МІРЖАҚЫП ТОЙЫ: МАҢҚЫСТАУЛЫҚ БАУЫРЛАР БАС БӘЙГЕДЕН ҮМІТКЕР

МІРЖАҚЫП ТОЙЫ: МАҢҚЫСТАУЛЫҚ БАУЫРЛАР БАС БӘЙГЕДЕН ҮМІТКЕР

Торғай төсінде дүбірлі той басталады. Жүректі лүпілдеткен торқалы тойға алыстан ат жаратып әкеліп жатқан қандастарымыз да аз емес.

Солардың қатарына құт қонған қоныс Маңғыстау тумаларын да жатқызуға болады.

Ат жаратып, тақымын қысып, күні-түні тыным көрмей жүрген туғандарымызды орайы келгенде жолықтырып, істеп жүрген істеріне қызығушылық танытқан едік.

Бізге жас та болса көкірек көзі ояу Асқарбек Күзенбайдан аз кем сыр суыртпақтаудың сәті түсті.

«Жылқы жануарды жақсы көрмейтін қазақ жоқ. Аттарымыздың негізгі бапкері Нұрсағым Тұқымбайұлы. Біз сол атбегінің жанына еріп, аттарды жаратуына қосшы болып, көмектесіп жүрміз. Жалпы, Маңғыстаудан 500 шақырым жарысқа 2 команда алып келдік. «Суын» деген командамызда 3 қыз, 2 жігіт, «Көкмойнақ» деген командамызда 5 жігіт жарысқа қатысайын деп жатыр. Бұған қосымша Міржақып атамыздың 70 шақырымдық аламан бәйгесіне 2 ат әкеліп тұрмыз. Аттарымыздың бәрі де ұлы бәйгеге қатысып, ұдайы жеңімпаз болып жүрген арғымақтар. Ол аттарымызды бүгін 15-20 шақырым шауып, денесін қыздырып, ертең демалтып, арғы күні Алла қаласа жарысқа қосамыз. Жеңсек бас жүлдеге тігілген автокөлікті алып кетеміз, жеңбесек және ренішіміз жоқ», – дейді атбегінің көмекшісі Асқарбек ініміз.

Біздің көзіміз о баста байланып тұрған көк атқа түскен еді.

«Мына 6 жасар атты жаңа қожайыны Астанадан келіп 2 миллион теңгеге сатып алды. Бәйге аттарымен бірге алып келдік. Достықпен, таныстықпен арзандау бағалап алып жатыр. Болмаса жүйрік аттың құны аз болмайды», – деп бір қайырды атжанды жігітіміз.

Тойға деген тілегін де бүгіп қалмады.

blank

«Атамыздың тойына тілер тілегіміз, Торғай тарихы терең құтты мекен. Небір зобалаңды басынан өткергенін тарихтан білеміз. Алдағы уақытта халқы бейбітшілікте, берекеде, ауызбіршілікте бола берсін деп тілейміз. Жылдан жылға ауылдарымыздың сәні келіп, барлық көшелері көркейе берсін. Елдің азаматтары туған мекендерін түлетуге мүмкіндігінше атсалысып жатқанының куәсі болдық. Алла тағала Торғай перзенттерін сол тектіліктерінен айырмасын. Той тойға ұлассын», – дейді маңғыстаулық бауырымыз Асқарбек Сағынышұлы.

Қонақтар Қайрат Омаров есімді торғайлық азаматтың үйіне аялдапты.

blank

«Міржақып атамыздың тойына келіп, бәйгеге ат баптап жатқан кісілерді кешеден бері құдайы қонақ қылып күтіп жатырмыз. Астанадан да келген қонақтар бар. Алла сәтін салып тойымыз жақсы өтсін. Қазақ елі көркейіп, гүлдене берсін», – дейді аузын ашса жүрегі көрінген жарқын жүзді жерлесіміз.

 

Мұрат Жүнісұлы

Суреттерді түсірген – автор

                                                                        Жанкелдин ауданы