Ауылдан адам көшкенмен, адамнан ауыл көшпейді

Ауылдан адам көшкенмен, адамнан ауыл көшпейді

Тірек ауыл мәртебесіне ие Асенкритовтегі тоғыз көшенің екеуі ғана асфальтталған. «Ауыл – ел бесігі» арнайы жобасы аясында 2024-2025 жылдары Варварин, Қызылжар, Николаев және орталық ауылдардағы кентішілік жолдарға жөндеу жүргізілгелі отыр. Бес шақырымнан асатын тас жолға 306,5 млн теңге жұмсалады.

Бейімбет Майлин ауданының Асенкритов ауылдық округінің құрамына кіретін алты (Асенкритов, Николаев, Қызылжар, Варварин, Майлин, Баталы) елді мекенде 2026 адам тіршілік етеді. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда, ауылдық округ халқының саны 39 адамға азайған. Өңір басшысы Құмар Ақсақалов ауданға барған сапарында Асенкритов жұртшылығымен кездесу өткізіп, бұдан өзге мәселелерді талқылады, тұрғындардың сауалдарына жауап берді. Жергілікті халық ұсыныс-тілек, шағымдарын жеткізді.

«Биыл Асенкритов, Николаев, Баталы, Варварин, Қызылжар елді мекендерінің көшелерін жарықтандыруға облыстық бюджеттен 14,5 млн теңгеге жуық қаражат бөлінді. Тірек ауыл мен Баталының халқы орталықтандырылған сумен қамтамасыз етілген. Су күн сайын сағаттық кесте бойынша беріледі. Төрт елді мекен қазба құдықтар менскважиналардан тіршілік нәрін татып отыр. Асенкритов қана табиғи газға қосылған», – деді ауылдық округ әкімі Жасұлан Мұханов.

Аймақ басшысы ауыл тұрғындарынан жергілікті және аудан әкімдерінің қалай жұмыс істейтінін, халыққа жақындығы, мәселелерді қалай шешетінін сұрады. Себебі, Жасұлан Мұханов – тұрғындар тікелей өздері сайлаған әкім. Жұмысы ұнамаса, орнынан кетіруге құқы бар. Жұртшылық жергілікті билік өкілінің ашық, халыққа етене жақын екенін жеткізді. Ал, биылдан бастап аудан әкімі лауазымына тұрғындардың өздері таңдау жасайтын болады.

Соңғы екі жылда «Варварин» АҚ қолдауымен әлеуметтік-экономикалық ынтымақтастық туралы меморандум аясында Асенкритов мәдениет үйінің шатырына жөндеу жүргізілді, балалар ойын алаңы мен көше тренажерлері орнатылды, кітапхананы жаңғырту жүргізілді. Николаев негізгі орта мектебі ғимаратының қасбеті жөнделіп, роботтық техника кабинеті ашылды. «Мечта-98» ЖШС демеушілігімен медициналық пунктің жылыту жүйесіне жөндеу жүргізілді.

Владимир Бушкин басқаратын Майлин атындағы ЖШС-нің 14 мың гектардан астам жер алқабы бар. Серіктестік «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасын қолдап, он млн теңгеге Асенкритов ауылындағы жерасты көзінен су құбырын салудың жобалау-құндық құжаттамасын әзірлеуге демеушілік жасады. Бұдан бөлек, соңғы жылдары 7,5 млн теңгенің көмегін көрсеткен. Мектепке су әкелу, көшелерді абаттандыру, бояу-сырлау, құбырларды жөндеу – серіктес-
тіктің мойнында.

«Шаруашылығымыздағы 400 бас аналық сиырдың 280-і сауында. Сүтті Қостанайдағы зауытқа тапсырамыз. Былтыр астық алдыңғы жылдарға қарағанда тәуір болды – гектарынан 12 центнер. Оған дейін екі жылғы құрғақшылықта тек несиемізді жабумен келдік. 25 трактор, 17 комбайнымыз бар. Соңғы жылдары кеңестік техникалардан арылып, машина-трактор паркін заманауи көліктермен, егіс кешендерімен толықтырудамыз әрі цифрландырып жатырмыз. Қазір көктемгі науқанға әзірміз, дизель отыны мен тұқым дайын. 80 жұмысшымыз бар. Маусым кезінде тағы да еңбек күшін тартамыз. Өткен жылдың қорытындысы бойынша, орташа жалақы 129 мың теңге. Биыл айлықты 15 пайызға көтердік. Механизаторлардың жылдық табысы 3,4 млн теңгеге дейін барады», – деді Владимир Бушкин.

Серіктестік басшысы аймақ әкімінен ауыл шаруашылығы мамандарын даярлайтын оқу орнын (СПТУ) қайтадан ашып беруге көмектесуін сұрады. Бұған дейін мұндай білім мекемесі ауданда болған екен, алайда оқушылардың жоқтығынан жабылып қалған.

«Мен Қостанайдағы индустриалды-педагогикалық колледждің директоры болып қызмет еткен кезімде, осы ауданда оқу орнының филиалы жұмыс істеді. Бірақ жұмысшы мамандығын оқитындар қатары болмағандықтан, жабылып қалды. Оған негізгі себеп – шаруашылық жетекшілері мектеп түлектеріне, тоғызшы сыныпты бітіргендерге бағыт-бағдар бермейді. Жас мамандарды жұмысқа орналастыру өте төмен деңгейде. Рудныйда бес колледж бар, Лисаковта, Денисовта бар. Осы ауданда мұндай білім орнын ашып, оған мамандар тарту қыруар шығын. Одан гөрі Қостанай индустриалды-педагогикалық колледжінде білім алған дұрыс. Тіпті, аталған оқу мекемесінің жылжымалы мобильді оқыту орталығы бар. Серіктестік басшылары шақырсаңыздар, осы өңірге келіп, жастарды механизатор, дәнекерлеуші мамандарын бір ай оқытып береді, де қолдарына құжатын береді», – деді облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Марат Жұрқабаев.

Ауыл тұрғыны Алексей Куряченко облыс әкіміне Асенкритовте ас-той өткізетін жер жоқ екенін айтып, осы мәселені шешіп беруді сұрады. Адамдар қуаныш-жиындарын берісі аудан орталығында өткізуге мәжбүр. Жергілікті мәдениет үйі бар, оған жөндеу қажет.

Айтпақшы, құрамында алты ауыл болғанмен, аймақ басшысының тұрғындармен кездесуіне Асенкритов жұртшылығы ғана қатысты. Қалған елді мекен халқы естімеген.

«Осы хабарды соңғы сәтте естіп, Қызылжардан жаяулап, жолдан көлік тосып екі тұрғын келіп тұрмыз. Дегенмен жерлестеріміздің өтінішін жеткізу үшін бірнеше мәселемен келдік. Қызылжарға газ тартылады деген әңгіме талайдан айтылып келеді, бірақ әлі жоқ. Екіншіден, интернет өте әлсіз, жоқ деуге болады. Басты мәселе – мектебіміз жабылғалы тұр. Тағы бір айтар жайт, жаңа ғана осы жаққа қарай шығып бара жатқанымызда, үш баласы бар, баратын жері жоқ фельдшерді кездестірдім. Осы кездесуден кейін ауылға барып, сол отбасын орналастыру жұмыстарымен айналысамыз», – деді Қызылжар ауылының тұрғыны Гүлжамал Құлжанова.

Аудан басшылығының сөзінше, бұл елді мекенге көгілдір отын тарату алдағы үш жылдың жоспарында. Мектеп оқушыларының саны жыл өткен сайын кеміп барады. Қазір ондағы бастауыш сыныпта төрт-ақ бала бар. Қалғандарын Асенкритовке автобуспен тасып оқытады. Ал, интернет мәселесі жуық арада шешіледі. Қызылжардың өзінде келетін мамандарға арналған үй бар, бірақ ешкімнің аяқ басқысы жоқ.

Аймақ әкімі жоғарыдағы проблемалардың туындауына ауыл қожайыны саналатын жергілікті кәсіп иелерін сынға алды. Олар жастарды еңбекке тарту жұмыстарын жеткіліксіз жүргізіп жатыр.

«Біз импортқа әбден тәуелді болып қалдық. Басқасын айтпағанда, сүт өнімдерін өзіміз өндіріп, ішкі нарығымызды толтырып отыруымыз қажет. Өкінішке қарай, оған жете алмай келеміз. Сол себепті, мемлекет жағдай жасап тұрған кезде қосымша жұмыс орындары ашылуы керек қой. Жыл өткен сайын елді мекендерде жұмысшылар азайып барады. Дәл осы Асенкритовте биыл үш оқушы мектеп тәмәмдағалы отыр. Оларды ертең оқуын бітірген соң елде алып қалу үшін қандай шаралар жүргізіліп жатыр? Ешқандай! Оны қойшы, мен жиырма жыл бұрын осы ауданда еңбек еттім. Осы ауылға талай келгенмін. Сол уақытта Майлин атындағы серіктестікте 800 малы болған, саны әлі сол қалпы, тіпті азайып кетпесе. Баяғы мал қоралары, бірде-бір база қосылып салынбағаны былай тұрсын, бұрынғыларының төбелері де жаңартылмаған. Үкімет жастарды колледждерде тегін оқытып жатыр, енді неге туған жеріне келіп еңбек етпейді? Себебі, жағдай жасалмаған. Сондықтан жергілікті шаруашылықтардың директорлары осы жағынан жұмысты күшейту керек. Сіздер ондаған, жүздеген миллион теңгеге тракторлар сатып аласыздар. Әр техниканы маусым сайын көрінген келіп мініп кетпей, тұрақты иесі болуы керек. Бір адам бір комбайнда бірнеше жыл отырса, оның қыр-сырын әбден меңгеріп алады. Темір болса да, оған жаны ашитын еді. Техникаға жаны ашыса – туған ауылына жаны ашығаны. Осы жағына өте мән беріңіздер», – деді Құмар Ақсақалов.

Қыдырбек ҚИЫСХАНҰЛЫ.

Суреттерді түсірген Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ.

Бейімбет Майлин ауданы.

Жаңалықтармен бөлісу