Биыл Қазақстан Республикасына еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, Болат Хамзиннің туғанына 85 жыл.
Тума талант иесі атанған сазгердің есімімен аталатын өнер мектебі бүгінгі таңда халыққа қалтқысыз қызмет жасап, Болат Хамзиннің өміржолы мен әндерін жалпақ жұртқа насихаттап келеді. Сөзімізге нақты ХVIII – ші рет ұйымдастырылып отырған «Таланттарды іздейміз» атты ән байқауы дәлел бола алады.
Аудандық мәдениет үйінде Б.Хамзин атындағы өнер мектебінің мұрындық болуымен өткен ән байқауына 13 мектептен 28 оқушы қатысып, киелі сахнаның шырайын келтірді. Байқау шарты бойынша үміткерлер сазгердің бір әнін және еркін тақырыпта кез – келген әнді орындауға болады. Бұл жолғы байқаудың ерекшелігі үміткерлердің көптеп қатысқаны. Сахна мәдениеті, орындаушылық шеберліктері көрермендердің жүрегін баурап алды. Қазылар алқасына да жеңімпаздарды таңдай оңайға соқпады. Десекте, жүзден жүйрік атану, әр байқаудың басты талабы. Ән байқауында жақсы өнер көрсеткен 22 үміткерге арнайы «Сертификат» табысталды.
Жүлделі бірінші орынды Ш.Уәлиханов атындағы жалпы білім беретін мектебінің оқушысы Фатима Шыңғысқызы жеңіп алды. Екінші орынды Албарбөгет жалпы білім беретін мектебінің оқушысы Мирас Самат иеленді. Үшінші орынды Жангелдин атындағы жалпы білім беретін мектебінің оқушысы Нұрдана Қанатқызы иемденді. Ш.Уәлиханов атындағы жалпы білім беретін мектебінің оқушысы Зейнеп Сәбитбек «Әуезді әнші», Н.Иванов атындағы жалпы білім беретін мектебінің оқушысы Жанайым Бауыржан «Көрермен көзайымы», А.Қоңқабаев атындағы жалпы білім беретін мектебінің оқушысы Еркеназ Төленді «Жігерлі әнші» номинацияларымен марапатталды.
Сонымен қатар, жас әншілердің жетекшілеріне өнер мектебінің директоры Жанар Асанханқызы алғыс хаттар табыс етті.
Байбатыр НИЯЗБЕКҰЛЫ.
Жанкелдин ауданы