Шара барысында өңірдің әр ауданынан келген берекелі әулеттер марапатталып, елге үлгі ретінде таныстырылды.
Әуелден отбасы құндылығына ерекше мән берген қазақ халқы үшін шаңырақ пен Отан – ең қастерлі, киелі ұғымдар. Шаңырақтың биіктігі мен берекесі – ұлттың да қуаты мен келешегінің кепілі. Сондықтан да отбасы – мемлекеттің іргетасы, қоғамның тұрақтылығы мен берекесінің бастауы. Әр шаңырақтың ынтымағы жарасып, босағасы берік болмаса, елдің мықты болуы мүмкін емес.
Дәл осы ұстанымды негіз еткен «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауы – отбасылық құндылықтарды дәріптеп, жас ұрпақты өнегелі өмірге баулитын, ел ішінде татулық пен сыйластықты насихаттайтын маңызды жоба.

Салтанатты рәсімде облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов сөз сөйлеп, барша қатысушыларды құттықтады. Ол өз сөзінде елімізде отбасы институты әрқашан айрықша құрмет пен қолдауға ие екенін атап өтіп, шаңырақтың түтінін түзу шығарып, елге береке сыйлап отырған жанұяларға ризашылығын білдірді.
– Елімізде қыркүйектің екінші жексенбісі Отбасы күні мерекесі болып бекітілгені белгілі. Соның аясында барша жұрт бір-бірін құттықтап, отбасы құндылықтарын дәріптеуде. Осыдан-ақ мерекенің халық өміріне әбден сіңіп кеткенін байқаймыз. Өңірімізде отбасыларды қолдайтын түрлі бағдарламалар жүзеге асырылып жатыр. Ең бастысы, отбасымыз аман болып, мерейлі әулеттеріміз көбейе берсін. Бүгінгі жеңімпаздар облыстың намысын республикада қорғайтын болады, – деді Бақытжан Нарымбетов.

Байқаудың басты марапаты – облыстық кезеңнің жеңімпазы атағы Әулиекөл ауданынан келген Эгамбердиевтер отбасына бұйырды. Бұл әулет көпбалалы, үлгілі әрі ортасына сыйлы жанұя.
Отбасының анасы Қарлыға Сұлтанқызы – аудандық Аналар кеңесінің белсенді мүшесі, қоғамдық шаралардың алдыңғы қатарында жүретін жан. Қай істің де басы-қасынан табылып, өзгелерге үлгі болып келеді. Отағасы Жиянбай Қуанышұлы дәнекерлеуші мамандығын игерген, алайда денсаулығына байланысты сүйікті ісімен айналыспайды. Дегенмен шаңырақтың берекесін сақтап, ұрпақ тәрбиесіне бар жан-тәнімен үлес қосып отыр. Анасы болса аудандық аурухананың жансақтау бөлімінде санитар болып еңбек етуде.
Эгамбердиевтердің балалары ата-анасының еңбекқорлығын, ізгілігін бойына сіңіріп өскен. Үлкен ұлдары Ерғали – жоғары санатты травматолог-ортопед дәрігер, ел арасында қадірлі азамат. Қызы Шолпанай – «Айгөлек» балабақшасында тәрбиеленушілердің сүйікті ұстазы. Жарқынай – аудандық емханада медбике болып еңбек етеді. Ақмарал – Астанадағы Еуразия университетінің үздік студенттерінің бірі. Кенже қызы Ақбота – Шоқан Уәлиханов атындағы мектептің 10-сыныбында оқиды, облыстық олимпиадалардың жүлдегері атанып үлгерген, болашақ ғалым болуға талпынып жүр.
– Әулиекөл ауданына Өзбекстан жерінен 23 жыл бұрын көшіп келген едік. Қасиетті Әулиекөлдің топырағына сіңісіп, бізді бауырына басты. Халқы тамаша, кеңпейіл. Осында ұрпағымызды өрбітіп, қыз ұзатып, ұл үйлендіріп, құдандалы болып отырмыз. Келген күннен бастап еңбек етіп, балаларымызды жеткіздік. Енді олардың жетістігіне қуанамыз, – дейді отанасы Қарлыға Сұлтанқызы.
Эгамбердиевтер отбасының өнегесі – елге үлгі. Қиындыққа мойымай, берекелі шаңырақ құрып, балаларын тәрбиелеп, қоғамға пайдалы азамат етіп өсірген жанұяның еңбегі – құрметке лайық. Енді Эгамбердиевтер әулеті Қостанай облысының намысын республикалық деңгейде қорғайтын болады.

«Мерейлі отбасы» ұлттық байқауына қатысқан әулеттердің қай-қайсысы да мерейлі шаңырақ атағына әбден лайық. Байқауда тек бас жүлде иегерлері ғана емес, арнайы номинация иегерлері де марапатталып, ел алдында өнегелі істерімен үлгі болды.
«Салауатты өмір салтын ұстанатын отбасы» аталымын Меңдіқара ауданының Қожахметовтер әулеті иеленсе, «Ұрпақ тәрбиелеуші отбасы» атағы Амангелді ауданынан келген Тұрысбековтер отбасына бұйырды. Ал «Еңбегімен елге танылған отбасы» болып Денисов ауданының Пановтар отбасы танылды.
Тұрысбековтер әулеті – өнегелі өмірімен көпке үлгі болып келе жатқан шаңырақ. Әулеттің бәйтерегі Ізтілеуұлы Тұрысбек 1940 жылы Үштоғай ауылында дүниеге келіп, жастайынан еңбекке араласқан. Еңбек жолын қарапайым жұмысшыдан бастап, жүргізуші, киномеханик, совхоздың қойма меңгерушісі, пошта бөлімшесінің басшысы секілді сан түрлі салада адал қызмет етті. Екі мәрте ауылдық және аудандық деңгейде депутат болып сайланып, ел сенімін ақтаған абыройлы азамат.
Бүгінде 85 жасқа толған ақсақал зайыбы Жаңыл Төлеубайқызымен бірге «Алтын тойын» атап өтіп отыр. Жаңыл апа бар ғұмырын еңбекке арнаған ардақты ана. 12 бала тәрбиелеп өсіріп, бүгінде 37 немере мен 22 шөбере сүйіп отырған ақ жаулықты әже. Бұл әулет – салт-дәстүрге берік, ауылдастарына өнегелі өмірімен үлгі болып келе жатқан отбасылардың бірі.
–Бүгінгі марапатқа отбасымызбен түгел келіп отырмыз. Балалардың өсіп өркендегінін көру бір бақыт. Отбасының байлығын, құндылығын сақтау керек, – дейді ақсақал.
Осындай өнегелі әулеттердің қоғамдағы орны ерекше. Олар елдігіміздің, бірлігіміздің үлгісі. Жас ұрпаққа еңбек пен татулықтың, сыйластық пен мейірімнің нағыз үлгісін көрсетіп келеді.

Айтолқын АЙҚАДАМОВА
Суреттерді түсірген Б.Көркембаев
