Әке салған ізгі жол

Әке салған ізгі жол

Биыл «Торғайдың Шәмшісі» атанған белгілі композитор, Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген мәдениет қызметкері, халық күйінің шебер орындаушысы, білікті дирижер, сан қилы өнер иесі Болат Хамзин көзі тірі болғанда 85 жасқа толар еді.

Өзінің әсем әндерімен, асқан күйшілігімен танылған асыл азаматтың артында мол мұрасы қалды. Ұлттық өнер саласында терең білімді азамат өзінің атындағы саз мектебінің іргесін қаласты. Әр жылдары аудандық мәдениет бөлімінің меңгерушісі, көркемдік жетекшісі болып істеп, елде саз өнерінің дамуына ерекше үлес қосқан. Торғайдағы халық театрының іргесін қаласып, «Ғасырлар пернесі» халық оркестріне жетекшілік еткен. Бүгінде ізін жалғастыратын шәкірттері, балалары бар. Әттеген-айы – өмірден ерте кеткендігі. Әкеге деген сағынышын қызы, ізін жалғастырушысы Ләззат Хамзина жып-жылы естеліктер арқылы жеткізіп,
балалыққа бір оралды. 

– Ләззат Болатқызы, әкеңіз тірі болғанда биыл 85 жасқа келеді екен. Ол кісінің есімін Торғай халқы құрметпен еске алып, әндері ел аузында жүр. Әкеге деген сағыныш ешқашан басылмайтыны белгілі. Әке тұлғасын еске алғанда қандай бейнесі көз алдыңызда тұрады?

– Әкем туралы ойласам, музыканың үні құлағыма келеді. Үйімізден музыка үзілмейтін. Есімізді білгелі әкем домбыра тартып отырады. Халық композиторларының күйлерін шебер ойнайтын. Әкемді ойласам домбырада ойнап отырған бейнесі көз алдыма келеді. Мен домбыраның құлағынан тістеп отырам, ол ойнап отырады. Біздің үйдің балаларының бәрі де солай өсті. Әке-шешем үйдегі төрт қызын да ерекше еркелетіп өсірді. Әр мерекеде төрт көйлек әкеліп іліп қоятын. Сол әдемі бір шақтар менің балалық шағымның бір көрінісі ретінде мәңгі жадымда қалып қойыпты. Әкем өте зиялы, көкірегі ояу жан еді. Кітапты көп оқитын. Әлем әдебиетін, орыс классиктерін оқитын. Қашанда қолынан кітап түспейтін. Талғамы биік, киім киісі де, жүріс-тұрысы да өзгеше еді. Торғай даласында ол кезде ондай жоқ, енді-енді пайда болып жатқан кезең. Торғай елі әкемнің киім киісін, әр ісін таңданыспен айтып, аңыз қылып, әлі күнге ауыздарынан тастамайды. Жібек мінезді, адамгершілік қасиеті, шарапаты айналасындағыларға көп әсер етті. Маңайындағыларға қамқорлық көрсетіп, ұстаздық жолында да бар білгенін сарыққан жан. Анам да, әкем де мәдениетті, адал, ешкімнің жібін аттамаған, ештеңесіне қызықпайтын, кеңпейіл кісілер еді. Папам ешқашан қатты сөйлемейтін, ұстамды, биязы ғана ойын жеткізетін. Бізді «ешқашан өтірік айтпаңдар» деген қағидамен өсірді. «Қонағым келгенде үйім кең, берекелі, көрпем жаюлы болса одан басқаның керегі жоқ» дейтін. Бар тапқан таянғанын қонағынан аямайтын. Біздің болашағымызға да атүсті қарамай, білім берді, оқытты. Басты байлық рухани дүние екенін түсіндірді. Балаларының қалыптасуына отбасы тәрбиесі көп әсірен тигізді. Соның арқасында әрқайсымыз өмірден өз орнымызды таптық. Өнер жолында жүргені мен, сіңілім Гүлзат, інім Айбар, Жанат сіңілім медицина саласына кетті. Әкемнің жолын қуып, кәсіби музыкант болғаны мен едім. Ұстаздық етіп, халыққа білгеніңді үйрету ерекше миссия. Әкемнің «білім шырағын жақ, білгеніңді үйрет, қарапайым әрі адал бол» деген ақылын осы күнге дейін атқарып келемін.

– Болат Хамзин Алматыдағы Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық консерваториясында білім алды. Білімі мен дарынын туған жерге арнады. Егер сол шақта туған елге оралмаса не болар еді?

– Әрине, ол жайлы да көп ойлаймын. Адам болған соң пендешілікке салынып, өйтпегенде, бүйтпегенде қалай болар еді деп ойға батасың. Расымен әкем туған жерге оралмағанда биік белестерді бағындырары сөзсіз еді. Оқу бітірген соң Жамбыл облысының орталығында мәдени ағарту училищесі ашылып, сол жерге қызметке шақырту алған. Ахмет Жұбановтың сүйікті студенті болғандықтан ол кісінің өзі Құрманғазы атындағы оркестрдің екінші дирижері болуын қалаған екен. Бірақ туған жерге деген сүйіспеншілігін, махаббатын бәрінен биік қойды ма екен, кім білсін. Мүмкін елге келмегенде білімін жалғастырып, Алматыда қалар ма еді, сабақ беріп, ғылыммен айналысар еді деп те ойлаймын. Бірақ елге оралғаннан жаман болмады. Туған елі әкемді сұлтан да қылып, көкке көтерді. Қаншама жанға білім беріп, шәкірттеріне жол ашты. Шәкірттерінің өзі бір қауым ел десе де болады. Бақытжан Сәуекенов, Қалибек Деріпсалдин, Қоныс Есмұратов, Ғалымжан Құрманов, Қонысбай Әбілов сынды Торғай елінің қаншама баласын көтеріп, қалғып жатқан халқын оятып, дүр сілкіндіріп, кәсіби бағдар берді. Сондықтан өмірге қайта келсе де еліне қызмет етері сөзсіз еді деп ойлаймын.

– Қазіргі жастар сіздің әкеңіздей бәрін тәрк етіп елін көтеру үшін туған жерге оралар ма еді, қалай ойлайсыз?

– Мен де әке жолын қуып, шәкірт тәрбиеледім. Оқу бітірген соң елге оралып, он жылдай еңбек еттім. Өнер жолында жүрдім. Қаншама хор ұжымын құрдым. Оның бәрі елді сүйгеннің арқасы. Тұрмыс құрып елден кетсем де барып тұрамын, қол үзбедім. Сондықтан елі үшін жаны ашитын жастар бар деп зор сеніммен айта аламын. Бірақ өкініштісі оларға елде жұмыс, жасалып жатқан жағдай жоқ. Осындайдан соң жастар жағы амал жоқ, елден кетуге мәжбүр. Бұрын жас маманға мемлекеттен көмек болатын. Қазір жердің бәрі жекеге кетті. Жастар амалдың жоғынан елден кетіп жатыр. Оқу бітіріп келсе де жұмыс жоқ. Елдің жағдайы дұрыс болса кетпес еді.

– Болат Хамзин Торғай жерінің атағын шығарды. Әндерінің өзі бір төбе. Осынша еңбегі тиесілі бағасын алды ма?

– Өмірдің өзі қуаныш пен өкініштен тұрады. Әкем небәрі 53 жасында өмірден озды. Мен үйдің үлкені болған соң ба, көп әңгімелесіп, сырласатын. Еліне деген махаббаты ерекеше болатын. Бізге айтпаған, орындалмаған арман, тілегі болған шығар, кім білген. Бірақ халқы өнерлі ұлын бағалады. Өмір болған соң небір жағдайлар бола береді ғой,  басшылық тарапқа көңілі қалған жағдайлар болды. Көп сөйлемейтін, тоқетерін айтып, іштей тынатын. Кей азаматтардың ісіне қарны ашатын. Онысын іштей сезетінмін. Біраз нәрсеге көңілі толмаса да ешкімнің көңілін қалдырмай, іште сақтайтын. Іштей жегідей жеді ме, кім білген, асқазан обыры ауруынан қайтыс болды. Өнердің мазасыз майданында күн, түн қатып ой арпалысында жүрсе де, өнер қуанышына, бес бірдей перзентінің, немерелерінің қуанышына бөленіп, өзгеге мұңсыз болып көрінсе де, жүрегінің түбінде жатқан шемен-шерді байқатпады. Әйтеуір өмірі қысқа болды. Қазір қарап отырсам, 53 деген нағыз жалындап тұрған кезі екен. Әкемнің есімі мәңгілік. Бір «Торғай қызы» әнінің өзі-ақ Торғайдың ақмаңдай қыздарына қойылған ескерткішпен пара-пар емес пе. Шүкір, еңбегі бағаланды, елі көкке көтерді деп ауыз толтырып айта аламын. Әндері әлі күнге айтылып жүр, елдің аузында. Елі ардақтады, өзі кетсе де әндері бар, келбетін көңілдерінен өшірген емес. Себебі, оның әр шығармасы мәңгі жасайтын құдіретке ие. Ал, одан артық бақ та, бақыт та керек емес сияқты.

– Отбасында неше баласыздар, әкенің жолын қуып, таланты дарығандар бар ма? Сонша дарын әкеңізге қайдан келген? Ол туралы айтатын ба еді?

– Әкеме өнер анасынан дарыған. Әкемнің анасы елге танымал дәулескер күйші, Арғын ішінде Мерген руынан шыққан Қапаққызы Бейназар текті жердің қызы. Өнер әкеме нағашыларынан дарыған. Ана сүтімен келген. Отбасында бес баламыз. Әкемнің жолын қуғаны менмін. Өз мамандығым бойынша Астана қаласында ұстаздық етемін. Әкемнің атында қор бар. Соның жұмысын атқарып, әкемнің шығармашылығын дәріптеп, Астанада жалғастырушысымын. Басқа балалары да осы салада десе болады. Ол кісінің жасамаған жасын балалары жасап, ісін алып кету маған бұйырған шығар, сірә, деймін. Марқұм әкемнің үдесінен шықтық па, шықпадық па қайдам. Бірақ, бар күшімізбен адал жүріп, атына кір келтірмеуге тырысып келеміз. Осы уақытқа дейін әкемнің мұрасын анам жинап келді. Қазір өмірде жоқ. Енді әндерін жарыққа шығару, дәріптеу сияқты жұмыстар қорда жалғасын тауып жатыр деп ойлаймын. Жолдасым кәсіби композитор Ерболат Қалиев әкемнің әндерін зерттеп жүр. Әкем атындағы мектеп те бар. Қаншама өрен білім алып, түлеп ұшып, жан-жақта еңбек етуде. Міне, әке салған ізгі жол осылай жалғасып келеді.

Сұхбаттасқан Айтолқын АЙҚАДАМОВА.

Жаңалықтармен бөлісу