Қостанай қаласының орталығындағы бұрынғы Халыққа қызмет көрсету орталық ғимаратында қазіргі заманғы өнер галереясын ашу жоспары пысықталуда. Бүгінгі брифнгте облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов мәдениет саласында да атқарылған жұмыстар жөнінде мәлімет берді.
Облыста 9 музей жұмыс істейді. Жыл сайын мемлекеттік музейлердің қорлары орта есеппен 4 мың экспонатпен толықтырылады. Бүгінде музей қорында 329,2 мың әртүрлі жәдігерлер бар.
«Музейлердің жағдайына көп көңіл бөлінеді. Атап айтқанда М.Дулатовтың 140 жылдығына орай Жангелдин ауданының Бидайық ауылындағы Алаш қайраткерінің мұражай-үйіне жөндеу және реэкспозиция жүргізілді. Сонымен қатар, Торғай ауылындағы Шақшақ Жәнібек мұражайының шатыры мен қасбетін жөндеу жұмыстары аяқталды. Өткен жылы облыстық тарихи-өлкетану мұражайын жаңарту бойынша кешенді қадам жасалды және жұмыстар жалғасуда. Шатыр мен қасбет, коммуникациялар жөнделді», — деді Б.Нарымбетов.
Биыл мұражай залдарын қайта экспозициялау бойынша жұмысты бастау жоспарланып отыр. Облыстық мұражайға 30 жылдан астам уақыт бойы жөндеу жүргізілмеген екен. Тек осы жылы облыс қазынасынан жөндеу және реэкспозиция жүргізуге 344,0 млн теңге бөлінді.
