Рудныйда Қала күніне орай екі жаңа заманауи дене шынықтыру-сауықтыру кешені – «Sokol» және «Sarybai» салтанатты түрде ашылды. Бұл маңызды оқиға қаланың инфрақұрылымын дамыту мен салауатты өмір салтын ілгерілету бағытындағы тағы бір жарқын қадамға айналды.
Жаңа спорттық кешендер 11-шағын ауданда орналасқан. Жобаны жүзеге асырған мердігер — ТОО «ЭксклюзивСтрой». Құрылыстың жалпы құны 1 млрд 266 млн теңгені құрады. Мәселен, «Sokol» ФОК-ының аумағы – 1 536 шаршы метр. Мұнда волейбол, мини-футбол және күрес залдары қарастырылған. «Sarybai» ФОК-ы – 1 872 шаршы метр. Баскетбол, гандбол және күреспен айналысуға арналған арнайы залдармен жабдықталған.

«Осы мерекелі күнде екі бірдей жаңа дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің ашылуы – бұл жастарымыздың, спортсүйер қауымның және бүкіл қала тұрғындарының игілігі үшін жасалып жатқан ауқымды істің жемісі.Рудный жылдан-жылға көркейіп, жаңарып келеді. Қалада жаңа тұрғын үйлер, мектептер, өндіріс орындары салынып жатыр. Біз – болашаққа сеніммен қадам басып келе жатқан қала тұрғындарымыз! Бүгінгі күні іске қосылып отырған спорт кешендері – бұл тек спорт үшін емес, бұл – салауатты ұрпақ үшін, белсенді өмір салты үшін, болашақтың кепілі үшін жасалған маңызды инвестиция», – дейді Рудный қаласының әкімі Виктор Ионенко бұл туралы.

Кешеннің құрылысына үлес қосқан тұлғаларды марапаттады.
Ардагерлер игі іске алғысын білдірді.

Әр кешеннің жобалық қуаттылығы – 470 адамды қамтиды. Мұнда 23 тұрақты жұмыс орны ашылды. Екі кешеннің ортасында алып субұрқақ бой көтерді. Маңайында стадионның құрылысы басталмақ.
Жаңа кешендер қаланың спорттық әлеуетін арттырып, балалар мен жастардың дене шынықтырумен айналысуына, спорт секцияларына қатысуына кең жол ашады.
Айбек ЖҮЗБАЙ
Суретке түсірген Айдана Марат
