«Еңбек жолы» және «Парыз» байқауларының өңірлік жеңімпаздары марапатталды

«Еңбек жолы» және «Парыз» байқауларының өңірлік жеңімпаздары марапатталды

Еңбек күніне орай және Жұмысшы мамандықтарының жылы аясында Қостанайда «Еңбек жолы» және «Парыз» республикалық байқауларының өңірлік кезеңінің жеңімпаздары салтанатты түрде марапатталды. Іс-шараға Қостанай облысы әкімінің орынбасары Гүлбарам Мұсағазина арнайы қатысып, еңбек адамының қоғамдағы орны мен маңызын айтты.

«Еңбек жолы» байқауы – үздік еңбек әулеттері мен өз ісінің шеберлерін дәріптеуге арналған жоба. Бұл – ұрпақтар сабақтастығы мен кәсіпке деген құрметті танытатын маңызды бастама. Ал «Парыз» – бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін бағалайтын, адамдардың өмірін жақсартуға үлес қосып жүрген кәсіпорындарды марапаттайтын платформа. Еңбекқорлық пен адал еңбек – кез келген қоғамдағы құрметтің белгісі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та ел дамуына еңбек адамының қосатын үлесін әрдайым атап өтеді», – деді облыс әкімінің орынбасары.

Рудный қаласынан Созоновтар әулеті «Ең үздік еңбек әулеті» номинациясында жеңімпаз атанды. Атадан балаға жалғасып келе жатқан бұл отбасының сегіз мүшесі Соколов-Сарыбай кен байыту комбинатында қызмет етеді. Әулеттің негізін қалаған Анатолий Созонов отыз алты жыл бульдозер жүргізушісі болып еңбек еткен.

blank

«Бүгінгі жеңіс – ата-бабамыздан дарыған еңбекқорлықтың, адал еңбектің нәтижесі. Соколов-Сарыбай комбинаты – біздің әулеттің тағдырымен тығыз байланысты мекеме. Жастардың еңбек жолын жалғастырып жатқаны – үлкен мақтаныш», – дейді отбасы мүшесі Татьяна.

Меңдіқара ауданынан Гонушевичтер әулеті медицина саласындағы еңбегімен танылды. Екі ғасырлық еңбек өтілі бар бұл отбасының бірнеше буыны – ақ халатты абзал жандар. Әулеттің үлкені әскери дәрігер болып отыз жыл қызмет атқарған. Қазір немересі бейімдеу орталығында травматолог болып еңбек етеді.

blank

«Біздің отбасымыз үшін медицина – мамандық қана емес, өмірлік миссия. Еңбектің арқасында ғана адамға сенім, абырой келеді. Немерелеріміз бұл жолды жалғастырып жатқаны бізге үміт пен сенім береді», – дейді Вячеслав Гонушевич.

Аманкелді ауданының Қарасу ауылынан Боранкүл Өтегенова да «Еңбек жолы» байқауының жүлдегері  атанды. Оның жанұясы – нағыз ұстаздар әулеті. Әкесі Мырзабек Өтегенов қырық жыл ауыл мектебінде мұғалім болып, осы жерден зейнетке шыққан. Боранкүл апай да әкесінің жолын жалғастырып, сол мектепте қырық жыл ұстаздық қызмет атқарып, биыл ғана зейнетке шықты.

blank

«Ұстаздық – ұлы мамандық. Әкемнің жолын жалғастырып, бір мектепте қырық жыл еңбек еттім. Бүгін біздің әулеттің еңбегі бағаланғаны – үлкен құрмет. Бұл – барлық ұстаздар қауымына көрсетілген құрмет деп білемін», – дейді Боранкүл Өтегенова.

Ұстаздық жолды бүгінде оның баласы Нағашыбай мен келіні Сымбат жалғастырып келеді.

Жітіқара қаласынан Асылбек Арыстанбеков «Ең үздік жас қызметкер» атанды. Ол Комаров тау-кен өндірісінде электромонтер болып еңбек етеді. Политехникалық колледжді аяқтаған соң әскер қатарына алынып, борышын өтеп келген соң осы салаға қайта оралған. Қазір алтыншы разрядтағы маман ретінде өндірісте жауапты жұмыстар атқаруда.

blank

«Жас болсақ та, еңбекке деген көзқарасымыз шынайы. Электромонтер болу – жауапты іс. Бұл байқауда жеңіске жету мен үшін үлкен мотивация болды. Жұмысшы мамандықтарының қадірі артып жатқаны қуантады», – дейді Асылбек.

«Үздік тәлімгер» номинациясында екінші орын иеленген  Анатолий Мальцев Жітіқарадағы механикалық жөндеу зауытында токарь болып он алты жылдан бері еңбек етіп келеді.

blank

«Жастарға үйретіп, тәжірибемен бөлісу – мен үшін парыз. Өндірісте істеген жылдар ішінде сан маман тәрбиеледік. «Үздік тәлімгер» атану – бұл тек маған емес, бүкіл зауыт ұжымына берілген баға», – деді ол.

Қостанай облысында 800 мыңнан астам халық тұрады, олардың жартысына жуығы – түрлі экономикалық салаларда еңбек ететін жандар. Сарыбай-Соколов комбинаты, СарыарқаАвтоПром, Агромаш Холдинг, Баян Сұлу, KIA сияқты ірі кәсіпорындар жыл сайын жаңа мамандарды қажет етеді. Ал жыл сайын 6000-нан астам жас маман оқу орындарын тәмамдап, еңбек нарығына қосылып жатыр.

blank blank blank blank

Іс-шара барысында түрлі салада ұзақ жылдар бойы аянбай еңбек етіп келе жатқан азаматтардың өмір жолы баяндалды. Қатысушылар нағыз еңбек адамдарымен жүздесіп, олардың табандылығы мен кәсібилігінен тағылым алды. Қонақтар еңбек ардагерлерінің өмірлік тәжірибесі мен кәсіби кеңестерін тыңдап, шабыттанды. Бұл іс-шара – елді алға сүйрейтін, дамытатын, құндылықтарды қалыптастыратын еңбек адамдарына арналған шынайы құрмет пен алғыс белгісі болды. Еңбек күні – маңдай термен ел экономикасының іргетасын қалаған барша азаматтарға білдірілген алғыс пен құрмет күні.

«Еңбек жолы» мен «Парыз» байқаулары – қоғамның еңбек адамдарына деген құрметінің айғағы. Әрбір жеңімпаздың артында адал еңбек, жауапкершілік пен ұрпаққа үлгі боларлық өмір жолы жатыр. Еңбек – ұлттың тірегі, ал еңбек адамы – елдің негізі екенін бұл шара тағы бір мәрте дәлелдеді.

Айбек ЖҮЗБАЙ

Суреттерді түсірген Айдана МАРАТ