Қытайға ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттау еселене түсе ме? Майлы дақылдар және темір кенін өңдейтін ірі зауыттар салу ұсынысы қашан, қалай жүзеге асуы мүмкін? Өңір басшысы Құмар Ақсақалов ҚХР Аньхой провинциясы Хэфэй қалалық халық үкіметінің мэрі Ло Юньфэнмен кездесіп, қос тарапты экономикалық жоспар-жобалар жөнінде пікір алмасты.
Бұл кездесу – екі арадағы көршілес және іскерік қарым-қатынастың жарасымды жалғасы. Алғашқы болып сөз алған облыс әкімі меймандарға өңірдің экономикалық әлеуетін жан-жақты таныстырды.
«Бізді бәрінен бұрын экономикалық әріптестік қызықтырады. Өңіріміз өзінің табиғи бай қорымен танымал. Біз Қазақстанда темір кенін бәрінен көбірек өндіреміз. Концентрат, астбест, боксит түріндегі өнімдеріміз ішкі-сыртық нарықтың сұранысына ие. Сондай-ақ Қостанай облысын машина өндірісі орталығына айналдыру мақсатына қарқынмен қадамдап келеміз. Мәселен, қытайлық JAC маркасы біздің автозауытта құрастырылып келеді. Өндіріс көкжиегі әлі де кеңейе бермек», – деді кіріспе сөзінде Құмар Ақсақалов.
Облыс басшысы баяндап өткендей, өңір экономикасы төрт маңызды стратегиялық бағытта дамып жатыр. Біріншісі – машина жасау. Тұтас Қазақстандағы үлесі – 60%. Екіншісі – ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу. Бұл жөнінен де облыс көш басында тұр. Тұтынушы елдер қатарында Қытай да бар. Қазір де қытайлық инвесторлармен бірқатар жоба пысықталып жатыр.
«Үшіншісі – қара металлургия. Біздің өңірге темір кенінің әлемдік қорының 2%-і тиесілі. Бұның да көп бөлігі Қытайға экспортталады. Мұнымен қоса, кенді жергілікті жерде қайта өңдеуді қолға алдық. Қытай инвесторларының қатысуымен темір кенін өңдеу бағытында бес жоба қаралып жатыр. Ал төртінші бағыт – көлік логистикасы. Қазақстанның орталығы мен батысын байланыстыратын жол құрылысы басталды. Оған да қытайлық инвесторлар тартылуы мүмкін. Қостанайда көлік-логистика кешені де салынып жатыр. Мұнда келешекте 400 мың контейнер келеді. Олар арқылы ауыл шаруашылығы өнімдерін Қытайға шығарып отыру көзделеді», – деді өңір басшысы.
Цифрлық технология, жасанды интеллект Қытайда қарыштап дамып жатқаны әлемге аян. Облыс әкімі әлеуетті әріптестік арқылы көрші елдің озық тәжірибесін барлық салаға енгізуге ықтияр екенін де айтты. Таяуда, 22 тамызда облыс орталығында үлкен инвестициялық форум өтеді. Цифрлық технология мен жасанды интеллектіні игілікке пайдалану оның басты тақырыбы болмақ. Сөз орайы келгенде облыс әкімі хэфэйлік меймандарды осы форумға қатысуға, қызықты тәжірибелерін бөлісуге шақырды.
Хэфэй қаласы делегациясы Тобыл өңіріне алғаш рет келіп отырған жоқ. 2023 жылы осы қала құрамына енетін Анхой провинциясының губернаторы Қостанайда қонақ болған. Ал былтыр Хэфэейдің өзінен де делегаттар келген еді. Екі сапар аясында да әріптестік меморандумдары жасалып, қос тарап қол алысып тарқасқан. Бұл жолғы жүздесудің де орны бөлек.
«Сіздің өңірге келгеніме өте қуаныштымын. Делегациямызды қабылдауға уақыт тапқаныңызға рахмет, – деп сыпайылықпен сөз сабақтады Хэфэй қалалық халық үкіметінің мэрі Ло Юньфэн. – Сіздердің JAC компаниясымен арадағы әрпітестіктеріңіз негізінде, бізде Қостанай облысымен іскерлік байланысымызды нығайта түсеміз деген үміттеміз. Осы кезге дейін де, бүгін де ауыл шаруашылығы өнімдері, логистика, ғылым саласында әлеуетті бастамалар, ұтымды ұсыныстар жасалды. Қостанай қаласы әкімімен кездесу барысында да көп мәселенің басы шалынды. Олардың бәрін ілгерілетуге біз де мүдделіміз».
Хэфэй – Қытайдағы алпауыт экономика ошақтарының бірі. Көптеген саладағы көрсеткішімен басты орынды бермей тұр. Біріншісі – көлік өнідірісі. Былтыр 1,350 млн көлік шығарып, ел жүзінде көш басынан көрінген. Екіншісі – тұрмыстық техника өндірісі. Телевизор, кір жуу машинасы, тоңазытқыш секілді өнімдерімен танымал. Жылдық қуат – 60 млн дана өнім. Бұл жөнінен 13 жыл қатарынан 1-орында келеді. Жаңа буынды телефон, ноутбук дисплейлері өндірісінен де осы қала бәсекелестерін «шаң қаптырады». Фотоэлектр, энергетика қоры және тұқым баптау жөнінен де көшбасшылар қатарында.
«Хэфэй – Қытайдың төрт бұрышын байланыстыратын қала. Біздегі жүк пойыздары 20 елдің 170 қаласына тауар жеткізеді. Қазақстанның өзінде 42 станциямыз бар, – деп толықтыра түсті Ло Юньфэн мырза. – Мен өткен жолы Қазақстан темір жолы компаниясы өкілдерімен кездесу өткіздім. Логистика саласында маңызды келісімдер жасастық. Бұл қатарға таяу келешекте Қостанай да қосылады деп сенеміз».
Ол Қытайға оралысымен губернаторға екіжақты ұсыныстарды тап-тұйнақтай етіп жеткізуге уәде етті. Айтуынша, провинция басшысының қуаттауынан соң Қостанаймен арадағы келісімдерді бірлесіп талқылап, жобалар тізімін құруға кең мүмкіндік бар. Ло Юньфэн облыс әкімін де Хэфэйге арнайы сапарлап келуге шақырды. Құмар Іргебайұлы да шақыртуды қуана қабыл алатынын айтты. Одан ары диалог экономикалық мүдделестікке қайта ойысты.
«Бәрінен бұрын өңделген ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспортына бүйрегіміз бұрады. Қытайда сапалы, таза өнімге деген сұраныстың жоғары екенін білеміз. Ал Қазақстан таза өнім өндіреді. Бидай, ет, сүт, ұн, майлы дақылдар сапасы талапқа сай. Мәселен, егер Қытай бизнесі таза бидай сұранысына бағдарланса, біз онымен толықтай қамтамасыз ете аламыз. Сондай-ақ бізде өндірілетін күнбағыс, зығыр сияқты майлы дақылдардың барлығы дерлік Қытайға кетеді. Білуімше, Қытай майлы дақылдардың 80% жуығын өзге елдерден иморттайды. Қажет болса, біз экспорт көлемін әлде де көбейте алар едік», – деді Құмар Ақсақалов.
Облыс әкімі осы орайда қытайлықтарға нақты ұсынысын айтты. Майлы дақылдар өңдеу зауыты Қостанайда салынуы керек. Мұның тиімділігі әлдеқайда зор болмақ.
«Бұл бағытта Солтүстік Қазақстан облысының жақсы тәжірибесі бар. 2018 жылы осындай зауытты іске қосты. Ол 1,5 жылда салынды. Аталған жоба жемісті жүзеге асты. Іргесі әлі кеңейе түсуде. Астық терминалдары салынып жатыр. Бұл біз үшін өте қолайлы болды. Өнім осында өндіріліп, өңделеді, қапталып-буылып, Қытайға кедергісіз өткізіліп отырады. Ал біздегі шикізатты сіздерге өңдеуге жіберудің тиімсіз тұстары бар. Өкінішке қарай, тауарды шекарадан өткізу –әжептәуір проблема. Шыны керек, біздің шекараға өту Қытайдікіне қарағанда жеңілірек. Зауыт Қостанайда орналасса, жоба қос тарап үшін де жемісін берер еді», – деді облыс әкімі.
Хэфэй мэрі бұл ұсыныс жеті рет өлшеніп, бір рет кесілгені жөн деп санайды. Жобаны жан-жақты сараптап-салмақтап, әр тетігі мен кетігін есептеуге уақыт сұрады делегация басшысы.
«Бұл, сөзсіз, жақсы ұсыныс. Бірақ біз әзірге саяси ньюанстарды әлі де жақсы біле қоймаймыз. Мұнда нақты қандай өнімдерді өндеп, Қытайға өткізе алатынымыз айқындау емес. Қыр-сырын, жай-жапсарын игеріп алуымыз керек. Содан кейін ғана бұл ұсынысқа нақтылы жауап беруге болады», – дейді Ло Юньфэн.
Өңір басшысы қажетті мәліметтің, деректер мен құжаттың бәрін бүгін-ақ қолма-қол дайындап беретінін жеткізді. Оның сендіруінше, бұл – іске асыруға болатын ең әлеуетті жоба. Қытайлық кәсіпкерлер зауыт салып, өндірісті өркендете беруге болады. Ол іске мемлекеттің де жәрдемі аз болмайды.
«Мемлекет тарапынан көрсетілетін көп қолдау-көмек бар. Үкімет жобаның 25%-ын субсидиялайды, яғни құрылғы-жабдықтар құнын кемітеді. Сондай-ақ құрылыс кезінде құрылғыларды әкелуге, жұмыс күшімен қамсыздандыруға үлкен жеңілдіктер қарастырылған. Бұған қоса, газ, су, электр, кәріз жүйесі, жол сияқты инфрақұрылыммен мемлекет тегін қамтамасыз етеді. Бұл – ірі жобалардың бәріне бірдей ұсынылатын елеулі қолғабыс, шығынды азайтуға жасалатын қомақты қолдау», – деді Құмар Ақсақалов.
Облыс әкімінің айтуынша, қазірдің өзінде бірнеше қытайлық компаниямен белсенді әріптестік орнаған. Солардың бірі – CITIC Construction. Бұл бидайды қайта өңдеу бағытындағы биотехнологиялық жобаға кіріскен. Қазір қаржыландыру мәселесі қаралу үстінде. Ол да Қытайда сұранысқа ие таза, табиғи өнімдер өндіріп, экспортқа шығады.
«Бізде астық көп. Оны мейлінше қайта өңдеу керек. Бір зауытты өзіміздің жергілікті кәсіпкер тұрғызады. Екіншісін CITIC компаниясының салғанын қалаймыз. Үшінші зауыт салсақ та артық емес. Қара металлургия саласының да келешегі зор. Бізде барланған темір кені орындары бар. Қоры – 500 млн тонна. Фабрикалар салып, өнім өңдеуді қолға алуға, оны да Қытай нарығына шығаруға болар еді», – деді облыс әкімі.
Ай бұрын Қостанайға қытайлық ең дәулетті акционер, «Эско групп» компаниясының басшысы келіп, алюминий өндірісі бағытында келісім жасасқан. Ол өңірдегі барлық кен ошағын аралап шығыпты. Осы жылдың соңына қарай лицензия алады деген жорамал бар. Одан ары кен өндіру, фабрика-зауыт салу жұмыстарына кірісуі мүмкін. Өңір басшысы бұл жөнінде де кең мағлұмат бере өтті. Ал бас мейман Құмар Ақсақаловтың барлық таныстырылымына тәнті болғанын, өңір басшысының әріптестікке деген ниеті көңілден шыққанын айтты.
«Бізде ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу саласы қарқынды дамып жатыр. Қаламызда өте танымал бренд саналатын тамақтану желісін басқаратын ірі компания бар. Ол елде мыңға жуық мейрамхана ұстайды. Сәйкесінше, компанияның ауыл шаруашылығы өнімдеріне сұранысы да жоғары. Қытайда көптеген қойма салып жатыр. Қытай-еуропа пойыздары арқылы осы салада әріптестікті дамыта аламыз. Сондықтан Қытайға барғасын сіздің ұсынысыңызды егжей-тегжейлі қараймыз. Кейін кәсіпорындарымызбен талқыға саламыз. Мүмкін келешекте бірлесіп Қостанайда ауыл шаруашылығы өндімдерін өңдейтін нысандар құрармыз», – деді Хэфэй мэрі.
Сондай-ақ ол қара металл, алюминий өңдеу саласы да қаперде ұсталатынын алға тартты. Өйткені көлік өндіру, тұрмыстық техника шығару бағыты мейлінше дамыған Хэфэйде осы ресурстарға деген сұраныс жоғары. Оған көз жеткізу үшін Хэфэйге сапарлап келуге тағы да ілтипатпен ұсыныс жасады Ло Юньфэн. Өңір басшысы да іскерлік қарым-қатынасты Қытай шекарасында талқылауға қарсы болмайтынын айтты.
«Біз өзіміздегі көлік-логистика кешенін 1,5 жылда салып бітіреміз. 2027 жылы алғашқы контейнерлер, бұйырса, Қостанай қаласынан тікелей Хэфэйге барады. Контейнерлер жүгі тез түсірілгеннен кейін басқа жолға қойылып, ауыл шаруашылығы және басқа сала тауарлары тиеліп, Қытайға, сіздер жаққа жөнелтіледі. Сондықтан бізді меморандумдар ғана емес, темір жолдар да байланыстырады. Барлық деректі бүгін-ақ қолдарыңызға ұстатамыз. Өздеріңізді қабылдау бізге зор құрмет болды. Сіздерге қонаққа барып, жаңа ғажайыптарға куә болып, оның бір бөлшегін өңірімізге алып келгенше асықпыз», – деп сөз түйіндеді Құмар Іргебайұлы.
Жиын соңында облыс әкімі мен бас мейман құрметпен қол алысып, естелік сыйлық алмасып, жаңа кездесуге дейін қош айтысты.
Суреттер облыс әкімінің баспасөз қызметінен
