Еңбек адамының құқығы – басты назарда

Еңбек адамының құқығы – басты назарда

Мемлекет басшысы Ұлттық инвесторлар кеңесінде бизнеске қолайлы орта қалыптастыру, инвестиция тарту және кәсіпкердің құқығын қорғау жөнінде тапсырма бергені белгілі. Осыған сай жыл сайын мемлекеттік органдардың есеп беру кездесулері өткізіліп келеді. Осындай жиынның бірі жуырда облыс әкімдігінде өтті.

Басқосуда Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Қостанай облысы бойынша департаменті басшысының міндетін атқарушысы Бақыт Қашырбеков сөз сөйлеп, еңбек заңнамасының сақталуы, өндірістегі қауіпсіздік пен жалақы қарызы жайлы кеңінен баяндады.

Ең өзекті мәселе – еңбекақы төлеу. Биылдың өзінде еңбек инспекциясына 1200-ден астам арыз түскен, оның басым бөлігі жалақыға қатысты. Жыл басынан бері 209 мекеме тексеріліп, 263 заң бұзушылық анықталған. Соның нәтижесінде жұмыс берушілерге 126 нұсқама беріліп, 139 айыппұл салынып, 9 ескерту жасалды.

Қазір еңбек қатынастарында цифрландыру да қарқын алып келеді. Мәселен, Қостанай облысындағы 193 мыңнан астам жұмыскердің 93 пайызы еңбек шарттарын электронды түрде рәсімдеген.

– Бұл бағытта жұмыс жалғасуда. Алдағы уақытта еңбек шарттарын уақытында тіркемеген жұмыс берушілерге айыппұл салынады, – деді Бақыт Қашырбеков.

Жалақы берешегі ең көп жиналған кәсіпорынның бірі – «СХОС Заречное» ЖШС. Мұнда 92 жұмыскерге тиесілі қарыз көлемі 52,3 млн теңгеге жеткен. Қазір бұл мәселе бойынша іс сот орындаушыларына жіберілді.

Жиында өндірісте жарақат алу жайы да сөз болды. Биылғы сегіз айда облыста 54 жазатайым оқиға тіркелсе, оның 15-і қайғылы жағдаймен аяқталған. Бұл өткен жылға қарағанда 17 пайызға аз. Маман­дардың айтуынша, мұндай оқиғаларға ең алдымен өндірісті дұрыс ұйымдастырмау, жұмыскерлердің салғырттығы мен еңбек тәртібін сақтамауы себеп болып отыр.

Осыған байланысты еңбек инспекторлары жыл басынан бері 162 кәсіпорынға барып, түсіндіру жұмыстарын жүргізген. Ең бастысы – әрбір еңбек адамының қауіпсіздігі мен құқығын қорғау, жалақының уақытылы төленуін қамтамасыз ету екені баса айтылды.

Отырыста қаралған мәселенің бірі кәсіпкерлік нысандарындағы өрт қауіпсіздігі талаптарының сақталуы. Бүгінде облыс аумағында 11 мың 771 нысан тіркелген. Оның ішінде 1718-і жоғары тәуекелді, 812-сі орташа, ал 9 241-і төмен тәуекелді санатқа жатады. Жыл басынан бері тек 2,6 пайызы ғана тексерілген.

2015 жылдан бастап кәсіпкерлерге өртке қатысты келісім құжаттарын алу талабы алынып тасталды. Бұл да бизнесті қолдау бағытындағы маңызды қадам болғанымен, өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету әр кәсіпкердің басты міндеті болып қала береді. Биыл облыс аумағында кәсіпкерлік нысандарында 41 өрт тіркелген. Бұл былтырғы жылмен салыстырғанда 7 пайызға аз.  Алайда материалдық шығын көлемі артқан. Өрттердің жартысына жуығы электр жабдықтарын орнату және пайдалану кезінде ережелерді сақтамау сынды жағдайлардан туындаған.

«Атамекен» үлттық кәсіпкерлер палатасы кәсіпкерлердің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауды. Өткен сегіз айда Палатаға 563 жазбаша өтініш түскен. Мәселені шешу үшін жеке қабылдаулар да өтеді. Оң шешімін тапқандар да бар.

Мәселен, жер учаскесін рәсімдеу, рұқсат құжаттарын алу сияқты түйткілдер кәсіпкерлердің уақыты мен қаржысын үнемдеуге мүмкіндік берді. Алайда басты назар – дауды сотқа жеткізбей шешу. Осы мақсатта биыл кәсіпкерлер палатасы жанынан арнайы Кеңес құрылған.

– Аймақта кәсіпкерлікті дамытуға қолайлы жағдай жасалып отыр. Бұл – мемлекеттік органдардың, құқық қорғау құрылымдарының және бизнестің бірлескен жұмысының нәтижесі, – деді Ренат Дәулетпаев өз сөзінде.

Айтолқын АЙҚАДАМОВА