Қостанайдың Горький мектебінде Абайға арналған рухани кеш ұйымдастырылды

Қостанайдың Горький мектебінде Абайға арналған рухани кеш ұйымдастырылды

Қазақ халқының рухани өмірінде өшпес із қалдырған ұлы ақын, ғұлама ойшыл Абай Құнанбаевтың 180 жылдығына орай еліміздің түкпір-түкпірінде тағылымды іс-шаралар өтуде.

Осындай игі бастамалардың бірі Қостанай қаласындағы А.М. Горький атындағы гимназияда ұйымдастырылды. «Абай – ұлт руханиятының темір қазығы» атты әдеби кеш ұлы ойшылдың мұрасын жас ұрпаққа насихаттауды мақсат етіп, оқушыларға рухани бағыт-бағдар сыйлады.Кешті қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдерінің әдістемелік бірлестігі ұйымдастырды.

blank

Іс-шараға дарынды оқушылар мен ұстаздар қатысты. Сондай-ақ, құрметті қонақ ретінде белгілі жазушы, журналист, қоғам қайраткері, филология ғылымдарының кандидаты, профессор Ақылбек Шаяхмет шақырылып, кештің мазмұнын тереңдете түсті.Әдеби кеш Абайдың өмірі мен шығармашылығына арналған бейнебаянмен ашылды. Бұл көрініс оқушылар мен көрермендерді ақынның рухани әлеміне жетелеп, оның терең ойларымен қайта қауыштырды.

Одан әрі гимназия оқушылары ақын шығармашылығынан үзінділер оқып, әндерін шырқап, Абай рухын ұлықтады.

blank

Ян Венгерский  – Абайдың «Ғылым таппай мақтанба» өлеңін, Дарья Цой  – «Күз» өлеңін мәнерлеп оқыды.

Мадина Мұхамбет  пен Дмитрий Баршаков  Абайдың «Көзімнің қарасы» әнін орындап, көрермен ықыласына бөленді.

Кеш соңында Зубенко Софияның «Желсіз түнде жарық ай» әнін тебіреніспен орындауы жиынның әсерлі нүктесі болды.Кеш барысында мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Ақжібек Сәлімжанқызы Абай мұрасының ұлттық сана қалыптастырудағы маңызын атап өтті:

blank

«Абайдың рухани мұрасы – ұлттық санамыздың негізі. Осындай шаралар арқылы жас ұрпақтың жүрегіне от жағып, адамгершілік пен ұлттық құндылықтарға деген сүйіспеншілігін арттыру өте маңызды. Балалар Абайдың қара сөздері мен өлеңдері арқылы өмірлік сабақ алады, рухани дамып, болашаққа сеніммен қарайды. Мұндай іс-шараларды жиі өткізіп, жас буынды саналы азамат ретінде тәрбиелеу – біздің басты мақсатымыз», – деді ұстаз.

Ал қазақ тілі пәнінің мұғалімі Әсел Салықова Абай мұрасын оқушылар тәрбиесіне енгізу жолдарын және тіл үйретудегі тәжірибесін бөлісті:

«Абайдың қара сөздері – адамгершілікке тәрбиелеудің маңызды құралы. Біз жас ұрпақты тек қана өлеңдерін жаттауға емес, оның терең ойларын түсініп, өмірлік ұстаным ретінде қабылдауға үйретеміз. Осындай әдеби кештер балалардың бойында рухани құндылықтарды қалыптастырып, олардың тәрбиесіне зор ықпал етеді. Абайдың мұрасы – біздің ұрпақ үшін мәңгілік рухани қазына. Менің ойымша, қазақ тілін екінші тіл ретінде бесінші сыныптан бастап оқыту өте тиімді. Бұл жаста балалар тілдік заңдылықтарды саналы түрде қабылдап, өз ойларын жүйелі жеткізуге дайын болады. Сабақ барысында тек тілдік материалдарды ғана емес, табиғат құбылыстарын, халық ауыз әдебиетін, өлең-жырларды, мақал-мәтелдер мен жұмбақтарды қолдану – оқушылардың қызығушылығын оятады. Осындай тәсіл арқылы бала сөздің мағынасын ғана емес, оның ар жағындағы мәдени мұраны да түсіне бастайды», – деді ұстаз.

Кештің маңызды бөлігінің бірі – профессор Ақылбек Шаяхметпен өткен ашық сұхбат болды. Ол оқушылардың Абай өмірі мен шығармашылығына қатысты сауалдарына жауап беріп, ақын мұрасының бүгінгі күнмен байланысы туралы терең ойларымен бөлісті:

blank

«Абай – жай ғана ақын емес, ол – адамгершілік пен әділеттің символы. Оның әрбір сөзі – адамзатқа ортақ үндеу. Бүгінгі жастар Абайды тану арқылы өз болмысын түсініп, өмірлік бағыт алады. Абай – мәңгілік мұраның иесі», – деді қоғам қайраткері.

Оқушылар Абайдың 19-шы және 25-ші қарасөздерінен үзінділер оқып, олардың мазмұнын заманауи өмірмен байланыстыра талдады. Бұл оқушылардың тек жаттап қана қоймай, Абай ойларын түсінуге ұмтылып жатқанын көрсетті.Әдеби кештің жоғары деңгейде өтуіне ұйытқы болған қазақ тілі мен әдебиеті пәні бірлестігі ұстаздарының еңбегі орасан зор.
Шаттық Рафхатқызы, Бақытгүл Аманжолқызы, Айгүл Адамбекова, Гүлнар Шопшибаева, Ақжібек Сәлімжанқызы, Асылхан Бағдатұлы, Балайым Жансейтовна, Ақмарал Сабитова, Нұржамал Курдеева, Сания Әуезханова, Айбар Қайыржанұлы, Гүлсім Аманжолова және басқа да мұғалімдер бірлесе еңбек етіп, кештің мазмұнды әрі тәрбиелік мәні жоғары өтуіне үлес қосты.

blank blank

Кеш соңында оқушылар атынан:

«Аға, сізге шын жүректен алғыс! Өз біліміңізді бөлісіп, бізге рухани күш-қуат сыйладыңыз. Кездесу өте әсерлі және жоғары деңгейде өтті. Біз сізден көп нәрсе үйрендік. Сізге зор денсаулық пен шығармашылық табыс тілейміз!» – дескен ризашылық сөздер де айтылды.

Осындай әдеби-көпшілік іс-шаралар — өскелең ұрпақтың бойында ұлттық сана мен рухани мәдениетті қалыптастырудың маңызды құралы. Абайдың мұрасы — тек өткеннің емес, бүгін мен болашақтың да темірқазығы.

Ұлы ойшылдың сөзімен айтқанда, «Адамның адамшылығы – ақыл, ғылым, жақсы ата, жақсы ана, жақсы құрбы, жақсы ұстаздан болады». Бұл кеш – дәл осы ұстанымның жарқын көрінісі болды.

Диана Алмасқызы

Ақерке Арыстанбай,

студент

Суреттерді түсірген Диана Алмасқызы