Облыс әкімі Құмар Ақсақалов оңтүстік өңірлерге сапары барысында Арқалық қаласына да ат басын тіреп, жаңа нысанның пайдалануға беру рәсімінде құттықтау сөз сөйледі.
Қала орталығында ұзақ жылдар бойы қағажу көріп тұрған бұрынғы «Қазақстан» кинотеатры күрделі жөндеуден кейін ел игілігіне қайта берілді. Жаңа нысан спорт кешеніне лайықталған.

Онда: волейбол, баскетбол, үстел теннисі, фитнес және жаттығу залдары жұмыс істейді.
Қуанышты сәтте құттықтау сөз сөйлеген облыс басшысы Құмар Ақсақалов өзінің қала тұрғындарымен бірге ерекше көңіл күйге бөленіп тұрғанын тілге тиек етті.

«Арқалық — жаныма жақын қала. Өйткені, менің балалық шағым осы қалада өтіп, мектепті осында бітірдім. Арқалықтың өркендеу кезеңі ұдайы көз алдымда. Көп жылдардан кейін келіп халықпен кездескенімде қаланы дамыту жайында уәде берген едім. Міне, алға қойған мақсаттарымыз орындалып, біраз бос тұрған ғимараттар қалпына келтірілді», – деп атап өтті облыс әкімі.
Құмар Іргебайұлы қалада көпқабатты тұрғын үйлердің де көптеп жөнделіп жатқанын тілге тиек етті. Келер жыл шаһардың мерейтойы екенін де ескерді.
«Алдағы жылы Арқалық қаласының 70 жылдық мерейтойы аталып өтіледі. Келесі жылы Арқалық қаласының аэропорты жұмыс істейтін болады. Бұл — Президенттің тікелей тапсырмасы. Араға 34 жыл салып Арқалықтан тағы да самолеттар ұшатын болады», – деді Құмар Ақсақалов.
Жаңа нысанның лентасын спортта үздік нәтиже көрсетіп жүрген қала жастары қиды.
Қонақтар және қала тұрғындары ғимарат ішін аралап көріп, спортшылармен бірге суретке түсті.
Мұрат Жүнісұлы
Суреттерді түсірген – Бердіболат Көркембаев
Арқалық қаласы.
