Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі «Заң және тәртіп» қағидатын іске асыруды жалғастыруда, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Осы жылдың маусым айынан бастап «Қарасора-2025» кең ауқымды жедел профилактикалық шара өтіп жатыр. Оның негізгі мақсаты — есірткі өсімдіктерінің табиғи ошақтары мен заңсыз егістерін анықтап, жою, есірткі зертханалары мен жеткізу арналарының қызметін тоқтату, сондай-ақ есірткіні таратумен айналысатын ұйымдасқан қылмыстық топтарды әшкерелеу.
Атқарылып жатқан жұмыстарға ІІМ-нің арнайы бөлімшелері мен Ұлттық ұланның күштері тартылған. Операция барысында ұшқышсыз ұшу аппараттары мен тікұшақ техникасы белсенді қолданылады.
Үш ай ішінде 40 әуе ұшуы жүргізіліп, нәтижесінде 20 есірткі егістігі анықталды, 5 мыңнан астам есірткі өсімдіктері жойылып, 1 тоннадан астам салмақта тәркіленді.
Ұлытау облысында есірткіні еліміздің оңтүстік өңірлерінен орталық және солтүстік аймақтарға жеткізу арнасы әшкереленді. Құрамында төрт адам бар қылмыстық топ ұсталды. Олардан жол талғамайтын автокөліктер, оқ-дәрілері бар атыс қаруы және таратуға арналған 103 келі марихуана тәркіленді.
