Тәрбие мен тәртіп, мәдениет пен әдеп – қастерлі құндылық

Тәрбие мен тәртіп, мәдениет пен әдеп – қастерлі құндылық

Президент биылғы Жолдауында мәдениет пен қоғамдық тәртіпті сақтау төңірегінде әдемі ой қозғады. Қазір материалдық жағдайды күйттеуге көп көңіл бөліп кеттік те, мәдени, адамгершілік құндылықтар мен әдеп нормалары жайына қалғандай. Мысалы, қоғамдық көлікке мінгенде үлкенге орын бермейтін кей жастарды көріп терең күрсінесің. «Үлкенге – құрмет, кішіге – ізет» деген дала қағидасы қайда қалды дерсіз. Президент Жолдауында: «Мәдениет пен әдеп, тәрбие мен тәлім әрбір отбасының өзінен басталуы керек», – деді. Осылайша, ұрпақ тәрбиесінде бәрімізге үлкен жауапкершілік артып отыр. Қостанайдағы Аналар кеңесінің мүшесі ретінде Мемлекет басшысының осы ойын ерекше көңіліме тоқыдым.
Президент еліміздің тұтастығын нығайтуға шақырды. Қазіргі заманда аса мұқияттылық танытатын тақырыптың бірі – осы татулық. Ел бірлігін бекемдеп, тыныштықты сақтауға әр азамат үлес қосуға тиіс. Бұл бағытта Қостанай облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы биылдыққа «Ұлт мұраты – бірлік» деген жобаны іске асырғанын айтқым келеді. Ассамблея мүшелері облыстың шалғай ауылдарын аралап, елдің тұтастығы мен бірілігі тақырыбында мазмұнды кездесулер өткізді. Оның өзі әр адамның санасына татулық ұғымын сіңіруге тамшыдай болса да септігін тигізеді деген сенімдемін.

Қымбат ДОСЖАНОВА,
Қостанай облысы ҚХА жанындағы Аналар кеңесінің,

облыстық Журналистер клубының мүшесі