Көлік тізгіндеген көкөрім. Тыйым салар заң бар ма?

Көлік тізгіндеген көкөрім. Тыйым салар заң бар ма?

Алысқа бармай-ақ, тек өткен айда Жетісу облысында көлік тізгіндеген 15 жасар мектеп оқушысы 4 жасар баланы басып, сәби шетінеп кетті. Ал, Батыс Қазақстан облысында жасөспірім жүк көлігінің рөлінде отырып, абайсызда әкесін мерт  қылмап па еді. Тіпті, жыл басында Ақтөбе сыртындағы демалыс орнында қарда жүретін көлік бір топ адамды қағып кетті.

Оқиға салдарынан 40 жастағы әйел қайтыс болып, бірнеше адам ауыр жарақат алды. Тізгінде отырған – кәмелетке толмаған жеткіншек.

Біздің облысымызда мұндай қайғылы оқиға тіркелмесе де, рөлде отыратын жасөспірімдер қатары баршылық. Оның үстіне, қазір мектеп оқушылары велосипедті былай қойып, екі дөңгелекті скутерлер, мопедтер, электрмобильдер мен квадроциклдерде жүйткуге әуестеніп алған. Жолдың заңын оқымаған жеткіншектер арасында ереже де жиі бұзылады.

Жаз келе жатыр, оқушылардың каникулы басталады да, бос уақыттары да көбейеді. Сол кезде балалар үшін көлікке мініп алып, көшеде сайрансалып жүруге «мүмкіндік». Бірақ, бұл қоғам үшін өте қауіп. Алдағы үш айдың апат-кесапатсыз тыныш өтуі әр отбасыға аса бағалы. Дәл осы тақырып редакциямызда өткен дөңгелек үстелге арқау болды. Қонақтарымыз – профессор, облыстық мәслихаттың депутаты Ғайния Есеева,  облыстық полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасының жол қозғалысы бойынша тобының аға-инспекторы Айнұр Жұмағұлова,  «Astana» телеарнасының Қостанай облысы бойынша меншікті тілшісі, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының Қостанай облыстық филиалының төрағасы Заңғар Санай.

Тілші: Біздің облысымызда жүргізуші куәлігінсіз көліктерге отыру деректері, ұсталғандар жайында айтып өтсеңіз.

Айнұр Жұмағұлова: Биылғы жылы кәмелетке толмағандар арасында көлік құралдарын басқару фактілері тіркелген жоқ. Өткен жыл бойы ондай деректер бар. Естеріңізде болса, Рудный, Арқалық қалаларында көлік тізгіндеген жасөспірімдер ұсталды. Абырой болғанда, жол-көлік оқиғалары тіркелмеді. Дегенмен, ол жеткіншектердің ата-аналары балаларына тізгінді бергені үшін жауапқа тартылды. Аманкелді ауданында жаяу жүргіншіні көліктің айнасымен қағып кеткен 17 жасар бозбалаға қатысты іс тіркеліп, ата-анасына айыппұл салынды.

Тілші: Жоғарыда атап өткеніміздей, көкөрімдердің скутер, мопед, екі дөңгелекті электрмобиль мен квадроциклге отыруы жарысқа айналып кетті. Осыған бір шектеу бар ма?

Айнұр Жұмағұлова: Қазіргі заңнама бойынша 16 жасқа толған жеткіншек қозғалтқыш құралының шегі 50 см3-ге дейін көлікті басқаруға құқы бар. Өткен жылы Қостанай, Қарабалық аудандары мен Жітіқара қаласында мопед және екі скутердің кінәсінен жол-көлік оқиғалары болды.

Жалпы менің өз ойым, скутерге отырғандарға да жүргізуші куәлігі міндеттелсе. Біз екі жыл қатарынан министрлікке мұндай ұсыныспен шығып келеміз. Себебі, кез келген көлікке отырған ересек бол, бала бол – жол қозғалысының қатысушысы. Он жыл бұрын мопедтерге 10 жасар бала да отыра беретін. Бұл дұрыс емес. Қазір екі дөңгелекті микромобильдерді 16 жастан жүргізу туралы ереже жол-көлік апаттарының азайғанын көрсетіп отыр. Бүгінгі таңда Астана, Алматы, басқа да мегаполистерде курьерлік қызмет кең етек жайып барады. Жастар көбіне фаст-фуд тағамдарын мекенжайларға жеткізумен айналысады. Сіз Алматыда 3 мың теңгенің тамағын автокөлікпен бір орыннан екінші жерге жеткізіп көріңіз. Одан гөрі скутерге мініп, кез келген көше, тар жолдар мен үйлердің арасынан емін-еркін жүре аласыз. Бірақ дәл осы курьерлердің кінәсінен үлкен қалаларда жол апаттары жиілеп тұр. Көліктің осы түрі біздің Қостанайда да кең таралып келе жатыр. Биылғы жазда скутерлер мен мопедтердің саны артады деген қауіп бар. Оның үстіне, ата-ананың рұқсатымен бала 14 жастан бастап жұмыс істеуіне болады. Жоғарыда айтқанымыздай, сол жасөспірімдер курьерлік, басқа да барып кел, шауып кел шаруаларды атқарамын деп екі дөңгелектіге отырады. Жай тізгін басқарса бір сәрі, мекенжай іздейміз деп немесе қоңырауға жауап беремін деп смартфонға қарайды ғой. Электрсамокаттар жылдамдықты сағатына 25 км-ден асырмау керек. Бұл жылдамдық адамды соғып өлтіру үшін жетіп жатыр. Заң бойынша жылдамдық 10-15-тен аспау керек.

Айталық, Алматыда велосипедшілерге арналған жеке жолдар бар, ал ол бізде жоқ. Қостанайда көлік үшін ортақ жол бар, велосипедшілерге арналған жеке жолдар жоқ. Менің ойымша, биылғы жылы электр скутерлерінің саны артуы мүмкін, егер өткен жылдары бізде олар мүлдем болмаса, яғни олардың қатысуымен болған апат бізде де болған жоқ.

Мына қызықты қараңыз, квадроциклдер автомобиль немесе мотоцикл санатына емес, тракторлар санатына жатады. Егер квадроциклдің қозғалтқыш көлемі 50 см3-ден жоғары болса, онда ол тіркеуден өтуі керек. Және ол қайда тіркеледі дейсіз ғой? Полицияның жол инспекциясына да емес, мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығына да емес, ауыл шаруашылығы мекемесіне тіркеледі. Квадроциклдің сәйкесінше тракторшы, машинистер секілді өзінің санаты болады. Егер тіркеуге алынбаған болса, оларға автомобиль жолдарымен жүруге тыйым салынады. Сол себепті, қазіргі балалар қозғалтқыш көлемі 50 см3-ден аз квадроцикл сатып алып жатыр.

Тілші: Қазір біз осы тақырыпқа қайта ораламыз. Ғайния ханым, сіз мәслихаттың жетінші, сегізінші шақырылымында депутатсыз. Осы екі шақырылым барысында дәл бүгін қозғалып отырған мәселе көтерілді ме?

Ғайния Есеева: Дәл осы мәселе екі шақырылымда да көтерілмеген екен. Жұмыс тобымен, комиссия құралып, жиналған жоқпыз. Мәслихаттың тұрақты комиссиясында немесе сессиясында қарастырылып бір құжаттарды көтергенін бақыламаппын. Дегенмен, бұл түйткіл өте өзекті. Өйткені, қазір жаз келе жатыр, біз болашақ жастардың демалысының жақсы өткенін қалаймыз, проблеманың алдын алуымыз керек. Айнұр ханымға жоғарыда айтқан ұсыныстарыңыз үшін рахмет! Мен оны толықтай қолдаймын және оны мәслихаттың отырысында көтереміз.

Заңғар Санай: Мына тақырыпты сәл ғана жалғастырып кетейін. 16 жасқа дейін шектеу қойған өте дұрыс болды. Өйткені біз кезінде көп сюжет жасағанбыз. Мопед, скутер мінуге бәріне рұқсат болды да. Көп балалар аварияға түсіп, скутер авто және жүк көліктерінің астында қалып қойған жан түршіктірерлік оқиғалар өте көп.

Енді 50 см3 дегенге қатысты мынандай мәселе бар. Қазіргі скутердің бәрі Қытайдан келіп жатыр. Біз бір оқиғамен бетпе-бет келгенбіз. Қытай жағы біздің елде жасөспірімдерге 50 см3-ден асырмау керек деген заңнаманы біледі де, мейлі 60 см3, 70 см3, 80 см3 болсын, құжат бойынша 50 см3 немесе елуге толтырмай жаза салады. Қозғалтқыш көлемі 49 см3 деп жазылып тұрса – тіркеуге алынды, бітті!

Бір оқиға болды, екі бала скутермен келе жатып, машинаға соғылған. Жасөспірімдер «скутерге құжат керек емес» дейді. Ондай жағдайда міндетті түрде микромобильді сараптамаға жіберу керек. Сараптама қорытындысы бойынша, скутердің қозғалтқыш көлемі 50 см3-ден төмен емес, 75 см3-ден жоғары болып шықты. Сөйтсе, ол көлік құралы ретінде болу керек екен. Ал спедометрінде жылдамдық шегі 120 км\сағ деп тұр. Сондықтан осы мәселені де реттеу керек. Мұндай қос дөңгелектілерді елге әкелген кезде бірден сараптама өткізу қажет.

Айнұр Жұмағұлова: Менің ойымша, кеден бекеттерінің жанынан дәл осы электр самокаттар, скутерлер, квадроциклдер, мопедтерді тексеретін, нақты қандай көлік құралының санатына жататыны туралы анықтама беретін сараптама бөлімдерін ашу керек.

Тілші: Біздің елде өткізу бекеті біреу ғана емес қой. Ал олардың бәріне сараптамалық орталықтар аша беру қыруар шығын. Сондықтан, Ғайния, осы мәселені сіз де мәслихат отырысында көтеруіңізге болады.

Айнұр, жоғарыда биылдан бастап электро-самокат көбейеді дедіңіз. Жалпы, осы көлік құралдарын басқаруға қатысты жасөспірімдердің арасында, мектептерде, колледждерде қандай да бір алдын алу іс-шараларын, профилактикалық жұмыс-
тар жүргізіп жатырсыздар ма?

Айнұр Жұмағұлова: Иә, биыл скутерлер, мопедтер көбейеді деген болжам бар. Бізде Оқу-ағарту министрлігі бекіткен бағдарламаларға сәйкес, мектептерде жол қозғалысы ережелерін білуге үйрету қажет. Білім саласы мектептерді барлық балалармен жол ережесін зерделеу бойынша сабақтар өткізуге міндеттейді. Өз тарапымыздан дәрістер өткіземіз, бейнероликтерді көрсетеміз және биылғы жылы облыс бойынша мектептерде мыңнан астам дәріс оқыдық. Бірақ біз дәрістерді тек мектептерде ғана емес, балабақшаларда да өткіземіз. Өйткені, велосипед туралы бүлдіршіндермен ғана емес, қазір олардың ата-аналарымен де сөйлесе бастадық.

Тілші: Заңғар, өзіңе сұрақ. Мысалы, ұлың өсіп келе жатыр, қазір 12-13-те, одан кейінгісі 6-7-де. Жалпы, балаларыңды осы мопед, скутер, квадроцикл қатарлы көлік құралдарына ерте жастан отырғызар ма едің? 

Заңғар Санай: Жоқ, ол мүмкін емес. Енді қазіргі қоғамда болып жатқан құбылыстарды мысал етейін. Мысалы, бір жолдасымның 16 жасар ұлы бар. Әкесі түнде жұмыстан шаршап келіп ұйықтап жатқанда, әлгі жеткіншек достарымен келіп, әкесіне білдірмей кілтін алып, көлікті түні бойы жүргізіп жүреді екен. Сосын досыма үнемі айыппұлдар келеді. Ереже бұзу уақытына қарайды – түнгі 3, 4. Ол түсінбейді, айыппұлды төлеп жүреді. Бірде түнде баласы полицияға ұсталып барып, істің мән-жайы әшкереленді. Ал досым ұлының кесірінен 200 мың теңге айыппұл өтепті. Бұл жерде ата-ананың да өте жауапкершілігі керек. Одан қалды, бәріміз де бала болдық қой. Мысалы, жасыратыны жоқ, бозбала кезімде әкем көліктің тізгінін бізге беріп, жанымызда отыратын. Қазір балам 13 жасқа аяқ басты. Машина жүргізейін деп айтпайды, бірақ ертең 16-17-ге толғанда оның да қызығушылығы оянуы мүмкін. Сол кезде не істерімді білмеймін. Саналы тұрғыдан бүгін ол бала 13-14 жастағы балаға көлік тізгінін беру үлкен қателік деп ойлаймын. Амандық болса енді 18 жасқа толса мінеді ғой. Бір анығы, үлкен ұл дәл қазір атқа мінуге құмар. Сондықтан оны демалыс күндері бірден атқа мінуге апарып тастаймын.

Айнұр Жұмағұлова: Тағы бір жайт, қазір жүргізуші куәлігін алу үшін автомектепте оқудың қажеті жоқ. Яғни, жүргізуші куәлігі бар әкесі баласына сабақ бере алады. Бірақ практикалық сабақ жалпы жолда емес, автодромдарда оқытылуы керек. Содан кейін бұл бала кәмелеттік жасқа жетеді, арнайы халыққа қызмет көрсету орталығына емтихан тапсыруға барады. Өз басым бұған қарсымын. Бұрын тексеріп, бақылап отырды, қазір оларда жоқ қой бақылау. Бұрын полиция қызметкерлері автомектептерді бақылап отырды, қазір тексеру құзыреті алынып тасталды. Бәрібір өз әкесі болса да, ол автомектептегідей білім бере алмайды.

Тілші: Әкесі баласына көлік жүргізуді үйретуге құқы бар деген өте қызық жаңалық екен. Мен, мысалы ғылым магистрімін. Сонда өз балама бакалавр біліміне үйімде оқытып алып, төрт жылдан кейін Ғылым министрлігіне «менің балама диплом беріңдер» дегенмен бірдей нәрсе ғой. Заң өкіліне мынадай сұрақ. Ата-ананың баласына көлік тізгінін берудің жазасы қандай?

Айнұр Жұмағұлова: Егер рульді берген кезде 16 жастан асқан бала ішімдік ішпеген болса, онда ата-ана Әкімшілік құқық бұзушылық Кодексінің 612 бабының 5 тармағы бойынша жауапқа тартылады. Оның жазасы 50 АЕК теңге айыппұл. Ал тізгіндегі жеткіншек жүргізуші куәлігі жоқ деген арнайы тармақ бойынша 20 АЕК теңге айыппұл төлейді. Егер рульді берген кезде 16 жастан асқан бала ішімдік ішкен болса, онда ата-ана 15 тәулікке қамалып, 7 жылға жүргізуші куәлігінен айырылады.

Тілші: Сіздерге сұрақ, әкесі баласына көлік жүргізуді үйрету деген дұрыс па?

Ғайния Есеева: Мен сізге бір мысал айтайын. Астанада бір кісі 6 жасар баласы көлікті өзінен жақсы жүргізеді деп мақтанып отыр. Үлкен жолға шыққанда тізгінді әлгі алты жасар балақайға беріп қойып, өзі ұйықтап жатады екен. Әкесі бесіктен белі шықпаған ұлына әбден сеніп алған. Енді баласы әкесіне маған квадроцикл керек қайта-қайта мазасын алып жатыр. Бұл деген сұмдық қой! Бетін аулақ, ертең сол бала шалт басып біреуді қағып кетсе немесе апатқа ұшыраса не болады? Жарайды, жол-көлік оқиғасынан тірі қалған күннің өзінде өмір бойына өкініш емес пе!

Қоғамда балалар жасаған кез келген заң бұзушылыққа ата-анасы жауап береді. Көлік жүргізуді балаға үйрету керек әрине. Бірақ, уақыты келген кезде.

Ғайния Есеева: Біздің заңнамамыз қазір мұны қаншалықты тоқтата алып жатыр деп ойлайсыз? Бәлкім, жазаны қатаңдату керек шығар?

Айнұр Жұмағұлова: Біздің заңымызды Ресеймен салыстыратын болсақ, тіптен қатаң. Айыппұлдар сомасы да көп. Біздегі айыппұлдар адамның әлеуметтік жағдайына да сәйкес келмейді. 50 АЕК аз емес қой.

Қазір жолдарда көптеген белгілер пайда болды, көп жүргізушілер оларды елей бермейді. Оның сыртына күн өткен сайын көліктер саны да көбейіп келеді, қай жерге барсаң да – кептеліс. Бізде Қостанайда веложол жоқ, яғни біздің автожолда көлікпен қатар велосипедшілер жүре береді. Бұл да өткір мәселе.

Тілші: Ғайния ханым, жалпы әңгіме ауанын түсіндіңіз. Сіз де енді осыған қатысты мәселені  мәслихатта көтереді деп сенеміз. Биылғы жазғы уақытымыз ешқандай апатсыз, адам өлімінсіз, қайғылы оқиғаларсыз өтсін деген тілегіміз бар. Телеарналарда, әлеуметтік желілерде тақырыбымызға қатысты бейне роликтер, жарнамалар көрсетіліп, көшелерде билбордтар ілініп жатыр. Енді соған ата-аналар құлақ асса. Бәріңізге рақмет, істеріңізге сәттілік тілеймін! Амандық болса, біз осы тақырыпқа қайта оралып отырамыз. Кәмелетке толмаған балаларға ең әуелі өзіміз жауапты болуымыз керек. Амандықта жүздескенше!

 

Сұқбаттасқан Қыдырбек ҚИЫСХАНҰЛЫ.

Суреттерді түсірген  Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ.

Материал әзірленіп жатқанда:

 Қала көшелерінде зуылдап жүрген самокаттарға енді талап күшеймек. Бұған қатысты Мәжіліс арнайы заң жобасын қарап, мақұлдады. Оған сәйкес электронды самокаттарға автожол жиегімен жүруге рұқсат етіледі. Алайда оны басқаратын адамға арнайы талап қойылады. Сонымен қатар бірнеше адамның мінгесіп жүруіне және жүк тасымалдауға тыйым салынады. Ішкі істер министрлігінің мәліметі бойынша, былтыр самокаттардың қатысуымен 43 жол көлік оқиғасы тіркелген. 1 адам қаза тауыпты. Биыл әзірге екі дерек. Бұл ресми тіркелгені ғана.

ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеханың түсіндіруінше, кез келген жағдайда самокат жаяу жүргіншімен соқтығысып қалса, басымдық жаяу жүргіншіде болады. Яғни, жаяу жүргінші зардап шегуші болып есептеледі. Самокат тізгініндегі адам алдын ала жылдамдығын түсіріп, жаяу жүргіншіні айналып өтуге міндеттеледі.

Веложолақтармен сағатына 25 шақырым жылдамдықпен жүйткуге рұқсат. Сондай-ақ автомобиль жолдарының оң жақ жиегімен, автобус жолақтарымен жүруге болады. Алайда оларға арнайы талап бар. 18 жасқа толған, кез келген санаттағы жүргізуші куәлігі бар, басына қорғаныш шлемін және жарық шағылыстыратын киім киген адамдар ғана самокатпен автожолдарға шыға алады.

Айта кетейік, заң жобасына бастамашы болған ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары қатарында Екатерина Смышляева бар.

Жаңалықтармен бөлісу