Бұл – қоғамда кітап оқу мәдениетін қалыптастыруды көздейтін бастама. Пилоттық жоба өткізілетін елдегі үш өңірдің қатарында Қостанай облысы бар.
Осыған байланысты, Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов Тобыл-Торғай жұртшылығын «Кітап оқитын ұлт» байқау-жобасына белсенді қатысуға үндеді.
«Баршаңызға мәлім, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Атырауда өткен ІІІ Ұлттық құрылтайда сөйлеген сөзінде прогрессивті ұлтқа айналу үшін кітапты бала кезден бастап оқуға дағдылану қажеттігін атап өтті. Бұл расында өзекті мәселе. Жақында ҚР Парламенті Мәжілісінің Төрағасы, «Amanat» партиясының төрағасы Ерлан Жақанұлы Қошанов «Кітап оқитын ұлт» пилоттық жобасы бастау алғанын жариялады. Аталған жоба өтетін аймақтар тізімінде Қарағанды облысы мен Шымкент қаласымен қатар, біздің өңірдің де болуы қуантады және ол заңдылық деп білемін. Өз даласында Ыбырай Алтынсарин, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы сынды ұлы тұлғаларды тербеген қасиетті Қостанай облысында халқымыздың зейінін ашып, білімін шыңдауға бағытталған ауқымды жобаның өтуі орынды», – дейді өңір басшысы әлеуметтік желілердегі жазбасында.
Оның мәліметінше, жоба мектеп оқушылары, колледж және университет студенттері, педагогтер, отбасылық әулеттер мен мемлекеттік қызметшілердің әрқайсысының санатына сәйкес, «Кітап оқитын мектеп», «Кітап оқитын колледж», «Кітап оқитын университет», «Кітап оқитын педагог», «Кітап оқитын әулет» және «Кітап оқитын мемлекеттік қызметкер» аталымдары бойынша байқаулар сериясынан тұрады. Байқау қатысушылары 15 кітаптан оқып, өз бағыттарының аясында түрлі сайыстарда бақтарын сынайтын болады. Бұдан бөлек, мектептерде оқырмандар клубтары құрылып, әр оқылған кітапты талқылау кештері өтеді. Бастысы, байқау жеңімпаздары қомақты қаржылай сыйлықпен марапатталады.«Жоба «Amanat» партиясының қолдауымен, «Кітап оқитын ұлт – читающая нация» Қоғамдық қорымен бірлесе жүзеге асырылады. Ал жобаның басты демеушісі – «ALAGEUM ELECTRIC» компаниясы. Құрметті достар! Бұл жоба әрбір оқырманның сыни ойлауын, ой-өрісін және зияткерлік әлеуетін дамытуға үлес қосатынына сенімдімін. Кітап – түбі шексіз алтын сандық. Ендеше білім әлемінің байлығына бірге ентелей енуге шақырамын. Барлық байқау қатысушыларына сәттілік тілеймін!» – деп жазды Құмар Ақсақалов.
