«Жасыл ел» отрядына сұраныс артты

«Жасыл ел» отрядына сұраныс артты

Қостанай қаласында «Жасыл ел» еңбек жасағын ұйымдастыру үшін жыл сайын бюджеттен қомақты қаражат бөлінуде. Жобаны іске асыруға биыл 58,3 млн теңге, былтыр 49 млн теңге бағытталған. 2023 жылмен салыстырсақ қаржыландыру 42%­ке артқан. Бұл жайында қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы Олжас Дүйсеков бүгінгі өткен аппарат кеңесінде айтты.

Биыл конкурстық рәсімдердің қорытындысында «Даму КСТ» қоғамдық бірлестігі жеңімпаз атанып, «Жасыл ел» жобасын жүзеге асырушы ретінде белгіленді. Жергілікті мердігердің жастар жобаларын жүзеге асыруда тәжірибесі бар деді баяндамашы.

blank blank

Өткен жылы еңбек жасағының жұмысына Қарағанды қаласынан келген ұйым жетекшілік еткен болатын. Алайда, өзге облыстан келген мердігердің таңдалуы салдарынан жобаны іске асыруда белгілі бір қиындықтар туындапты.

«Үш ай ішінде қаланы көгалдандыруға және абаттандыруға 450 жас тартылды. Олар жоғарғы және орта, арнаулы оқу орындарының студенттері, жоғары сынып оқушылары, 35 жасқа дейінгі жұмыссыз жастар. Марат Қонысбайұлы, сіздің былтырғы тапсырмаңызға сәйкес, сұраныстың жоғары болуына байланысты биыл жастардың санын 100 адамға көбейттік. Биыл жасыл ел жасағының «жауынгерлері» көгалдандыру ісімен қатар саябақтар, скверлер мен аллеялардағы ағаштарды кесу, тротуарларды жинау және басқа да көптеген абаттандыру жұмыстарын жүргізді. Жасыл елде жұмыс істегісі келетіндердің саны жыл сайын артып келеді. 2024 жылдан бері жалақы 45%­ке өсті. Мұның өзі жас буынды еңбек етуге ынталандыруда»,-деді Қостанай қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы Олжас Дүйсеков.

Қала әкімдігінің коммуналдық шаруашылық бөлімінің тізіміне сәйкес «Жасыл ел» жастары бес мердігер ұйымға бөлінген. Олар «Таза жол АТ» ЖШС, «Конгломерат KZ» ЖШС, «Капитал груп союз» ЖШС, «ДК Максат» ЖШС, «АБЗ плюс» ЖШС.

blank blank

Бұл ұйымдар «жауынгерлерді» маусым бойы жұмыс орнына тасымалдап, қажетті құралдармен қамтамасыз етті. Биыл «Жасыл елдіктердің» қатары тағы 100 адамға артты. Бұл қадам «Жаңа өмір» ЖШС мердігерлдік ұйымының саябақтар мен скверлерді жинау жұмыстарына қосымша күш тартуға мүмкіндік беріпті.

«Үш айлық еңбектің қорытындысы есебінде «Жасыл ел-2025» маусымының жабылу салтанаты өтті. Үздік отрядтар, бригадирлер алғыс хаттар, естелік сыйлықтармен марапатталды. Белсенді қатысушылар да аталып өтілді. «Жасыл ел» жобасына қатысуда үш, тіпті төрт жылдық тәжірибесі бар «жауынгерлерді» ерекше атап өткім келеді. 6-тамызда «IQostanay» оқушылар сарайында «Үздік шебер» облыстық  жұмысшы мамандықтар форумы ұйымдастырылды. Конкурс қорытындысы бойынша 8 жеңімпаз анықталды. Олардың әрқайсысы 100 мың теңге көлемінде ақшалай сертификат алды. Абаттандыру және коммуналдық қызмет көрсетудің үздік маманы аталымында «Жасыл ел Қостанай» жасағының бригадирі Артём Ширяев жеңіске жетті. Ол жобаға үшінші жыл бригадир ретінде қатысып, өз тәжірибесімен жас «жауынгерлерге» үлгі көрсетуде»,-деді Олжас Дүйсеков.

«Жасыл ел» жобасының мақсаты жастарды жазғы мезгілде жұмысқа орналастыру ғана емес, өскелең ұрпақтың бойында экологиялық мәдениет, табиғат және қоршаған ортаны жауапкершілікпен қарауға баулу. Биылғы жылы «Жасыл ел» жобасын іске асыру Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев жариялаған «Таза Қазақстан» жалпы ұлттық экологиялық бағдарламасы аясында ұйымдастырылғанын атап өткен жөн.

blankblank blank

«2024 жылға дейін «Жасыл ел» жасағында 350 адам еңбек етті. Биыл сұранысқа сәйкес қатарға тағы 100 адам қостық. Жастардың жалақысын 45 %-ке көбейттік. Бүгінде еңбек отрядының жауынгерлері 120 мың теңгеден алды. Мектеп оқушылары мен студенттер үшін бұл дегеніңіз қомақты қаражат»,-деді Қостанай қаласының әкімі Марат Жүндібаев.

Қымбат ДОСЖАНОВА

Суреттерді түсірген Айсұлу Жанажігітова