Әр іске мұқият, еңбекте адал жандар

Әр іске мұқият, еңбекте адал жандар

Елімізде қыркүйектің соңғы жексенбісінде машина жасаушылар күні атап өтіледі. Кейінгі жылдары бұл сала қарқын алды. Әсіресе, Қостанай өңірінің өндірістегі рөлі басым. Машина жасау – ел экономикасының негізгі салаларының бірі болғандықтан, кәсіби мереке ерекше маңызға ие. Қостанайдағы Allur кәсіпорны мерекені Жастар сарайында кең ауқымда атап өтті.
Кәсіпорын қызметкерлері, серіктестері мен құрметті қонақтарына тақырыптық интерактивті және ойын-сауық аймақтарын ұйымдастырды. Қызметкерлер өзара пікір алмасып, түрлі алаңда болып жатқан іс-шараларға қатысып сергіп қалды.

blank blank

Жұмысшылар арасында PlayStation, iPhone, Dyson, Apple Watch және AirPods сияқты бағалы сыйлықтар ойнатылған лотерея өткізілді. Жергілікті өнерпаздар, ән-биден шашу шашып, жүзден аса қызметкер марапатталды.

Баршаға белгілі, Allur автомобиль компаниясы барлық санаттағы автокөлік құралдарын шығаратын еліміздегі жалғыс кәсіпорын. Іс-шараға Қостанай қаласының әкімі Марат Жүндібаев қатысып, сала мамандарын құттықтады.

blank

«Сіздерді кәсіби мерекелеріңізбен құттықтаймын! Кәсіпорынның 14 жылдық жұмысының нәтижесінде, бүгінде Қостанайды сенімді түрде машина жасау орталығы деп айтуға болады. Бүгінгі таңда зауыт жеңіл автомобильдер ғана емес, ауыр техника мен автобустар да шығарады. Оның бірегейлігі де осы. Кәсіпорында 3600-ге жуық маман еңбек етеді. Зауыт заманауи технологиялармен жабдықталған, бұл жыл сайын шығарылатын өнім көлемін арттыруға мүмкіндік береді. Тек биылдың өзінде 100 мыңға жуық автотехника шығару жоспарланған. Бұл тек жоғары сұраныс пен сатып алу қабілетін ғана емес, сонымен қатар салық түсімдері арқылы қаланың дамуына қосылған елеулі үлесті көрсетеді. Сіздерге табыс, өркендеу және барлық жақсылықты тілеймін», – деді Марат Жүндібаев.

Жұмыскерлер ҚР Өнеркәсіп және Құрылыс министрлігінің, Қостанай облысы мен қала әкімінің Құрмет грамоталарымен және «Еңбек өтілі 10 жыл» деген төсбелгімен марапатталды. Марапат иелерінің қатарында контейнерлермен жұмыс істеуге арналған тиегіш көлігінің жүргізушісі Жаңабай Сарманов бар. Қостанайға қоныс аударған жылы бірден осы кәсіпорынға орналасқан.

«Кәсіпорында жұмыс істеп жүргеніме биыл он жыл. Жұмысым көліктік логистикамен байланысты. Біздің уақытша сақтау қоймамызға үш жол келеді – төртінші, бесінші және алтыншы. Олар арқылы әртүрлі инвесторлардың контейнерлері – түрлі маркалы автомобильдер келеді. Біз оларды түсіріп, цехқа жібереміз, тартқыштармен тасымалдаймыз. Жұмыс оңай емес, ауысыммен істейміз», – дейді білікті маман Жаңабай Сарманов.

Кәсіпорын бүгінде әлемдік алты брендтің елуден астам моделін өндіреді. Зауытта үш мыңнан астам қызметкер еңбек етеді. Жұмысшыларға жайлы жағдай туғызу үшін жатақхана да салынған. Зауыттың бас директоры Сырым Семейбаев сөз алып, қызметкерлерге табыс тіледі.

«Сіздер қажырлы еңбектеріңіздің арқасында тек қала үшін ғана емес, облысқа да үлкен серпін беріп келесіздер. Кәсіпорынның өңір экономикасына әсері орасан. Сол себепті, сіздерге зор сенім артамыз. Жаңа пайдалануға берілген жатақханада біздің қызметкерлер, жас мамандар тұрып жатыр. Әрине, мұнымен тоқтамаймыз. Алдағы уақытта кәсіпорын қызметкерлерінің балаларына балабақша салу жоспарымызда бар. Осылайша, компанияда жұмыс істеп жатқан әр маманға қолайлы жағдай жасаймыз», – деді бас директор Сырым Семейбаев.

Allur компаниясының басты байлығы, оның негізгі капиталы – сүйікті ісіне тек еңбегін, білімі мен тәжірибесін ғана емес, сонымен қатар жан жылуын салатын адамдар. Салтанатты жиынға жас мамандар да көп қатысты. Солардың бірі – зауыттың мемлекеттік реттеу бөлімінің жетекші маманы Ильдар Абдулов. Ол кәсіби мерекесі күні ҚР Өнеркәсіп және Құрылыс министрінің Құрмет грамотасын алды.

«Зауытта студент кезімнен, шамамен бес жылдай жұмыс істеп келемін. Техника мен машина жасау саласы маған өте қызықты. Жақында ғана «Allur Just Start» деп аталатын жаңа бағдарламаға қатыстым. Бұл бағдарлама жастарға, яғни олардың дамуына, өзара қарым-қатынастарын нығайтуға бағытталған. Осы бағдарлама аясында Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген жастар Астана қаласында жиналды. Біз өз акционеріміз Андрей Сергеевич Лаврентьевпен кездестік. Мен Қазақстан Республикасының Өнеркәсіп және Құрылыс министрлігімен жұмыс істеймін. Жобалар, келісімдер, өнеркәсіптік құрастыру, негізінен кәсіпорын бойынша жұмыстар атқарамын. Қостанайда оқыдым, толық білім алдым. Қазір магистратураға түсіп жатырмын. Болашақта Қостанай қаласында машина жасауды одан әрі дамытуды жоспарлаймын», – дейді жас маман Ильдар Абдулов.

Кәсіпорындағы жауапты қызметтің бірі – қойма меңгерушісі. Ирина Беликованың бұл істі атқарып жүргеніне тура он жыл. Жұмыс күрделі, адамдармен тығыз қарым-қатынас орнатуды талап етеді.

«Алғаш келген кезімде машина жасау, тіпті автомобильдер саласынан өте алыс болдым, сондықтан маған оңай болған жоқ. Алайда, әріптестерімнің арқасында, олардың көмегімен және кеңестерімен қазір өзімнің ісімнің нағыз маманы болдым деп айта аламын. Енді мен де кейін келген жас мамандарға ақыл-кеңес беріп, көмектесемін. Жұмысымды өте жақсы көремін. Ұжымдағы адамдар да ұнайды. Барлығы мейірімді, жауапкершілігі мол. Кез келген сәтте көмектесуге дайын тұрады. Құрал-саймандарға және жеке қорғаныс құралдарына жауап беремін, оларды қызметкерлерге таратамын. Ұсақ-түйек заттардан бастап, ірі құралдарға, бұрағыштарға, гайкабұрағыштарға дейінгі барлық құралдар менің қолымда. Осының бәрі машина құрастыратын адамдарға беріледі», – дейді жауапты маман иесі Ирина Беликова.

Машина жасау кез келген заманауи индустриалды дамыған мемлекет экономикасының маңызды саласы. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев машина жасауды дамыту өнеркәсіптік тәуелсіздікті нығайту, жаңа жұмыс орындарын құру және озық технологияларды енгізу үшін стратегиялық қажеттілік екенін бірнеше рет айтқан.

 

blankӨйткені мықты машина жасау кешенінсіз қорғаныс, көлік, энергетика салаларын тұрақты дамыту мүмкін емес.

«Қазақстандық машина жасаушылар қойылған міндеттерді абыроймен орындайды, шығарылатын бұйымдардың номенклатурасын кеңейтеді, жаңа технологиялық әзірлемелерді енгізеді, тұтастай алғанда елдегі экономикалық өзгерістер көшбасшыларының қатарында. Қазақстанның машина жасауы экономикалық өсудің, жұмыспен қамтудың және экспорттың локомотивтерінің біріне айналатынына сенімдімін», – деп атап өтті мемлекет басшысы.

Әрбір жетістіктің артында адамдар – инженерлер, конструкторлар, техниктер және жұмысшылар тұрады. Сол себепті, адал еңбектің арқасында қуатты индустрияның іргетасы қаланатыны сөзсіз.

Сералы МЫРЗАБАЙ

Суреттерді түсірген – Айдана МАРАТ