Қостанай жоғары колледжінің 67 жылдық тарихы бар. Ол ең алғаш 1956 жылы Қазтұтыну басқармасының қаулысымен сауда-кооператив мектебі базасында Қостанай кооперативтік техникумы ретінде құрылды.
Онда тауартану, бухгалтер, қоғамдық тамақтандыру технологы сынды мамандықтар оқытылды. Тәлімгерлердің тәжірибе жинауы үшін техникум ішінен азық-түлік тауарларының оқу-жаттығу дүкені, жарнама және безендіру кабинеті жасақталған. Бүгінде оқу-жаттығу дүкенімен студенттер сабақ барысында тауарларды сатуға дайындау, сатушының жұмыс орнын ұйымдастыру, сөрелерді безендірумен машықтанады.
– Оқу бағдарламасына сай студенттер кәсіби модульдердің бір бөлігін теориялық тұрғыдан қарастырады. Азық-түлік тауарларын сатуға шығарудың бірнеше тәсілі бар. Мысалы, әйелдерге қажетті тауарлар сөренің ортасына орналастырылады. Ер адам тұтынатын тауарды жоғарыға қою керек. Тәттілер болса төменге яғни, баланың көз деңгейінде тұрады. Сабақ барысында осы сынды орналастырудың әдіс-тәсілдерді пысықтаймыз, – дейді маркетинг және менеджмент кафедрасының арнайы пәндер оқытушысы Елена Громова.
Оқытушы қазір мерчандайзинг әдісі гипермаркеттер мен супермаркеттерде қолданылатынын айтады. Ол сөз ағылшын тілінен аударғанда “өткізу өнері” дегенді білдіреді. Яғни, тұтынушы сатушының көмегінсіз, қалаған тауарға қол жеткізе алады.
Студенттер қаладағы ірі сауда орталықтарынан өндірістік тәжірибеден өтеді. Өздерін болашақта жақсы маркетинг маманы ретінде көрсете алса, жұмысқа орналасуға да мүмкіндік мол.
– Оқу-жаттығу дүкенімен сабақ барысында машықтанамыз. Іс жүзінде азық-түлікті, киімдерді сатудың әдіс-тәсілдерін игереміз. Сауда-орындарында тәжірибеден өткенде жеңіл болады. Біз жұмыс барысын колледжден игеріп барамыз, – дейді студент Гаухар Ғалымова.
Колледж студенттері “Worldskills Kostanay” чемпионатына қатысып, жүлдегер атанып жүр. Биыл да маркетинг мамандығының студенттері екінші орын иеленіп отыр.
– Чемпионатта студенттер өз шеберліктерін дәлелдеп шықты. Сауда және сөре безендіру, дизайнердің дағдылары, ағаш ұстасының құзыреттілігі бойынша жүлдегер атанды, – дейді оқытушы.
Оқу орнында әр мамандыққа қажетті арнайы сыныптар бар. Құқықтану мамандығының студенттері үшін имитациялық зал жасақталған. Студенттер ол кабинетте теория мен практиканы ұштастырып, сот ісін жүргізіп үйренеді.
– Қылмыстық іс жүргізу пәні өтеді. Онда студенттер сот ісін жүргізіп үйрене бастайды. Сабақ арнайы жасақталған сыныпта өтеді. Студенттер бірі сот, бірі тергеуші, бірі жәбірленуші болып қылмыстық іс жүргізеді. Қылмыс деңгейін анықтап, заң аясында жаза тағайындайды. Сонымен қатар, Қостанай қаласының №2 қалалық сотында өтетін процестерге арнайы барып қатысып отырады, судьялармен кездеседі, – дейді Құқықтық пәндер кафедрасының оқытушысы Зарина Оспанова.
Айта кету керек, бұл колледжде 1964-1967 жылдары жерлесіміз, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, 3-4 шақырылымдағы ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы Орал Байғонысұлы Мұхамеджанов оқыған.
– Колледжде Орал Байғонысұлына арналған кабинет бар. Студенттер ол кісінің өмір тарихын, атқарған қызметі жайлы жақсы біледі, – дейді колледж директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Айжангүл Нұрышева.
Колледже 10 мамандық бойынша 1200-ден астам студент білім алады. Білім алумен қатар белсенді жастар шығармашылық жұмыстарды да жоғары деңгейде ұйымдастырады.
– Мерекелік іс-шаралар, спорттық жарыстар әркез өткізіледі. Колледжде талантты ұл-қыздар баршылық. Жақында ғана колледждің “Miss & Mister” байқауын өткіздік. Осы сынды танымдық байқауларды ұйымдастырамыз. Студенттердің хоббиімен айналысуына жағдай жасалған, – дейді студенттік парламент президенті Диана Хасанова.
Өткен сәуір айында колледж бен Қостанай облыстық орыс дарама театры ынтымақтастық меморандумына қол қойған. Екі жақты келісім-шарт студенттердің жарқын жобаларын жүзеге асыруға жол ашпақ.
– Студенттер арасында театр өнерін насихаттау үшін, сондай-ақ бірлескен жобаларды жүзеге асыруға келісім-шартқа отырдық. Театр өз тарапынан студенттерді труппамен кездестіріп, актерлік өнердің қыр-сыры жайлы әңгімелеп берді. Алдағы уақытта да іс-шаралар атқарылатын болады, – дейді Айжангүл Нұрышева.
Суреттерді түсірген Бағдат АХМЕТБЕКОВ.