Қостанайлық ардагер ұстазға мемлекеттік награда табыс етілді

Қостанайлық ардагер ұстазға мемлекеттік награда табыс етілді

Ұлағатты ұстаз, Қостанай қаласының құрметті азаматы Беген Қаженұлы Көпеш «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген ұстазы» мәртебелі атағымен марапатталды.

Облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Хаберұлы Нарымбетов ардагерді мемлекеттік наградамен құттықтады.

Бұл өзінің саналы ғұмырын білім саласына арнаған ардагер ұстаздың ерен еңбегін жоғары бағалау және лайықты сый-құрметтің белгісі деп білеміз.

Өмірлік жолын Ыбрай Алтынсарин мұрасымен тығыз байланыстырған Беген Қаженұлы, мемлекеттік тілде білім беруді дамытуға да барша мақсат-мүддесін, күш-жігерін жұмсаған.

Жамбыл Жабаев атындағы қазақ орта мектебінің түлегі (қазіргі Ы. Алтынсарин атындағы мамандандырылған мектеп-гимназия-интернаты), ол Қостанай мемлекеттік педагогикалық институтын ойдағыдай аяқтап, туған мектебіне оралған болатын.

Еңбек жолын физика мұғалімінен бастап, мектеп директоры лауазымына дейін көтеріліп, ұзақ жылдар бойы абыройлы қызмет атқарды.

Облысымызда мемлекеттік тілде оқытатын мектептердің желісін кеңейту үшін тынымсыз еңбек етті.

1990 жылы құрмет демалысына шыққанша Беген Қаженұлы «Өрлеу» мұғалімдердің біліктілігін арттыру институтында білім саласын дамытуға зор үлесін қосты.

Білікті ұстаздың бастамасының және қажырлы қызметінің арқасында облыс орталығында және елордада Ұлы дала ағартушысы Ыбырай Алтынсаринге жаңа ескерткіштер ашылды.

Беген Қаженұлы – ҚСРО-ның Халық ағарту ісінің үздігі, Ы.Алтынсарин төсбелгісінің иегері, мамандығына деген адалдығымен, бойындағы тәлім-тәрбиесімен, қарым-қабілетімен жас ұрпақтың бойына жалпыұлттық құндылықтарды сіңірген ардақты ардагер.