Жітіқаралықтар қала күнін қалай атап өтті?

Жітіқаралықтар қала күнін қалай атап өтті?

Жітіқара қаласының іргетасы қаланғанына биыл – 86 жыл. Қойнауы қазынаға бай, тарихы терең бұл өңір алғаш асбест кен орындарын игерумен танылған. 1939 жылы кент мәртебесін иеленсе, 1968 жылы қала деңгейіне көтерілді. Айтулы мерейтойды жітіқаралықтар ерекше сән-салтанатпен атап өтті.

Қала күні мерекесі таңертеңнен түнге дейін жалғасты. Күні бойы түрлі мәдени және спорттық іс-шаралар ұйымдастырылды. Мереке Тәуелсіздік алаңында өткен «Жітіқара – менің қалам» атты балалардың асфальтқа сурет салу байқауымен бастау алды. Ал «Рекорд» спорт кешенінің жанындағы сахнада бүлдіршіндер арасында дәстүрлі «Әнші балапан-2025» вокал сайысы өтті.

blank blank   Тұрғындардың ерекше қызығушылығын тудырған шаралардың бірі – қала егіздеріне арналған «Бір толқында туғандар» атты фестиваль-байқау болды. Оған үш-төрт жастағы ең кішкентайлардан бастап, 12-13 жастағы жасөспірімдерге дейінгі егіздер қатысты.

blank

Олар өнерлерін ортаға салып, болашақтағы арман-мақсаттарын бөлісті, сондай-ақ бір-бірінің ерекшеліктерін әңгімеледі.

blank

Бұл байқау аудан көлемінде алғаш рет өткізілді. Егіз қыздардың анасы Анара Жолманова да қос қызының өзгешеліктері жайлы әсерлі ойымен бөлісті.

blank

«Біздің отбасымызда бес адам бар. Егіз қыздарым Сая мен Нұрайымыз ерекше шаттық сыйлайды. Қала күніне арналған мерекеде олар егіздер байқауына қатысып, көпшілікке ұнаған ерекше жобалардың бірі болды. Егіздерім бәрін бірге істегенді жақсы көреді, қандай да бір жарысқа қатысса да, үйірмелерге барса да бір-бірінен ажырамайды. Тіпті үй шаруасына да қолғабыс етіп, анасына көмектесуді әдетке айналдырған. Тіл көзім тасқа, жеті жасар қыздарымның артықшылығы көп, олар бір-біріне серік әрі сырлас. Біздің әулетімізде бұрын да егіздер болған екен, сондықтан бұл алғашқылары емес»,  – дейді егіздердің анасы.

Күннің екінші жартысында мәдени бағдарламалардың ауқымы кеңейе түсті.  «ZHITIKARA FEST» аймақтық аралас би байқауының куәсі болдық.

blank

Одан кейін «Абай жолы» аллеясында «Жітіқара – менің жүрегімде» атты ашық аспан астындағы фотокөрме ұйымдастырылды. Тәуелсіздік алаңында Денисов, Қамысты аудандары мен Лисаков қаласының шығармашылық ұжымдарының қатысуымен «Айналдым сенен, туған жерім!» атты мерекелік концерт қойылды.

blankОсы концертпен қатар, Жітіқара қаласы музейінің «Ашық аспан астындағы музей» атты ұлттық бұйымдар көрмесі де өтті.

 

blankМузей жәдігерлері жарыққа шығарылып, көне дүниелерге көз жүгірткен тұрғындар өткенге бір оралғандай әсер алды. Материалдың толық нұсқасын газетіміздің бүгінгі санынан оқи аласыздар.

Сералы МЫРЗАБАЙ

Жітіқара ауданы