мұғалімі болып, қазір құрметті зейнеткерлік демалыста. Балам Нағашыбай Өтегенов сызу, сурет, бейнелеу өнері пәнінің ұстазы. Келінім Сымбат қазақ тілі мен әдебиетінің маманы. Бәріміз осы жолды таңдағанымызға ешқашан өкінген емеспіз. Ұстаздық ету – ұлы қызмет», – деді Боранкүл Өтегенова.

Мақала жазар алдында Боранкүл апаймен телефон арқылы сөйлестік. Кейіпкеріміз адамның қалыптасу жолында мамандық таңдау кезеңі өте маңызды қызмет атқаратынын айтты. Шынымен де, мына жалғанда әркім өз жолын табу, өмірден өз еншісін алу үшін мамандық таңдауда қателеспеу керек. Ал мамандықтың жаманы жоқ. Бастаған істің жемісін жеп, жетістікке жетудің сыры еңбекте, талмай ізденуде жатыр. Қырық жыл ұстаздық етке Боранкүл апайдың бізге айтқан оймақтай ойы осындай.

Қымбат ДОСЖАНОВА

Суреттерді кейіпкеріміз жолдады

Аманкелді ауданы