1 шілдеден бастап полиция тұрмыстық зорлық құрбаны арыз түсірмесе де, іс қозғайды. Заңға енген жаңашылдық туралы Қостанай облысы ПД жергілікті полиция қызметі басқармасының әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының аға инспекторы Ботагөз Өтқұлбаевадан білдік.
Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, полиция қызметкері өтінішсіз «үй тирандарын» жауапқа тарта алмайды. Сөйтіп «агрессорлардың» тек 17%-ы ғана жазаланды. Сондықтан статистика бойынша бұрын болған тұрмыс-
тық жанжалдардың 12%-ы қайталанады.
Ішкі істер министрлігі құқықтық қолдану практикасын және зерттелген халықаралық тәжірибені ескере отырып, қылмыстық және әкімшілік кодекстеріне түзетулер әзірледі. Президенттің Қазақстан халқына Жолдауын орындау үшін жауапкершілік күшейтілді. Сонымен, 1 шілдеден бастап Полиция тұрмыстық құқық бұзушылықтарды тіркеуді өтініш беру сипатынан анықтау сипатына ауыстырады. Жаңа түзетулер жәбірленушілердің өтінішісіз тұрмыстық зорлық-зомбылық жасау фактісі бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғауға мүмкіндік береді.
Хаттама жасау үшін куәгерлердің, көршілердің айғақтары, бейнебақылау камералары мен бейнетіркегіш жазбалары жеткілікті болады. Соңғы шешімді сот қабылдайды. Тараптарды қайта татуластыру мүмкіндігі алынып тасталады.
«Қазір тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы материалдардың жартысы татуласуға байланысты сотта тоқтатылады. Бұндай жағдайлар көбіне агрессордың сонымен қатар оның туыстарының сендіруі немесе қысымымен орын алады. Мысалы, жыл басынан бері аймақ бойынша тұрмыстық жанжалдарға қатысты 4 мыңға жуық әкімшілік құқықбұзушылық тіркелді. Оның 30%-ы жәбірленуші тараптың арызын кері қайтарып алуына байланысты тоқтатылды. Сонымен қатар, төрт айда әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау жөніндегі топтың инспекторларына 100-ге жуық әйел кеңес алу үшін жүгінді. Жалпы, өткен жылы дағдарыс орталығына 290 адам жіберілді. Енді 1 шілдеден бастап сотта бір рет қана татуласуға мүмкін болады. Бұл психологиялық қысымнан туындайтын зардап шеккендерге қатысты қатал әрекеттерді тоқтатуға мүмкіндік береді», – дейді Ботагөз Өтқұлбаева.
Сонымен қатар, тұрмыстық зорлық-зомбылық жасағаны үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік күшейді. Әкімшілік қамауға алудың нақты мерзімдері анықталды. 19 мамырдан бастап Қылмыстық кодекстің денсаулыққа ауыр және ауырлығы орташа зиян келтіру қылмысын жасауға байланысты жекелеген баптарға өзгерту енгізілді. Бұл «Кінәліге материалдық немесе өзге де тәуелділіктегі адамға қатысты іс-әрекет жасау» деп танылады (ҚК 106-бабы, ҚК 107-бабы).
Бұл қылмыскерді оқшаулау үшін қамауға алу санкциясын қолдануға, сонымен қатар жауапкершілікті күшейтуге мүмкіндік береді (ҚК 106-бабының 1-бөлігінің санкциясы 3 жылдан 8 жылға дейін, 106-бабының 2 – бөлігі бойынша 6 жылдан 10 жылға дейін ҚК 107-бабының 1-бөлігінің санкциясы 2 жылға дейін, 2-бөлігі 3 жылға дейін).
Сонымен қатар, Әділет министрлігімен бірлесіп қоғамдық жұмыстарды қолдану мәселелері пысықталып жатыр. Тұрмыстық зорлық-зомбылық жасаған «агрессорларды» тұрғын үйінен заңмен шығару мүмкіндігі қарастырылмақ.
«Кез келген азамат тегін, жасырын түрде консультациялық көмек ала алады. Тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккен адамдар дағдарыс орталықтарында уақытша паналай алады, сондай-ақ ол жерде оларға медициналық, әлеуметтік-құқықтық және басқа да көмек көрсетіледі», – деп атап өтті ол.
Естеріңізге сала кетейік, тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандары Қостанай облысы жергілікті полиция қызметі басқармасы әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының аға инспекторы Ботагөз Өтқұлбаеваға 52-68-19 телефоны арқылы хабарласа алады. Сондай-ақ, «Қазақстанның репродуктивті және жыныстық денсаулық қауымдастығына» 8-7142-53-22-35 нөмірі арқылы хабарласуға болады немесе мобильді 102 «SOS» телефоны жұмыс істейді.
Шұға ҚОҢҚАБАЙ.